ИСПАНОВА БІЗДІ ҚАШАНҒА ДЕЙІН ҚОРЛАЙДЫ?

Шымкент қаласы, Қаратау ауданына қарасты Бозарық-1 саяжай алабы тұрғындарының жанайқайға толы арызын біз осыдан біраз уақыт бұрын «Уақыттың» бетінде жариялаған едік. Арада біршама мерзім өтсе де не аудан, не қала әкімдігі арыздағы айтылған мәселелерге ешқандай назар аударылмай жатқанда, саяжай алабы тұрғындарының тағы бір арызы редакция поштасына келіп жетті.

—Біз Қаратау ауданына қарасты саяжай тұрғындары өзіміз зардабын тартып отырған төреайым Валентина Николаева Испанованың тарапынан орын алып отырған заңсыз әрекеттерге әбден тойдық. Тіптен ол кісі біздің адам ретіндегі азаматтық құқығымызды табанына таптағаннан бір ләззат алатын сияқты. Ол өзіне жақпаған, немесе қарсы әңгіме айтқан адамның соңына ата жауындай шам алып түседі. Негізсіз жағып отырған электр жарығын өшіріп, ақша талап етіп, қараңғылыққа қамап қояды. Саяжай аумағында 149 үй бар. Өзі қолдан жасап алған, заңға қайшы мына бір зорлық әрекетке ешкім ара тұра алмай келеді. Меншігіңде 10 соттық жерің болса оның әр соттығына 1700 теңгеден төлеп, ақшаны Испанованың қолына санап беруің керек. Олай етпеген жағдайда электр желісі міндетті түрде қиылады. Мұның үстіне насосқа деп 3 мың теңге, линияға 3 мың, кассада қосалқы ақша тұруы үшін тағы да 3 мың теңгеден жинап береміз. Жарықты қала тұрғындарына 14 теңгеден сатса, біздің төреайым оны саяжай тұрғындарына 20-22 теңгеден береді. Осы күнге дейін түрлі төлемдерге жиналған ақшаның есебін тұрғындарға Испанова бермейді, тексеру комиссиясының мүшелері одан асып кете алмайды. Өзінің жұмыстарының заңсыз екендігін айтар болсаң – оның ең үлкен қаруы сені жарықсыз қалдыру. Саяжайдың тұрғыны төреайым Испановаға қарсы сөз айтқаным үшін 1,5 жылдан бері электр жарығынсыз отырмын. Осы айдың 8-інде энергия саласынан келіп, ақшасы төленбегендіктен электр жарығын тоқтатып тастады. Біздің жинап берген ақшамыз төлемге берілмей Испанованың қалтасында кетіп, енді сол жауапсыздықтың зардабын көпшілік тартып отыр. Испанова өзінің кезекті тағы бір ойын көпшілікке салмақ етіп салып отыр. Жарықты жағу үшін мойнымызға тағы екі мың теңгеден салық салды.
Біз талай орындарға шағымдандық. Ешқандай мекеме дәл осы Испановаға келгенде айтар сөз, қолданар шара таппай қалады. Ал халық оның өзі жасап отырған кереғар әрекеттеріне әбден тойып болды. Осыған бір тоқтам жасауға мүмкіндігі бар аудандық әкімшілік тарапынан әлі де болса бір шара көріледі деген үмітімізді үзгіміз келмейді, – дейді бозарықтық саяжай тұрғыны Т.Тілепова.

Шындығында да осы саяжайға қатысты таусылмайтын айтыс-тартыс басталғалы талай жылдың жүзі болды. Іс сотқа дейін барды. Қырық кісі бір жақ болғанмен, бір Испановаға адамның да, заңның да шамасы келер емес. Ол тұрғындарға өз білгенінше зорлық-зомбылық жасап жатса да, тосқауыл болар тосын күш, әділ шешім әлі күнге дейін жүзеге асып, жөнсіздікке нақтылы баға беріле алмай отырғандығы қандай өкінішті. Мүмкін ендігі жерде Қаратау ауданының әкімдігі сағызша созылған төреайым Испанова мен тұрғындардың арасындағы жұртты әбден мезі еткен дауға бір нүкте қоятын шығар.
Қ.ҚАЛИЕВ.

ПІКІР ЖАЗУ