ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІ БАРЫНША КҮШЕЙТУ КЕРЕК

319
0

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен кезекті селекторлық жиында өңірдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау, мемлекеттік ұйымдарында еңбек заңнамасын сақтау және жалақы қарыздарын болдырмау, ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесіне дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева облыста мүгедектердің қатары көбейгенін жеткізді. Мұның себебін баяндамашы облыста жаппай жүргізіліп жатқан скрингтік тексерулермен байланыстырады. Анықталғандардың басым бөлігі туабітті мүгедектік, жүре байқалатын дерт екен. Сондықтан денсаулық сақтау органдары мүгедектіктің алдын алу мақсатында скринингтік шараларды күшейтуі керек. Саламатты өмір сүру салтын қалыптастыру үшін халық арасында түсіндіру жұмыстарын, спортпен шұғылдануды, тұрғын үйлердің алдында спорт алаңшаларын дамытуды насихаттап, бірлесе жұмыс атқару маңызды.

Облыста өздігімен жүріп-тұра алмайтын мүгедектер мен мүгедек балалар үшін 13 инва, 33 әлеуметтік такси қызмет көрсетеді. Алайда, инватакси Шымкент, Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Төлеби аудандары ғана бар. Биылға Отырар, Түлкібас аудандарында қаржы қаралыпты. Қалған қала-аудандарда бұл жұмыс қолға алынбаған.

Мүгедектерді баспанамен қамтудың басты мәселе екенін атап айтқан облыс басшысы инклюзивті білім беруді күшейтуді міндеттеді. Атқарылған жұмыстарды тағы да жетілдіру үшін бірқатар тапсырмалар жүктеп, оны облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековке қатаң қадағалауды тапсырды.

Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Бастар Есқараевтың айтуынша былтыр басқарма 278 мекемеге тексеру жұмыстарын жүргізіпті. Қорытындысында 477 заң бұзушылық анықталған. Жұмыс берушілерге тиісті нұсқамалар беріліп, еңбек заңнамасының бұзғандарға 5 миллионнан астам әкімшілік айыппұл салынған.

Басқарманың міндеті заңбұзушылықтарды анықтау ғана емес, түзеуге көмектесу екенін еске салған Жансейіт Қансейітұлы бұл мәселені реттеуді облыс әкімінің орынбасары Ербол Садырға жүктеді.
Ал, Кәсіпкерлік, индустиялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаев ЭКПО – 2017 халықаралық көрмесі кезінде өңірімізге келетін қонақтар үшін 6 бағытта дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. Оның айтуынша, облыста көрме билеттері «Қазпошта» бөлімшелерінде өткен жылдың қарашасынан бері сатылып келсе, наурыз айынан бастап «Мега-планет» пен «Шымкент-плаза» сауда орталықтарынан алуға болады. Бүгінде ұлттық компания билеттерді көптеп сатып алғандарға 10, 25, 50 пайыздық жеңілдіктер акциясын ұсынуда. Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып 90 мың билет сатып алуды көздеген туристік компаниялар бар екен. Бірақ, оларға билеттер құнын өсіруге қатаң тыйым салынады. Яғни, ең төменгі билет 4000 мың теңге тұрса, оны жеңілдікпен сатып алған компания сол бағадан артыққа пұлдай алмайды. Енді облысқа ЭКСПО-ның қанша қонағы келетіні нақтыланып жатыр. Тиісті салалардағы атқарылып жатқан жұмыстарды тыңдаған облыс әкімі тиісті сала жетекшілеріне міндеттеріне алған істі сапалы да, тиянақты етіп орындауды тапсырды.