Арыз неге мұқият тексерілмей, бұрмалауларға жол беріле береді

Мен 2014 жылдан бергі екі жылдан астам мерзім ішінде анам Иноят Тажибаеваға қатысты барлық деңгейдегі құқық қорғау органдарына арызданып, одан ешқандай нәтиже шықпай, сыбайластық пен бұрмалаушылыққа көрінеу көзге жол беріліп, әділеттілікке қолым жетпегендіктен ең соңғы үмітімді Қазақстан Республикасының заңын қадағалайтын органның басшысы ретінде Бас прокурордың назарына арнайы ұсынып отырмын. Екі ауыз сөзбен ғана болған жайдың жалпы мағлұматын айтып өтсем, менің жаныма тыным бермеген жауапсыз әрекет былайша өрбіген.

Анам И.Тажибаева Мақтарал ауданындағы «Күлпаршын» ЖШС шипажайында демалып жатқан кезінде, яғни 2014 жылы қараша айының 24-нен 25-не қараған түні, сағат 2-лер шамасында қан қысымының қалыпсыздығынан құлап, инсульт алған. Алғашқы медициналық көмекті түнгі сағат төрттер шамасында мейірбике М.Оңалбекова көрсеткен. Терапевт дәрігер М.Хамзаева науқас жайлы мағлұматты ертеңгі сағат сегізде мейірбикенің мәлімдемесі арқылы естіп, тез арада жедел жәрдем шақырудың орнына, ауруды түскі сағат 13:00-ге дейін шипажайда ұстаған. Республикалық сот-дәрігерлік сараптамасының 11.12.2015 жылғы №268-ші қорытындысы бойынша мүлдем жалған мәлімет беріліп, Мақтарал аудандық ауруханасына сағат түнгі төртте жатқызылды деп көрсетілген. Науқас алғаш құлағаннан кейін ауруханаға тоғыз сағаттан кейін жеткізілгендігі жөніндегі мәлімет осылайша жалған ақпаратпен тұжырымдалған. ҚР ҚК-нің 117, 317, 320 баптарында көзделген қылмыстық құрам болмағандықтан тергеушілер қозғалған №155144031000193 санды сотқа дейінгі қылмыстық істі тоқтатып тастаған. Мен бұл қаулымен күні бүгінге дейін келіскен жоқпын және келіспеймін де.
ОҚО прокуроры И.Имановтың атына 16.01.2017 жылы берген кезекті арызыма облыс прокурорының міндетін атқарушы Ә.Қожақметов берген ресми жауап та мені қанағаттандырып отырған жоқ. Онда бұрынғы тергеудің неліктен тоқтатылғандығы, өз ісіне салғырт қараған медицина қызметкерлерінің жауапсыздығына ешқандай тиянақты баға берілмегендігі туралы қанағаттанарлық жауаптың жоқтығы мені қатты қынжылтты. Неліктен тез арада жедел кардио тобын шақырмаған мамандардың әрекетіне осы уақытқа дейін тиянақты жауап берілмей келеді? Шипажай меңгерушісі С.Сатиеваның ауызша берген жауабы негізге алынып, менің анам И.Тажибаеваны майлы тамақ жеп, соның салдарынан қан қысымы көтерілген деген мәлімет тергеу барысында негізгі нысанаға алынған. Анамның қасында болған, тілінде мүкісі бар азаматша Ә.Серикованы мылқау деп тергеуге шақырмай отырғандығы турасындағы менің талаптарым ешқандай назарға алынбады. Жауап алу үшін тергеуде маман аудармашы қатыстырылмады. Дәл ауыратын күні анамның көрші бөлмедегі екі әйелмен шәй ғана ішкендігін дәлелдей алатын әлгі әйелдер тергеу барысында іздестірілмеген. Өз міндеттеріне селқос қараған дәрігер М.Хамзаеваға сөгіс, мейірбике М.Оңалбековаға ЖШС директорының бұйрығымен ескерту секілді жеңіл-желпі тәртіптік шарасы қолданылған. Облыстық прокуратураның маған берген, мен қанағаттанбайтын жауабында арызымдағы жазған уәждеріме байланысты Мақтарал аудандық ішкі істер бөлімімен Астана қаласына қосымша комиссиялық сот дәрігерлік сараптамасы тағайындалғандығы хабарланған. Осы сараптаманың өндірісі бітпегенше тергеу ісі ОҚО ІІД-нің тергеу басқармасына тапсырылмайтындығы да айтылған.
Екі жылдан астам уақыттан бері жауапсыз әрекет төңірегіндегі іс осылайша сөзбұйдаға салынумен келеді. Егер бұл тексеруге Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тарапынан қатаң қадағалау, мұқият зерттеу болмайтын болса, іс сол баяғы қалпында қалатындығына менің көзім жетіп отыр. Сондықтан Бас прокурордың тікелей пәрменімен болған жағдайдың барлық қыры мен сыры терең зерттеліп, зерделенеді және жауапты азаматтар өздеріне лайық жазасын алады деген сенімімді әлі де жоғалтқым келмейді. Мен елімізде заңның әділет құратындығына осы елдің азаматы ретінде сенемін Бас прокурор мырза!

Ыхтиор ТАЖИБАЕВ,
Қазығұрт ауданы,
Оңтүстік Қазақстан облысы.

(«Уақыт» газеті №4 (223).

ПІКІР ЖАЗУ