КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖЕҢІЛДІК КӨП

327
0

Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-да облыстағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету ұйымдары өкілдері мен өңіріміздегі этномәдени бірлестіктер мүшелерінің кездесуі өтті.

Жиында «Оңтүстік» АИО ЖШС-ның, ОҚО Кәсіпкерлер Палатасының, «Оntustiк» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының өкілдері тәжірибелі және кәсіпкерлікті жаңа қолға алғандарға мемлекеттік қолдау шаралары, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері жайлы ақпарат берді.

«Оңтүстік» АИО ЖШС департаментінің директоры Маркен Өнербаев қаржы орталығының екінші деңгейлі банктермен салыстырғанда бірнеше жеңілдіктерімен ерекшеленетінін атап өтті. Яғни, жылдық пайызы аталған банктерде 20 пайыз болса, орталық мүлікті кепілге ала отырып, 7 пайызбен несие береді. Одан бөлек, несие беру бойынша ешқандай комиссия алынбайды. Және несиені қайтару бойынша демалыс мерзімі беріледі. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда старт-ап жобалар да несиелендіріледі.

Сондай-ақ, «Оntustiк» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бүгінде оқу курстары, рұқсаттама құжаттарын рәсімдеу, маркетингтік және бизнес жоспарлау бағытында кәсіпкерлерге жан-жақты әрі тегін қызмет көрсететіні жөнінде мәлімет айтылды.

Облыс әкімі-облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен этномәдени бірлестіктер өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу бағытында бірқатар шараларды қолға алды. Өңірде бизнесті дамытуды, белгілі бір кәсіпке маманданған ҚХА мүшелерінің үздік іс-тәжірибелерімен бөлісуді көздейтін осындай шаралар алдағы уақытта жалғасын табады, — деді жиынды қорытындылады ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов.

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі