ОҚО-ДА «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» МАҚАЛАСЫН ҚОЛДАУҒА ЖӘНЕ «ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІНЕ АРНАЛҒАН ФЛЕШМОБ ӨТТІ

209
0

Бүгін Шымкент қаласындағы Әл-Фараби алаңында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын қолдауға арналған жастар мен ұлттық аспаптар оркестрінің қатысуымен флешмоб өтті.

Мерекелік шараның ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Жамалов алдағы жазда өткелі отырған мамандандырылған көрменің маңызына тоқталды. Жиналған көпшілікті облысымыздағы дайындық жұмыстарының барысымен таныстырды.

Шараға көрмеге іріктеліп алынған 85 еріктімен қатар ұлттық аспаптар оркестрі жалпы саны 150 азамат қатысып, жиналғандарға концерттік бағдарлама ұсынды.

Бүгінгі шараға жиналғандар сонымен қатар, Ш.Қалдаяқов атындағы  облыстық филармонияның ұлттық аспаптар оркестрінің бір мезетте орындаған күйін тыңдады.

Облыстық филармонияның домбырашылары бұл флешмобты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 12 сәуір күні жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына арнап отыр. Олар белгілі композиторларының күйлері мен халық ішіне кең таралған әуендерді, патриоттық әндерді орындап, тыңдаушыларды өз өнерлерімен думанға бөледі.

Флешмобтың  мақсаты – көрмені кеңінен жарнамалап, халық арасында  насихаттау және жастарды өз елінің патриотты болуға шақыру.

Бүгінгі таңда облыс көлемінде «ЭКСПО — 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде.  Үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесі де жаман емес. Көрменің жоғары деңгейде өтуіне атсалысатын 100  ерікті де дайындықтарын күн сайын пысықтап жатыр.

Сонымен қатар, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай ұйымдастырылған шарада оңтүстікқазақстандық байкерлер жиналған жұртшылыққа  өздеріне тән ережелер мен қағидаларды көрсетті.

 

 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі