«Мәселенің ақшамен ғана шешілмейтінін біраз азаматтар түсінді деп ойлаймын»

317
0

 

Бахадыр САЛИМОВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

«Біздің сұхбат» айдарының бүгінгі кейіпкері – Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Бахадыр Салимов. Ол 1971 жылы 15 наурызда Шымкент қаласының Тельман бөлімшесінде дүниеге келген. Білімі жоғары. Шымкент аграрлық-техникалық колледжін «Автомобиль қозғалтқышына техникалық қызмет көрсету» мамандығы бойынша, сондай-ақ Қазақ гуманитарлық заң университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын кәсіпкер ретінде бастап, Шымкент қаласының дамуына өз үлесін қосып келеді. 2011 жылдың қаңтар айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысының Ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының қатарында.

– Бахадыр Салимов деген есім осыдан бір-екі жыл бұрын жалпақ жұртқа бейтаныстау естілетін. Былтыр қаңтар айында ОҚО Ұйғыр этномәдени орталығына төраға болып сайланғаныңыздан хабардар едік. Араға жыл салып, енді халық қалаулысы атанып отырсыз. Өз сайлаушыларыңыз ғана емес, қалың көпшілік те Сізді етене тани түссе деген ниетіміз бар. Сондықтан әңгімемізді шегініс жасап, өзіңіз туып-өскен ортадан, бизнеске келуіңізден бастасақ.

– Әкеміз Сатыбалдыдан бес қыз, бір ұл тараймыз. Шымкенттің тумасымын. Қарапайым ғана шаңырақта тәрбиелендік. Әке-шешем – бейнеткеш адамдар. Еңбек жолын ә дегеннен-ақ кәсіпкер ретінде бастадым. Ата-анам да ұзақ жылдар сауда саласында еңбек еткендіктен, солардың тәжірибесіне арқа сүйедім. Жиырма екі жасымда кәсіпкерлікке бет бұрдым. Әрине, бастапқыда оңай болған жоқ. Табыс табуға емес, бизнесіміздің тұғырын берік етуге, елге танытуға, өзіндік брендімізді қалыптастыруға көбірек күш салдық. Халыққа мейлінше сапалы қызмет көрсетуге талпындық. Себебі, сапа болған жерде абырой да, бедел де өзі келетінін түсіндік. Бұл саланың қыр-сырын меңгерген соң, бір орында тұрып қалуға болмайтынын ұғынып, шама-шарқымызға қарай қанат жая бастадық бірте-бірте. Асып-тасып бара жатқан ештеңеміз жоқ, әйтеуір, тірліктің көзін тапқандықтан, тәуекелге бел байлап, қомақты несиелер алдық. Мейрамхана құрылыстарын жүргіздік. «Қалауын тапса, қар жанады» демей ме, бұл шаруамыз да дөңгеленіп жүре берді. Сөйтіп, мойнымыздағы несиеден де құтылдық. Және тапқан-таянғанымыздың басын құрап, жұмысымыздың ауқымын одан әрі кеңейте түстік. Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, әлбетте, мұның бәрі тек айтуға ғана оңай. Шын мәнінде, осы нысандарды аяққа тұрғызудың өзіндік қиыншылықтары жетіп-артылатын. Бұл орайда ең әуелі Елбасымыз бен Үкіметке шексіз рахмет айтқан болар едім. Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап-ақ әлі күнге дейін кәсіпкерлікті дамытуға ерекше қолдау көрсетуде. Осынау қолдау мен ықыластың нәтижесінде Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлік саласы бүгінде әжептәуір еңсе тіктеп қалды. Отандық нарықты игеруді былай қойғанда, алыс-жақын шет мемлекеттермен байланыс орнатып, тасын өрге домалатып жүрген кәсіпкерлердің көбейгені көңіл марқайтады.

– Барлық бизнеске тән ортақ формула бар ма? Әлде жетістікке жету әр кәсіпкердің өзіндік ұстанымдары мен қағидаларына байланысты ма?

– Менің пайымдауымша, кез келген бизнестің өзіне тән формуласы болады. Бірақ оны қай-қай кәсіпкер де құпия ұстағысы келеді. Бәлкім, ол заңдылық та шығар. Барлық бизнес белгілі бір идеядан туындайды. Соған сәйкес жоспар құрасыз. Ойланасыз, толғанасыз. Ақырында «жеті рет өлшеп, бір рет кесесіз». Ешбір кәсіпкер өзі білмейтін салаға бас сұқпайды. Бас сұққан күннің өзінде әбден зерттеп, зерделеп алатыны ақиқат. Жоғарыда айтып өткенімдей, бизнесті қолға алғанда, әке-шешемнің көп көмегі тиді. Жөн-жоба нұсқады, ақыл-кеңес берді.

– Сізге ақша қалай келеді? Қиыншылықпен бе, әлде оңай ма? Өзі саудада «қолы жүру» деген ұғым бар ғой.

– Жаның адал, жүрегің таза болса, біреуге жамандық жасамасаң, арамдық ойламасаң, «елде болса, ерінге тиеді» деген қағида ұстансаң, Жаратқан иеміз сізден ештеңе аямайды екен. Соған көзім жетті. Тәуба деп айтайын, осы уақытқа дейін біреумен айтысып-тартысу, іштарлық, қызғаныш жасау деген қасиеттерден бойымды аулақ ұстап келемін. «Құдай деген құр қалмайды» дейді ғой халық даналығы. Қай істі бастасам да, нені жоспарласам да, Алланы аузымнан тастамаймын.

– Былтыр жазда Шымкент қаласының Тельман бөлімшесінде еңселі мешіт салып, ел игілігіне бергеніңізді білеміз. Бұл да, сірә, Жаратқанды бір сәтке де жадыңыздан шығармайтыныңыздың айғағы болса керек.

– Ол мешіттің соғылу тарихы былай болды: 2008-2009 жылдары жұмыс бабымен Сарыағаш ауданына жиі сапар шегетінмін. Бірде сондағы Қабыланбек ауылы тұсында жол бойында көркі көз тартардай етіп тұрғызылған мешітке қарап, қатты тамсандым. «Алла бұйыртып, қомақты қаржы тапсам, осындай мешіт саламын» деп ниет қылатынмын. Бұл ниетімді әкеме де айттым. Тіпті, «Жүріңізші, сізге сәулеті келіскен мешітті көрсетейін» деп әкемді ертіп, көрсетіп те қайттым. Әйтеуір, мешіт салуға аңсарым ауды. Құдай ниетімді құп көрді ме, артынша қаржының басы құрала бастады да, бір мезетте 700 адам сиятын үлкен мешітті пайдалануға бердік. Бір байқағаным, «Көпке пайдам тисінші!» деп әрекет етсеңіз, әрдайым жолыңыз ашық болады екен. Қазіргі таңда маған тиесілі үш нысанда 200-ге тарта адам еңбек етеді. Әрқайсысы хал-қадерінше жұмыс істеп, нанын тауып жүр. Бәрінің де жағдайын түсінуге тырысамыз.

– Бизнесіңізді кеңейтуге қатысты қандай жоспарларыңыз бар?

– Күні бұрын жар салып, егжей-тегжейіне тоқталып, жарнамаламай-ақ қояйын, дегемен бір жылдың көлемінде өндіріс орнын ашсам деген ойда жүрмін. Қазір соған қатысты біраз адамдармен пікірлесіп, ақылдасып жатырмын. Жоспарлар құру үстіндемін. Жалпы, бизнесте «Бәрін өзім білемін», «Мен, мен» деп тоқмейілсу жүрмейді. Олай етсеңіз, тоқырай бересіз. Менің бірінші ақылшым – әкем. Ол кісінің өмірлік тәжірибесі мол. Қытайдан қоныс аударып, Шымкентке табан тірегеніне де бақандай 50 жыл болыпты. Бейнетті де бір кісідей көрді. Зауытта жұмыс істеді. Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін жиырма жылға жуық ОҚО Ұйғыр этномәдени орталығын басқарды. Көппен араласты-құраласты. Тәрбиелеп, өсірген барша перзентін тең көреді. Мысалы, мейрамхана-дәмханалар жалғыз менің бизнесім емес. Отбасымызға ортақ. Онда 5 қыздың да үлесі бар, сондықтан кез келген мәселені бірігіп отырып шешеміз.

– «Оң қолың берген садақаны сол қолың көрмесін» дейтін халықпыз. Мешіт салғаныңыз – өз алдына бір төбе, әйтсе де қандай қайырымды істерге ұйытқы болып жүрсіз? Демеушілік жасайсыз ба? Біз бұл сауалды тек көпке үлгі болсын деген ниетпен ғана қойып отырмыз.

– Қайырымдылық іс-шараларынан біз ешқашан шет қалған емеспіз. Мешіт соқпай тұрып-ақ әкем жыл сайын екі адамды мұсылманның бес парызының бірі – қажылыққа жіберіп тұратын. Медреселерге де қарасатынбыз. Шымкенттегі мүгедектер үйіне қаншама жылдан бері демеушілік көрсетіп келеміз. «Бес саусақ бірдей емес», әл-ауқаты нашар отбасыларға баспана жағынан жәрдеміміз тиген кездер болды. Бәрін тізбелеп қайтемін?! Амал-ниетімізді бір Құдай қабыл етсе, болды да. Бізге керегі – сол ғана.
Ал, мешітке келсек, осыдан елу жыл бұрын әкем Қытайдан осында қоныс аударғанда, қазақ халқы қолдан келген көмегін аямапты: үй берген, бір нанын бөлісіп жеген. «Дархан пейілді, қонақжай халықтың осынша жақсылығын сәл де болса қалай өтесем екен» деп жүретінін талай құлағымыз шалған-тын. «Сабақты ине сәтімен», сонау 1962 жылы өзі табан тіреген Тельман бөлімшесінде зәулім мешіт көтеріп, бір кездері өзін құшақ жая қарсы алған жамағатқа сый-құрмет көрсеткендей болды.
Жалпы, үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетуді ұмытқан емеспін. Биыл Жеңіс күнінің қарсаңында Шымкент қаласының Абай ауданы әкімдігімен тізе қоса отырып, әріптесім, «Зерде» ҒӨБ» ЖШС-нің бас директоры Мұхтар Битеміров екеуіміз соғыс және тыл ардагерлеріне мерекелік дастарқан жайып, сый-сияпат жасадық. Кей ардагерлердің шаңырақтарына арнайы барып көңіл-күйін сұрап, құттықтадық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, асыра мақтағаным емес, қалалық мәслихат депутаттары ішінде М.Құралұлының әрдайым демеушілік көрсетіп, қайырымды істерді жүзеге асыруды кәдімгідей жолға қойғанына тәнті болдым. Рас, онысын жан адамға білдіргісі келмейді. Мүмкін, бір қолы істеген жақсылықты екінші қолы көрмегенін қалағандығынан шығар. Бірақ халық – таразы ғой, көпшіліктің жүрегіне тура жолды тапса керек, М.Битеміров – соңғы 3 шақырылыман бері Шымкент қалалық мәслихатының депутаты. Лайым бізге де осындай азаматтардың жолын берсін деймін іштей. Олардан үйренетініміз өте көп.

– Біраз жылдан бері бизнестесіз. Ізіңізді басқан кәсіпкерлерге қаншалықты қамқорлық танытасыз?

– Істің көзін табу үшін, ақыл сұрап келген азаматтарға білгенімді неге айтпасқа?! Мүмкіндігім болып тұрса, жалындаған жігіттердің желкенін керіп, жәрдем бергенге не жетсін! Себебі, тек менің ғана емес, өзгелердің де күнкөрісі жақсы болуы керек. «Құдай маған ғана емес, оған да берсін!» деп тілеу керек. Әйтпесе мен алпауыт кәсіпкерлердің қатарына қосыла қойған жоқпын. Орта деңгейдемін. Соның өзінде қиыншылығы жеткілікті кәсіпкерлік саласында бағын сынауды жөн көрген азаматтарға бағыт-бағдар сілтеуде аянып қалған емеспін.

