Бес басымдық – біздің баянды болашағымыз

176
0

Адамзат жаратылғаннан бергі тарих талай-талай тұғырлы да тұщымды оқиғаларды өз шежіресіне жазып қалдырып келеді. Азапты ғұмырдың төзбес кезеңдерінен жол тапқан ұрпақ азаптың астарынан бәрібір азаттық іздеу үмітінен бір танған емес. Осыдан тура отыз жыл бұрын бодандықтың бұғауын үзуге деген үмітті ұран еткен қазақтың тұлымды ұлдары мен бұрымды қыздары желтоқсан ызғарынан сескенбей, азат өмір мен дербестік туын алаңға алып шығып, дүниені дүр еткізген сілікіністерін сеспен білдіріп, егемендік жолындағы ұлы күрестің қарлығаштары болды. Ол-тәуелсіздіктің арайлы таңының шапағы болып, әлемге нұрын шашты.

Өткен жылы тәуелсіздік таңының атқанының ширек ғасырлық мерекесін бүткіл қазақстандықтар шат-шадыман мереке ретінде атап өтті. Тәуелсіздік бізге көп жақсылық алып келді. Құлдық психология мен шовинизмнің шырматылған шырмауын үзіп, бабаларымыз аңсаған, сол жолда қанын төгіп, жанын құрбан еткен асқақ арман қиялдан шындыққа айналды. Қазақ деген халықтың өткен тарихында ұялатын ешқандай бөгде іс жоқ, керісінше, ұлағат тұтар істеріміз жетіп артылады. Екі мүшел енді толған тәуелсіздік жылдарында бізді төрткүл дүние танып қана қоймай, мойындады. Қазақстан сындарлы, қатерге толы аз мерзім ішінде азаттығын айғақтап, әлемнің картасынан жаңа мемлекет ретінде ойып тұрып орын алды, кемеліне келген, күш-қуаты толысқан дербес, сақа елге айналды.Ұлы мемлекет қалыптасты.

Тарих қойнауына естелік болып енген артта қалған 25 жылда біздің жас Отанымыз екі бірдей ұлы жаңғыруды өз басынан өткерді. Оның қуантар сәттері де, қиындыққа толы кездері де болғандығын бүгін жасырудың, бүркемелеудің қажеті жоқ. Соның бәріне төздік, тығырықтан шығудың жолдарын іздедік, оны таптық та. Қазақстанның бірінші жаңғыруы бүгінгі кемел жасқа келген ұрпақтың күні бүгінгідей есінде. Шынжыры торлаған алып империя саналған КСРО-ның қирандыға айналған қоқысының арасынан бас көтеріп, барар бағытымызды, аттар қадамымызды айқындау бізге үлкен сын болды. Біз кеңестік жүйе қалыптастырған жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшуді жүйелі, сәтімен және дер кезінде жүзеге асыру арқылы көп нәрседен ұттық, жаңа мемлекетті қалыптастырдық. Өзіміздің жолымызды дұрыс таңдау арқылы күйреу мен күйретілуге жол бермедік, экономикалық күйзеліске ұшырамадық. Аздаған шығын шығара отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткіздік.

Бірінші жаңғыру міндеттеріне қол жеткізе отырып, алдымызға екінші жаңғырудың жасампаз мақсаттарын мұрат етіп қойдық. Оның басты бағыты мен бағдары баянды болған – «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен тікелей астасып жатты. Көзжұмбайлықпен емес, кемел болашаққа деген сеніммен Арқаның төрінен жаңа астана-Астана қаласы бой көтерді. Оның орынды жоба болғанына бүгінде ешкім дау тудырмайды. Осы жаңғыру аясындағы тірлігіміз баянды болды. Қазақстан экономикалық тығырықтардан шығып, артта қалған аймақтағы елдердің қатарынан көш бойы ілгерілеп, ғаламдағы экономикалық құзыретті заманауи бәсекеге толық қабілеті мен қарымы жететін 50 мемлекеттің қатарына енді. Барға қанағат ете отырып, Қазақстан енді өткен күндер тәжірибесіне, ішкі мүмкіндіктеріне сүйеніп, ертеңгі атқаруға тиісті жаңа міндеттерін саралай отырып, жаңғырудың үшінші кезеңіне қадам басты.

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған жазбаша мазмұндағы Жолдауы жаңғырудың жаңа заманға лайық міндеттерін саралап беріп отыр.
Үшінші жаңғырудың тұғырлы бағытын алға тартқан кезекті Жолдау Ұлт жоспары — «100 нақты қадам» аясында, соның негізгі міндеттерін басшылыққа ала отырып, қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары ғана емес, еліміздің таяу келешекке мазмұндалған – «Қазақстан-2050» стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруды жүйелейтін ең сенімді жол болмақ. Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті өзінің ішкі, сыртқы саяси, әлеуметтік-экономикалық іргелі жоспарларының басты ұстанымы етіп белгілеген үшінші жаңғыруды мұрат тұтқан Президент Жолдауы негізгі бес басымдыққа ерекше ден қойып отыр. Бұл басымдықтар еліміздің экономикасының өсімін әлемдік деңгейдегіден жоғары қарқында болуды қамтамасыз етіп, сол арқылы ең озық 30 елдің қатарында болудың ізгі мақсатын көздейді. Әрине, бұл іс жүзінде орындалуы аса күрделі, бірақ елдің дамуы мен өркендеуі үшін қажет, әрі абыройлы міндет.

Әлем дағдарыстың ауыр сәттерін басынан өткеруде. Елбасының Жолдауы барша қазақстандықтарды алға батыл қадам жасауға бағытталатын, батылдандыратын, сенімдерін арттыратын саяси құжат. Елбасы межелеп берген бес негізгі басымдықтың аясында айқындалған тармақшалар қыруар жаңа міндеттерді алға қойып отыр. Онда тіптен қарапайым саналатын мәселелердің өзі назардан тыс қалмаған.

