49 мыңнан аса адам тұрақты жұмысқа орналасты

262
0

2016 жылы Oңтүстік Қазақстан облысында өнеркәсіп саласында 777 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл республикадағы ең жоғарғы 3-көрсеткіш. Өңірдің жалпы әлеуметтік экономикалық дамуы аясында атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

– Былтыр Оңтүстікте индустриаландыру бағдарламасы бойынша 9,3 млрд. теңгені құрайтын 19 жобаны іске қосылды. Нәтижесінде 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы аталған мемлекеттік бағдарлама басталғалы облысымызда 230 млрд-тан астам теңге жұмсалған 159 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде 13 500 жұмыс орны пайда болып, аталған кәсіпорындар 270 млрд-тан астам теңгенің өнімін шығарды, – деді Ербол Әбілхайырұлы.
Өңірде жұмыс істеп тұрған 173800 шағын және орта кәсіпкерлік бар. Олар 325 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Осынша жұмыс күшімен өткен жылдың 9 айындағы өндірілген өнім көлемі 627,6 млрд. теңгені құрады. Ал, ауыл шаруашылығындағы табыс 445 млрд. теңгеге жетті.

2016 жылы негізгі қорға 380 миллиард 600 миллион теңге инвестиция бағытталды. Инвестициялық салымдардың 245 млрд теңгесі шағын кәсіпорындардың үлесінде.
Оңтүстікте құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Былтыр 529,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 19%-ға артық. Тұрғындарды жаңа қоныспен қамту бойынша облыс елімізде Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысынан кейінгі 4-орынды иемденді.

Облыс бюджетінің көлемі 575,8 млрд. теңгені құрады.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 16 млрд 900 млн теңге игеріліп, нәтижесінде 72 мың 200 адам қамтылды. Ал, 2015 жылы 5 млрд 4 млн теңге игерілген болатын.
Былтыр 2088 азаматқа 5 млрд 7 млн теңге шағын несие берілді. 2102 адам кәсіби оқуға жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 4972 адам жолданып, оның 94,4%-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Жастар практикасымен барған 5135 адамның 75,8% тұрақты жұмыспен қамтылды.
2016 жылы 49 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты.

«Балапан» бағдарламасы бойынша 8-і мемлекеттік, 118-і жекеменшік балабақша ашылып, бір мемлекеттік шағын орталық іске қосылды. Нәтижесінде, бір жылда 12730 бала балабақашамен қамтылып, мектепке дейінгі ұйымдардың жалпы саны 1651-ге жетті.