«БӘЙТЕРЕК ТҮБІНДЕГІ СЫРЛАСУ» кітабының тұсауы кесілді

346
0

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданындағы Бөржар елдімекенінде, Абай атындағы жалпы орта мектебінде аудан көлеміндегі жоғарғы сынып оқушылары арасында тіл мәдениетін ұштау, сөз құдіретін түсіну, әдебиетті шынайы сүю, шығармашылық жолға баулу, ақын-жазушыны құрметтеу, кітаптың игі ықпалын дұрыс бағалау мақсатында «Бәйтерек түбіндегі сырласу» атты кеш өткізілді.

Бұл кештің басты кейіпкері – Бөржар ауылының тумасы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Парламентінің бірінші шақырылымының депутаты болған, төл тарихымызда тұңғыш рет қазақ тілінде «Көші-қон туралы» Заң жазған, ақын-жазушы, сазгер, діл, жүрегі елім, қазағым деп соққан, биік ақыл-парасат иесі, биылғы айтулы мереке – ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Құрмет» орденімен марапатталған Әкім Ысқақ болды.
Ең әуелі Әкім ағаның шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетілді. Негізінде Ә.Ысқақтың шығармашылығы жан-жақты болып келеді. Афоризмдер, яғни қанатты сөздер жазу – Әкім аға шығармашылығының бір қыры болып саналады. Екінші – ақындық қасиеті, үшінші – сазгерлігі, бәрі де бір-бірімен үйлесім тауып, ағаны асқақтатып-ақ тұр. Аудан көлеміндегі мектеп оқушылары мен мұғалімдері, көркем сөз оқудың шеберлері – Гүлнар Сахова «Мен сені ұмытпаймын», Кәмила Төлеп «Қазақпын», Ерасыл Әбдібақи «Ана тілі», Жансая Әбдісамат «Ордабасы» және Бексұлтан Сұлтан «Күн ұлымын» атты ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды. Сазгердің «Соңғы вальс», «Көңіл қымбат», «Әдемі-ай», «Көк тудың желбірегені» және «Іздеймін сені» әндері халық ықыласына бөленіп, кең таралған. Кеш барысында Бексұлтан Жолдасбек «Бөржарым», Иманғали Сәкенұлы «Көк тудың желбірегені», Бейсенбай Сағатбекұлы «Жан әке», Асхат Сейітқасымов «Көңіл қымбат» және «Қыз ұзату» атты әндерін нәшіне келтіре орындады. Бибіжамал Серікбаева, Назима Тайбасар және Мұхтар Пірмаханбетов сияқты ізбасарлары ақын-сазгер ағаға арналған жүрекжарды арнауларын оқыды.
Әкім Ысқақ шығармашылығына байланысты эссе, арнау жазудан «Менің сүйікті жазушым» атты мұғалімдер мен оқушылар арасында аудандық сайыс ұйымдастырылған-ды. Бұл сайыста бірінші орынға мұғалімдер арасында Айжан Сапарымбет, оқушылар арасында Әйгерім Қозыбағарова ие болды.
Екінші орынды мұғалімдер Әлия Ортай мен Алтынай Тасболат, оқушылар Кәлима Төлеп пен Үміт Әріпхан алса, үшінші орынды мұғалімдер Зәбира Иса, Ұлжан Түймебай және Гүлнар Әлиайдарқызы, оқушылар Бексұлтан Сұлтан, Жұлдызай Көлбай және Әзімбек Қойлыбаев еншіледі. Оларға арнайы диплом және бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Зейнеткер ұстаз, ақынның әкесі Әбдіқайым Сұлтан, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Омарбеков, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Майқан Нақыпов және аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Құрманәлі Жылқыбай жаңадан жарық көрген «Бәйтерек түбіндегі сырласу» кітабының тұсаукесер рәсімінде лентаны қию құрметіне ие болды және олар өздерінің ізгі тілектерін білдірді. Осы кеште Әкім ағаның білім беру саласында көп жыл еселі еңбек етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізгені үшін «ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕГІ ҮШІН» орденімен марапатталғаны хабарланып, табыс етілді. Оған Республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының президенті А.Тажибаев қол қойған екен.
Қазақтың айтулы ақындары, аса қадірлі ағаларымыз Әкім Ысқақ пен Мұрат Бекейдің «Бәйтерек түбіндегі сырласу» (құрастырушы, әрі редакторы Құралбек Жолдасұлы) атты кітабы осылайша оқырмандарына жолдама алды. Ілгеріде Мұхтар Шаханов пен Төлеген Айбергенов ағалардың достығы болған. Бүгінде сондай леппен жалғасқан Әкім мен Мұрат ағалардың достығына куә болып отырмыз. Адал да кіршіксіз достыққа іштей сүйсінгенімізді жасырмаймыз. Бұл достық кейінгі жас өскін жаңа ұрпаққа ғана емес, өзімізге де өнеге.

Күнби ҮЙСІН-ДУЛАТ
ӘЛ-ҚАЗЫҒҰРДИ.