ТҮЙМЕБАЕВТЫҢ ЕСЕБІ ОҢ БАҒАЛАНДЫ

159
0


Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 2016 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында берген есебінде ұлттық идеология төңірегінде ой бөлісіп, тәлім-тәрбиені отбасынан бастау қажеттігін жеткізді.

«Идеология – әрқайсысыңыздың жүрегіңізде, әрқайсысыңыздың көңіліңізде және әрқайсысыңыздың үйіңізде, отбасыңызда. Идеология – ол қазақтың тәрбиесінде. Ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізде. Кез келген идеология, партияның ұрандары соған тіреледі. Сондықтан да, осы залда облысымыздың 2 мыңнан аса тұрғындары — зиялылары, атқамінерлері, білімділері, ғұламалары отыр. Мына экран арқылы 14 аудан, қаланың мықтылары отыр. Мінекей, осы сөз бәрімізге қатысты. Бәріміз де бірге жұмыс істейік. Идеология – тағы айтамын, әркімнің өз үйінен, отбасынан басталады», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Есепті кездесуде осы сынды бірқатар, әлеуметтік, коммуналдық, ауыл шаруашылығы, мәдениет, кәсіпкерлік, туризм салаларына қатысты 80-ге жуық сұрақтар мен ұсыныс, тілектер жолданып, аймақ басшысынан тиісті жауабын алды. Сауалдар тікелей, хат арқылы және аудандармен интерактивті онлайн режимде қойылып, жолданды. Ал арнайы қатарға жайғасқан облыстық басқарма басшылары тұрғындардан келген сұрақтарды жазып алып отырды.

Сондай сауалдардың бірі бүгінде Түркия Республикасында білім алып жүрген студент Бағлан Ермахановтан онлайн сұрақ ретінде қойылды. Болашақ маман Түркістан қаласының туризмін дамытып, қызмет көрсету сапасын жоғарылатқысы келетіндігі жөнінде ойын білдіріп, бұл ретте, әкімдік тарапынан қандай көмектің боларын білгісі келді. Облыс әкімдігінің саланы жетілдіруде алға қойып отырған жоспарлары көп екенін жеткізген аймақ басшысы студентті алдағы уақытта ортақ мақсатты іске асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

fb_img_1487357165191

Айта кету керек, өңір басшысының есебін тыңдауға келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жылдық есепті оң бағалап, аймақ басшысының жұмысына сәттілік тіледі. Өз сөзінде вице-премьер облыс әкіміне Сырдария өзенінің бойындағы бос жерлерді пайдалану ісін қолға алып, индустриалды аймақтардың жұмысын жүйелеу туралы ұсыныс, тілегін жеткізді.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаевтың жарыссөздегі ойы да осыған саяды. Оңды істердің бастауы болып келе жатқан Оңтүстіктегі ілкімді істерге куә болып жүрген халық қалаулысы өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, білім саласына одан әрі көңіл бөлу сынды ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, жарыссөзде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, мемлекет және қоғам қайраткері Розақұл Халмұрадов, облыстық мәслихаттың депутаты, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Оңалбай Аяшев, Төлеби ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаевтар пікір білдіріп, аймақ басшысының жұмысын оң бағалады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.