– Мәслихат сайлауына түсу туралы ой қалай туындады?

– Шынымды айтайын, сайлауға түсіп, қалалық мәслихат депутаты атанамын деу бұрындары үш ұйықтасам да, түсіме кірмепті. Ең алғашқыда тамызықты ауыл ақсақалдары мен көше билері тастады. Тельман бөлімшесіндегі өз тірлігін дөңгелетіп жүрген біраз жігіттердің басын қосып «Қай уақытқа дейін осылай жүре бермекшісіңдер? Туып-өскен жерлерің. Мына ауылымызға сендердің жандарың ашымаса, кімнің жаны ашиды?! Ақ батамызды берейік, қолдан келген жәрдемімізді көрсетейік» деп баршасы бірауыздан менің кандидатурама келіп тоқтады. «Халық осылай сенім білдіріп тұрса, қолдаса, неге саяси додаға түсіп, өкілді органда елдің сөзін сөйлемеске?!» деп, белді бекем будық. Басқаларын қайдам, №3 сайлау округіндегі дауыс беру процесі өте әділ әрі таза өтті. Қазір жұртшылықтың көзі ашық, саяси сауатты. Олар өздері таңдаған азамат ретінде сайлауда менің жеңіске жетуіме барынша атсалысты.

– Алайда сайлауда Сіздің жеңіске жететініңізге күмәнданғандар болғаны да жасырын емес.

– Мен сайлау науқаны тұсында өзге кандидаттардың ешқайсысына қысастық жасамайтынымды, аяқтан шалу үшін қилы қитұрқылықтарға бармайтынымды ашық айттым. «Қаңтардың 15-іне аман-есен жетсек, сол күнгі сайлау кімнің кім екенін көрсетіп, бәрін орын-орнына қойып береді. Себебі, менің артымда халық тұр» дедім. Бұлай демеуге амалым да қалмады. Өйткені халық маған қатты үміт артты. Кері шегінерге жол жоқ. Өзімді алдымда екі-ақ таңдау қалғандай сезіндім: я туып-өскен жерімнен көшіп кету, я сайлауда қайткенде де жеңу. Оның үстіне бұл сайлауда көп мәселенің ақшамен ғана шешілмейтінін, ең бастысы, электоратттың сенімі мен қолдауы керектігін біраз азаматтар түсінді ғой деп ойлаймын. Бір байқағаным, мысалы, бұрынғы сайлауларда бір шаңырақта дауыс беруге құқылы 5 адам болса, сол үйдің үлкені бәрінің куәлігін жинап алып, өзі бюллетень салып келетін көріністер ара-тұра қылаң беріп қалатын. Бұл жолы әр сайлаушыны жеке-жеке қабылдады. Тізімге ілінбегендердің үй кітапшасын сұрап жатты. Осыны көріп жүрегім жарылардай қуандым. Халықтың «Әй, қойшы, менің дауысым қайбір рөл ойнайды дейсің?! Кімнің ұтатынын әлдеқашан шешіп қойды ғой…» дейтін саяси салғырттықтан арылғанын өз көзіммен көрдім. Менің топшылауымша, енді 5 жылдан кейінгі сайлау бұдан да тартысты, ашық әрі әділ өтеді. Себебі, бұл жолы негізінен халықтың қалаулылары ғана жеңіске жетті.

– Депутаттық мандаттың жүгі қандай екен?

