«Халықты танытатын — мәдениеті мен өнері»

341
1

Күлия АЙДАРБЕКОВА, ОҚО Мәдениет басқармасының бастығы:

Кейде өзге аймақтарға шыға қалсақ, «Оңтүстіктің мәдениеті кенже қалған» дегендей пікір айтатындар табылады. Расында да солай ма, біздегі мәдениеттің деңгейі қандай дәрежеде, қандай жетістігіміз бар, қазақы қаймағы бұзылмаған өлкеде қолға алар қандай игілікті іс-шаралар күтіп тұр, осындай мәселелерді білмекке Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасына қарай атбасын бұрдық. Біздің келу мақсатымызды түсінген соң, басқарма бастығы Күлия Смайылханқызы Айдарбекова бар уақтысын жиып қойып, біздің қойған сауалдарымызға нақты жауап қайтаруға тырысты.

― Күлия Смайылханқызы, Оңтүстікті танытуға бір ғана Шәмші Қалдаяқовтың өзі қаншама тер төкті. Одан бері де талай таланттар танылды, аға буынның орнын жастар жалғастыруда. Сондықтан болар, Оңтүстікте өтіп жатқан мәдени іс-шаралар еліміз ғана емес, халықаралық деңгейге көтерілді. Мұндай дәрежеге жету де оңай емес, қуанышымен қоса, қиыншылықтары да кездескен болар?

― Уақыт өткен сайын облыстың экономикасы өрлеп, әлеуеті артып отырғанына куәміз. Халықтың тұрмыс деңгейі айтарлықтай көтерілді. Көпшіліктің де соған орай рухани көзқарасы, мәдениеті, өнерді бағалай білетін қасиеті артқанын байқаймыз. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысындығы жетістіктер өзге аймақтарға үлгі боларлықтай. Егер мәдениетіміз жоғары болмаса, өнеріміз өрге жүзбесе, онда бізді кім таниды? Соңғы 2-3 жыл көлемінде облыс әкімдігі тарапынан мәдениет саласын дамытуға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Мәдениет және өнер мекемелерінің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға қомақты қаражат бөлінді. Осындай қамқорлық аясында халықаралық «Қазақ романсиадасы», республикалық «Арай» жас эстрада әншілерінің байқауы, «Наурыз» республикалық ақындар айтысы, «Театр көктемі – 2011» аймақтық театрлардың фестивалі, «Ғасырлар үні» республикалық фольклорлық ансамблдер байқауы, «Ән салдырған ауылым» өнер фестивалі, «Отаным жүрегімде» атты бейнеклиптердің байқауы, «Тәуелсіздік-мерейім» өнер фестивалі, «Менің Қазақстаным» ән байқауы, «Арыс жағасында» ретро фестивалі, «Тәуелсіздік белестері» атты облыс мұражайларының жылжымалы көрмесі, т.б. көптеген іс-шаралардың өткізілуі Оңтүстік жұртшылығының мәдениетке, өнерге деген құштарлығының артуына сүбелі үлесін қосты деп есептеймін. Облыс бойынша 745 мәдениет пен өнер мекемелері бар. Оның 268-і клуб, 432-сі кітапхана, 8-і кәсіби театр, 13-і мұражай. Олардан бөлек, филармония, «Оңтүстік-цирк», мәдениет және халық шығармашылығы орталығы, 2 кинотеатр, 12 саябақ, 2 сурет галереясы, зообақ, ойын-сауық орталығы халыққа қызмет көрсетеді.
Өткен жылы Елбасымыздың қатысуымен Шымкент қаласында Тәуелсіздік саябағы ашылды, цирк ғимараты пайдалануға берілді. Әзіл-сықақ және сатира театры өз алдарына дербес ғимаратқа ие болса, қуыршақ театры мен «Оңтүстік фильм» мекемелерінің ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Мәдениет және өнер мекемелерінің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға, жаңа аспаптар мен құрал-жабдықтар алуға қол жеткіздік.

― Әйтсе де, қолбайлау болар тұстар, шешімін күтер өзекті мәселелер бар болар. Егер болса, оларды шешу жолдары қалай жүзеге асуда?

― «Тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңының 39 бабында «Аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра обьектілерін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс» делінсе де, бұл заң талаптары тек Түркістан қаласынан басқа бірде-бір қала, аудандарда орындалмай отыр. Осы заңдылықтың сақталмауынан өткен жылы басқарманың келісімінсіз Отырар, Сайрам, Төле би аудандарында республикалық және жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқан жерлерде құрылыс жүргізіліп, егістік егілуі салдарынан бірқатар жәдігерлердің жойылып кету фактілері орын алды. Осы заңбұзушылық тұрғысында аудан әкімдеріне арнайы ескерту хаттары жіберіліп, құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Сонымен қатар, ауыл халқының мәдени өмірін жақсарту, тұрғындардың шығармашылық қабілетін арттыру, оларға қолдау көрсетуде мәдени ошақтардың жағдайы, жұмыс деңгейінің талапқа сай болмауы себепті жастардың бос уақыттары тиімсіз өтіп жатқаны жасырын емес. Ауыл кітапханаларын қажетті кітап қорымен қамтамасыз ету, заман талабына сай бірегей ақпараттық жүйеге біріктіру, интернет желісіне қосу, компьютерлік техникамен жарақтандыру – мұның бәрі әзірге ауылды жерлерге жете қойған жоқ, бірақ жоспарда бар.

