АЛДАҒЫ 5 ЖЫЛДА ОҢТҮСТІКТЕ 205 МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

324
0

Сондай-ақ бейімделген ғимаратта орналасқан білім ұяларының саны қысқарып, үш ауысымда білім беретін мектептердің қатары азайатын болады.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысында бір жылда 70 мыңнан астам сәби дүниеге келеді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Осы көрсеткішке қарап, соңғы жылдары өңіріміздегі халық өсімі жыл санап артып отырғанын байқау қиын емес. Яғни, Оңтүстік Қазақстан облысы демографиялық даму жағынан республикада алдыңғы қатарда. Нәтижесінде жыл сайын мектептердегі оқушылар саны шамамен 30 мыңға артып отыр.

Облысымыздағы 1021 мектептің 256-сы бейімделген ғимаратта орналасса, оның 82-сі саманнан салынған. 31 елдімекенде мектеп жоқ. Ал, 29 мектеп үш ауысымға өтудің алдында тұр. Осы күрмеулі мәселелерді шешу мақсатында алдағы 5 жылда облыста 205 мектеп салынатын болады.

Бұдан бөлек, «Балапан» бағдарламасы аясында 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту мәселесі мемлекеттік- жекеменшік әріптестік аясында шешімін табады. Осы бастаманың арқасында алдағы 3 жылда балаларды балабақшамен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.