– Бұрындары тек өз кәсібіммен айналысатындықтан, емін-еркін жүріп-тұратынмын. Ұйқым да тыныштау еді. Енді осы күні мені ойландырып, толғандыратын мәселелер көбейді. «Сайлауалды бағдарламамды жүзеге асыру үшін не істеуім керек? Таяуда ғана мұңын шағып, алдыма келген адаммен қазір көшеде ұшырассам, оған не айтамын?..» деген сауалдар тыным таптырмайды. Әр аптаның жұма күнін сайлаушыларыммен кездесуге арнаймын.

– Тұрғындар қазір көбінесе қай мәселелерді көлденең тартады?

– Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде талай көкейкесті мәселелер өз шешімін табуда. Жергілікті билік бүгінгі таңда қарапайым жұртқа әлдеқайда жақындаған. Шаһарымыз күннен-күнге көркейіп жатыр. Әрине, бұл барлық шаруаны еңсеріп тастадық, төрт құбыламыз түгел деген сөз емес. Әлеуметтік проблемалар баршылық. Президентіміз Н.Назарбаев Шымкент республикадағы үшінші қала мәртебесіне лайық болу керектігін шегелеп тапсырды. Соған сәйкес бүгінде шаһар аумағы кеңейіп барады. Жыл санап жаңа шағынаудандар бой көтеруде. Енді сол шағынаудандарға дер кезінде тиісті инфрақұрылым жүйесін апару, бірінші кезекте қажеттілігі туындайтын балабақша, мектеп, емхана сынды әлеуметтік нысандардың құрылыстарын жүргізу – уақыт талабы. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін бюджет қоржынында қаражат жеткілікті деп ойлаймын. Халықтың осынау мұң-мұқтажына атқарушы органдардың назарын аудару, күрмеуі тоқсан түйіндердің тарқатылуына ықпал ету – біздің негізгі міндетіміз.
Тұрғындар жолдарды, әсіресе, ішкі орамдық жолдарды асфальттау мәселесін үнемі көтереді. Бұл – бір. Екіншіден, №3 сайлау округіне қарасты шағынаудандардың жастары спорт алаңдарын салып беруімізді өтініп, жиі келеді. Өйткені мұндағы жастар спортпен шұғылдану үшін қанша уақытын жоғалтып, қаланың орталығындағы спорт кешендеріне сабылып жүр. Сондықтан осы төңіректен спорт алаңын салып берсек деген әрекетте жүрміз. Үшіншіден, қоғамдық көліктердің қатынасына байланысты арыз-шағым көп түседі. Соңғы уақытта қала халқының саны күрт өсті. Соған орай автобустар мен шағын автобустарда көбейту және жаңа бағыттар ашу қажеттілігі туындауда. Осы мәселе бойынша да депутаттық сауал жолдадым тиісті мекемеге.

– Қалалық мәслихатта 29 депутат бар. Өзара қарым-қатынастарыңыз қандай? Бұрыннан келе жатқан депутаттар, «сарыауыз» жаңа депутаттар деген сияқты бөлінушілік жоқ па?

– Шымкент қалалық мәслихатының қазіргі құрамындағы депутаттардың ауызбіршілігі мықты. Бәрі белсенді. Спортқа да жақын екен шетінен. Екі депутаттың басы қосыла қалса, өз округтеріндегі түйткілдер жайлы сөз етеді. Жеке басынан гөрі әлеуметтің қамын күйттегеніне риза боласың. Тұрақты комиссиялардың отырыстары қызу пікірталаспен өтеді. Әркім өз пікір-көзқарасын бүкпесіз айтады.
Жалпы, депутат болып сайланғанымызға 4 айдан асты. Ешкім депутат болып туылмайды ғой. Қалыптасады, үйренеді, тәжірибе арттырады. Сол себепті мен «нағыз депутат» деген атқа лайық боп жүрген азаматтардан үйренуден, үлгі алудан қашпаймын. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демей ме?! Мысалы, жаңадан сайланған депутаттардың ішінде Талғат Әмірбековті ерекше сылаймын. Өте белсенді депутат. Мықты кәсіпкер. Бүгінде өзінің жеке жұмыстарын жинастырып қойып, тек халықтың проблемаларымен айналысып жүр. Электр жарығы, қоғамдық көлік қатынасы, заңсыз сауда қатарларын жою, т.б. мәселелердің барлығының басы-қасында. Және мұндағы мақсаты – жылт етіп көзге түсіп қалып, арзан абырой жинау немесе өз-өзіне пиар жасау емес, қалың бұқараға жан-тәнімен болысу, көпті толғандырған мәселелердің шешілуіне барынша септігін тигізу.
Әріптестерімнің арасында Нұрлан Бекназаров, Ғани Ахметбаев, Еркін Сатқанбаев, Бекайдар Төлегенов секілді азаматтарды жан-жақты сауатты, сөзі орнықты, біліп сөйлейтіндердің қатарына қосқан болар едім.

– Кәсіпкер һәм депутат ретінде алға қойып отырған мақсат-жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Мұрат-мақсатым өте көп. Электораттың алдында берген уәделерімді орындауым қажет ең алдымен. Алайда «Жалғыз ағаш орман болмайды», сол мақсаттардың үдесінен жалғыз өзім шыға алмаймын. Туған-туысқандарымның, жора-жолдастарымның, сайлаушыларымның және қалалық мәслихаттағы әріптестерімнің қолдауына әрқашан зәрумін.

– Бәке, Сіз арқылы өзінің мүддесін тықпалап, түрлі ұсыныс жасайтындар жоқ па?

– Депутаттық тәжірибемде әзірге мұндай жағдайлармен ұшыраса қойған жоқпын. Және олай болған күнде де мен лоббизмге жол бермеймін. Біреудің шотын шауып, сойылын соғу маған жат. Егер халықтың мүддесін айтып келсе, әңгіме басқа.

– Жуырда Шымкент қаласына жаңа әкім тағайындалды. Аяқалысы қалай екен?

– Қайрат Молдасейітов бір кездері үлкен бизнеспен айналысқан. Мемлекеттік қызметке де сол бизнестен келді. Түркістан қаласын үш жылдай басқарып, әкім ретінде тәжірибе жинады. Ол жақта жаман аты шыққан жоқ, соңынан сөз ермеді. Қайта Түркістанның түлеуіне аянбай үлес қосты. Көптеген игі істерге ұйытқы болды. Сондықтан Қайрекең Шымкентте де өзінің іскерлігін дәлелдейді деп ойлаймын. Қалалық мәслихат депутаттарының оған деген көзқарасы оң. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Қ.Құсейінұлын әкім етіп тағайындарда, депутаттық корпус бірауыздан келісімін берді.

– Ал, облыс басшысының жүргізіп отырған саясатына көңіліңіз тола ма?

– А.Мырзахметовтың әкім болып тағайындалғанына 3 жылдан асты. Менің ойымша, тұтастай алғанда, ол Оңтүстіктің дамуына елеулі еңбек сіңіруде. Тізгінді қолға алысымен жарғақ құлағы жастыққа тимей, облыстың түкпір-түкпіріне барып, елмен бетпе-бет жүздесіп, олардың мұң-мұқтажына құлақ түрді. Соның нәтижесінде ауыл-аудандарың әлеуметтік картасын жасап, жылдар бойына қатталған бүкіл проблемаларды жүйелі түрде шеше бастады. Дәл бұлай жұмыс істеген әкім Оңтүстікте некен-саяқ. Мәселен, ОҚО-ны басқарған азаматтардың ішінде Бердібек Сапарбаевтың еңбегін айрықша айтуға болады. Ол облысқа қиын-қыстау кезеңде келді. Қазынада қаржы да тапшы еді. Басқаны айтпағанда, Шымкенттің өзі «көгілдір отынсыз», жылусыз, электр жарығынсыз күндерді бастан кешті. Міне, осы мәселелердің барлығын Б.Машбекұлы кешенді түрде шешті. Монополияланып, жүгенсіз кеткен кәсіпорындарды мемлекет меншігіне өткізді. Мұны тек елге шын жаны ашитын адам ғана істейді. Менің ойымша, түрлі деңгейдегі әкімдердің баршасы осы екі азаматтан үлгі-өнеге алса, артықтық етпейді.

– Сіз – кәсіпкерсіз, Шымкент қалалық мәслихатының депутатысыз. Сондай-ақ ОҚО Ұйғыр этномәдени орталығының төрағасысыз да.

– Оңтүстік Қазақстан облысында жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Мұның бәрі – Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі. Қазақстан халқы ассамблеясын құруының өзі не тұрады?! Ассамблеяның ықпалы мен абыройын арттырып, оның мүшелерін мемлекетіміздің заң шығарушы билігіне араластыруда. Ассамблеядай орган құруда әлемнің көптеген елдері бізден үлгі алып жатқаны жасырын емес. Мен 2011 жылдың басында осы орталыққа төраға болып сайландым. Екі жыл ішінде кең ауқымда 7-8 іс-шара өткіздік. Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрымен бірлесіп, бірнеше концерттер ұйымдастырдық. Бұл тұрғыда облыс басшыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Іс-шараларымыздың сапалы өтуіне қашанда көмегін аяған емес. Бізге көзқарасы өте жақсы.

– Ол жақтың жұмысына үлгеріп жатырсыз ба?

– Мүмкіндігінше үлгеруге тырысудамын. Өйткені аталмыш орталықты басқарудың жауапкершілігі жоғары. Атқаруымыз тиіс жұмыстарды ақсақалдар кеңесімен, басқарма мүшелерімен алдын ала ақылдасып, кеңесіп аламыз. «Көп қорқытады, терең батырады» демекші, дүйім жұрт сізді қолдап тұрса, алынбайтын қамал болмайды. Және әрбір істі солардың ризашылығы үшін атқарамын. Халық деген – үлкен күш. Соның мақтау-марапатын естісең, құлшынысың бұрынғыдан да арта түсетіні сөзсіз.

– Қазақ «Таспен ұрғанды аспен ұр» дейді. Алайда қазір еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқайып жүргендерді де көріп жүрміз. Сіздің қағидаңыз қандай?

– Кез келген халық даналығы тектен-тек айтылмайды. Мен де осы көзқарастамын. Қайсыбір тығырықтан, шиеленісті жағдайдан бейбіт жолмен шыққанды құп көремін.

– Қасындағы жолдастарына қарап адамды тануға болады дейді. Сіздің достарыңыз қандай?

– Бала күнімізден тай-құлындай тебісіп өскен біраз досым бар. Мен сайлауға түсерде, бәрі бір атаның баласындай күндіз-түні қолдау көрсетті. Бір ай бойына жеке тірліктерін бір шетке ығыстырып қойып, сайлау кампаниясына атсалысты. Әрине, достарымның адалдығына бұған дейін де күмәнданбайтынмын, бірақ бұл сайлау олардың адамгершілік қасиеттерінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Сайлау өтер күннің қарсаңында менің кандидатурамды алып тастағанда, олардың қатты еңсесі түскенін, мұңайғанын көрсеңіз!.. Бір қарасам, үш досымның әке-шешелері штабқа келіп, «Әділдік қайда?» деп жылап отыр. Ал, менің түптің түбінде ұтқанымды көргенде, достарымның, олардың отбасыларының қалай қуанғанын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Міне, осындай кезде кімнің кім екенін толық таниды екенсің. Доспын деп жүрген кейбір жігіттердің «Мынаның дәмесі зор ғой. Әліне қарамай ма!» дегендері де болды…

– Сұхбатымыздың соңында отбасыңыз жайлы айтсаңыз.