― Басқарма тізгінін өзіңіз қолға алған соң өлкемізге қатысты көптомдық кітаптар шығаруға ұйытқы болған екенсіз...

― Иә, облысымыздың тарихи, рухани мұраларына арналған «Қазыналы Оңтүстік» көптомдық кітаптардың 65 томын, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Елбасы Оңтүстік Қазақстанда», «ОҚО тарихи-мәдени ескерткіштері», «ОҚО табиғаты», «А.Иассауи кесенесі», «ОҚО экономикасы», «Оңтүстік Қазақстанның жаңа келбеті» атты 6 томдық кітаптар мен 6 фотоальбом шығарылып, оқырмандар қолына тапсырылды. Биылғы жылы 1920-1926 жылдары жарық көрген «Ақ жол» газетінің араб әліпбиінен кириллицаға аударылған «Ақ жол» кітабының 2 томдығының тұсаукесері өтті. Мұның барлығы келешек ұрпаққа аманат болып қалар құнды дүниелер екендігі анық.

― Күлия Смайылханқызы, қарап тұрсақ Оңтүстікте ойын-сауықсыз өтіп жатқан күн кемде-кем. Осының барлығының басы-қасында өзіңіз жүрсіз. Бәріне қалай уақыт табасыз, таңымыз бар?

― Халыққа дәл қазір рухани азық ауадай қажет. Көпшілік бір сәт күйзелісті ұмытып, көңіл сергітетін мәдени іс-шараларға барғанын құп көремін. Биылғы қаңтар айында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Тұғыры биік нар тұлға» көрмесі арқылы дара туған тұлғаға құрмет көрсеттік. Ақпан айында ҚР еңбек сіңірген қызметкері, мәдениет қайраткері М.Жарқынбекұлын еске алуға арналған әдеби сазды кеш, қазақ вальсінің падишасы Ш.Қалдаяқты еске алуға арналған іс-шара, «Оңтүстік-жас таланттар ордасы» жастар фестивалі, «Арай-2012» жас әншілердің облыстық байқауы, «Ауғанстан-жүрегімнің жарасы» атты кездесу ұйымдастырылды. Мүмкіндігі шектеулі ақын Е.Омарбекованың «Шығармын жауқазындай тасты жарып» атты кешін өткіздік. Жас ақындардың «Аналарды ардақтайық» облыстық айтысы, республикалық «Наурыз» айтысы, «Халық әні – қазынам» халық және дәстүрлі әндер байқауы өткізілді. Ал сәуір айында ҚР мәдениет қайраткері Ғ. Жомартованың, қазақ театр өнерінің негізін қалаушы Ж. Шаниннің шығармашылық кештері, ОҚО 80 жылдығына арналған «Нұрын шашқан Оңтүстік» атты республикалық суретшілердің симпозимы жоғары деңгейде өтті.
Құдайға шүкір, Оңтүстік өнерден кенде емес. Тума таланттардың басым бөлігі біздің өлкеден шығып жатыр. Олардың ізін жалғастырушы өнерлі жастар да жетіліп келеді. Біздің мақсат — оларға қолдау көрсетіп, тиісті жерінде қолтықтарынан демеу. Шынымды айтсам, менде бос уақыт деген жоқ. Кей-кейде немерелерімді ойнатуға да уақыт таба бермеймін. Соған қарамастан, анаға, ағаға, бауырға деген асыл махаббатымды жеткізу үшін жақында «Аманат» деген кітабымды аяқтадым. Бұл еңбегімді осыдан бір жыл бұрын қайтыс болған анамның рухына бағыштадым.

― Жалпы, баспасөзді қалай бағалайсыз?

― «Баспасөз халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп, Ахмет Байтұрсынов айтқандай, олар елге қызмет етулері тиіс. Сын жазса — шын болсын, асыра мақтап, дәріптемесін де. Сонан кейін, журналистер қолдарына құдіретті қаламды қару етіп ұстаған соң, оның киесі барын ұмытпағандары жөн

― Сұхбатыңызға рахмет, еңбектеріңіз ел игілігіне бағыттала берсін!

Сұхбаттасқан Ердәулет Сұлтан.