Бірінші басымдық –экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Цифрлық технологияны қолдану арқылы жаңа индустрияны өркендету, заңнамаларды жаңа жағдайға бейімдеу, коммуникацияны дамыту, базалық салаларға серпін беру, экспорт саясаты, инвестиция тартуды арттыру, аграрлық сектор, отандық өнім мөлшері мен сапасын арттыру, шикізаттан өңделген өнімге көшу секілді міндеттер осы бағымдықтың негізгі ұстанымдары.

Екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жаңғырту және кеңейту мақсатын көздеген болса, онда шағын және орта бизнестің көлемін таяудағы отыз жылда 50 пайызға жеткізу, жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, мемлекет- жекеменшік серіктестігін дамыту, шағын несие беру ісін жетілдіру мәселелеріне басымдық берілген.

Үшінші басымдық -макроэкономикалық тұрақтылыққа негізделіп, елдегі қаржы секторын қайта жаңғырту, қор нарығын дамыту, экономикадағы қаражат жетіспеушілігі мен несие түйткілдерін шешу, салық саясатын жетілдіруге байланысты күрделі мәселелерді шешудің шынайы жолдарын саралайды.
Білім беруді экономикалық өсудің жаңа үлгісінің орталық буынына айналдыру, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру, қала мен ауыл арасындағы білім беру деңгейін қалыптастыру, кезеңмен үш тілде оқытуға көшу, «Баршаға ортақ тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске қосуды, педагогикалық білікті, кадр саясаты секілді іргелі бағдарламалар адами капитал сапасын жақсартуды көздеген-төртінші басымдықтың негізгі критерийлеріне арналған. Елімізде адам өмірін, оның құқығын қорғауды Жолдау мәтінінде ерекше назарға алу қуанарлық, әрі құптарлық жағдай. Жолдаудағы бүгіннің ғана емес, келешектің басты міндеттерінің бірегей мәселесі екендігін ескере отырып, оның білімге тікелей қатыстылығын да түсіне білген азаматтың жанына шуақ ұялатады.
Институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты мәселелерді қамтитын Президент Жолдауының бесінші басымдығының да иығына артылар салмақ жүгі аз емес. Мұнда, әсіресе жекеменшікті қорғау, заң алдында баршаның теңдігін қамтамасыз ету, әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру, сот жүйесіне сенімді арттыру, терроризмге қарсы күрес, діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, осы салалар бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірлеу, басты назарды сыбайлас жемқорлықпен күресуге арнау жою жолдары, ондағы қоғамның белсенділігі, сатып алу салаларын жетілдіруге ерекше назар аудару турасындағы тапсырмалар екшелген.

Жолдау алуан салалы, әрі күрделі, келешекке негіз болар қыруар міндеттерді негізгі нысан етіп белгілеп берді. Олардың әрқайсысының орындалу жолдары, атқарылу бағдарламалары бар. Жүзеге асыру – бірдің емес, мыңның, баршаның ортақ міндеті. Жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің келешекке арналған жоспарын белгілеген Жолдау әрбір қазақстандыққа, жүрегінде патриоттық сезімі бар, елі үшін жаны ашитын ел азаматтарына «Мәңгілік ел» ұлттық идеясына қол жеткізу жолындағы қажырлы еңбекте серпінді қадам жасауға, экономикалық және әлеуметтік өсудің жаңа жолдары мен жүйелерін қалыптастыруға, әлемдік бәсекелестіктегі қабілет-қарымымызды арттырып қана қоймай, оны қарышты қадаммен барынша нығайтуға, сөйтіп 2030 жылы әлемнің ең дамыған, әлеуеті артқан, алдыңғы лектегі 30 елінің санатында болуға зор ықпал етеді, болашағымыздың кенересін кеңейтіп, кемелдендіреді деген сенімімізге селкеу түсірмейтін көшбасшы құжат болады деп көңілге берік мақсат ұялатуға әбден болады. Оны елдің әр азаматы алдындағы үлкен ұстын, берік тұғыр деп қабылдауы тиіс. Біз баршамыз жаһандану үрдісінен қалыспай, бүгінгі күннің игіліктерін өн бойымызға үйлестіріп, берік қалыптастырып, жауапкершілік жүгін терең сезініп, Ұлы міндеттерді түбегейлі жүзеге асыруға күш-жігерімізді тоғыстырып, уақыт сынынан сыр бермей, жаңарудың үшінші кезеңінің мерейлі мақсаттарын абыроймен орындауда мызғымас бірліктің өнегесін көрсетуге тиістіміз деп ойлаймын.

Қазір бүкіл елімізде Жолдаумен қатар Елбасының Ата Заңымыздың билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесіне қатысты заманауи өзгерістер енгізуді көздеген мәселелерге байланысты Үндеуі де қызу талқыланып, Президенттің кейбір міндеттері мен өкілеттігін қысқартып, Парламент пен Үкіметтің міндет ауқымын кеңейту арқылы елді басқарудың тың жолдарына қарай ойысуға бетбұрыс жасауының алғышарттары көпшілік тарапынан демократия қағидаларына сәйкестендірілген, құқықтық, зайырлы мемлекетке аса қажетті тарихи бетбұрыс саналуда.

Біздің Оңтүстік Қазақстан облысының депутаттық корпусы Жолдау мен Үндеуге байланысты оны талдау мен түсіндіруде ел арасында болып, насихат пен үгіт жұмыстарын жүргізуді қастерлі парыз санап, сол жолда жүйелі істер атқаруда.

Қайрат Балабиев,
Оңтүстік Қазақстан
облыстық маслихатының хатшысы