– Жұбайымыз екеуіміз төрт перзент өсіріп отырмыз: 3 ұл, 1 қыз. Алды – 15 жаста, кенжеміз – 4-те. Екі ұлым спортпен шұғылданып жүр. Он бір жастағы екінші ұлым бүгін Ресейге жарысқа аттанды. Жұбайым – үй шаруасында. Қарашаңырақтың түтінін түтету бізге жүктелгендіктен, қартайған ата-анамыздың жағдайын жасайды. Қыруар жұмыстың ара-арасында бала-шағамның тәрбиесімен айналысуға мен де уақыт табамын. Солар сапалы білім алып, өмірден өз орындарын тапса, осы елге адал қызмет етсе деп тілеймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,
«УАҚЫТ».

Сіз не дейсіз?

Бекайдар ТӨЛЕГЕНОВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

– Бахадыр Салимов, шын мәнінде, халық қалаулысы. Шымкент қалалық мәслихатына депутат ретінде жаңадан сайланып отыр. Алайда ол депутат болмай тұрып-ақ қалың бұқараға өте жақын жүретін. Елдің игілігі үшін біраз жұмыстар атқарды. Сол себепті Бәкеңді өте жоғары бағалаймын. Халыққа жаны ашитыны соншалықты, біреу көмек сұрап келсе, аузындағысын жырып беруге дайын. Депутат ретінде де өте белсенді. Өз пікірі, өз көзқарасы бар азамат. Мәслихаттың да, оның ішіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясының да бірде-бір отырысынан, іс-шарасынан қалған емес. Саясатқа жүйрік.

Сіз не дейсіз?

Талғат ӘМІРБЕКОВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

– Кәсіпкерлік саласында жүргендіктен, Бахадыр Сатыбалдыұлын мен бұрыннан танимын. Оның сыртынан ғайбат сөз айтылғанын ешқашан естімеппін. Ары да, қолы да өте таза жігіт. Өтірік айта алмайды, кісі баласына арамдығы жоқ. Былтыр ғана Оңтүстік Қазақстан облыстық Ұйғыр этномәдени орталығына төраға болып сайланып, үлкен жауапкершілікті мойнына алып еді, биыл енді сайлауға түсіп, қалалық мәслихат депутаты атанып, барлық салаға үлгеріп, іскерлік танытып отыр. Өзі жүрегі мейірімге толы азамат. «Болдым, толдым» деп, айналасына мұрын шүйіре қарайтын, көлеңкесі өзінен артылмайтын небір жігіттерді көріп жүрміз. Айталық, Шымкентте 30 олигарх бар деп есептесек, бәрін «Атымтай Жомарт» деп айта алмас едім. Бахадыр ондай емес. Әл-ауқаты нашар отбасыларға, жетім-жесірлерге қарайласқанын талай рет өз көзіммен көргенмін. Мұның өзі оның тәрбиесінің деңгейін көрсетеді. Сондықтан мен оны әрі бизнесмен ретінде, әрі депутат ретінде, әрі Шымкент қаласының тұрғыны ретінде сыйлаймын және қолдаймын. Мұндай азаматтар көп болса, қаламыз дамыған үстіне дами түсер еді.

Сіз не дейсіз?

Тұрсынкүл ҚҰРМАНБАЕВА, Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

– Этномәдени орталықтарды басқару оңай шаруа емес. Бірақ соған қарамастан, Бахадыр Салимов – ұлтаралық татулық бойынша тынбай еңбек етіп жүрген азамат. Салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттауда да түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Биыл Наурыз мерекесін тойлауға ерекше атсалысты. Сонымен қатар биыл Ордабасы ауданындағы бірқатар елдімекендерді су басып, халық әбіржігенде, солардың ортасынан табылды. Қайырымдылық істерге ұйытқы болды. Ұйғыр этномәдени орталығының тізгінін ұстағанына көп бола қоймаса да, Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрын Оңтүстікке шақырып, ауқымды мәдени шаралар өткізді. Сондықтан оны іскер және жауапкершілігі жоғары жігіт деп бағалар едім. Қазақстан халқы ассамблеясының қазіргі саясатын терең түсінеді. Жақында Ассамблеяның Астанада өткен ХІХ сессиясына қатысып қайтты. Елбасының аталмыш органның алдына қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыруда белсенді жұмыс істеуде.