ЕЛБАСЫ МАҚАЛАСЫ ЕЛІМІЗДІҢ БОЛАШАҒЫНА АРНАЛҒАН БАҒЫТ-БАҒДАР

187
0

Бүгін облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-де ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдардың жетекшілері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысқан жиында мақалада ұсынылған мәселелердің маңыздылығы сөз болды.

Жиынды жүргізіп отырған ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов мақалада елдің келешек дамуына қажетті бағдарлар берілгенін айтып, онда жүктелген міндеттерді жүзеге асырудың жолдарын ортаға салды.

— «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», — деді Елбасы мақаласының кіріспесінде. Яғни, рухани жаңғырусыз саяси, экономикалық модернизацияға иек арту жеткіліксіз. Қоғамдық сананы жаңғырту мемлекеттің дамуына, елдегі бірлік пен келісімнің нығаюына жетелейтінін маңызды қадам, — деді Мұратәлі Оразалыұлы.

Ал, облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак Елбасының мақаласындағы білім жөніндегі пікірлеріне тоқталды.

— Қазір жас ұрпақ мектептер мен жоғары оқу орындарында тек білім алып ғана қоймай, ХХІ ғасыр талабынан шығуды, қоғамның дамуына өзінің қажеттігін сезінуді үйренуі қажет. Сондай-ақ, мақалада айтылған «Туған жер» бағдарламасы — ауыл-аймақтың ажарын ашатын, жас ұрпақтың бойына патриоттық тәрбие сіңіретін игі бастама болары сөзсіз,- деді ол.

Жиында сөз алған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан, педагогика ғылымдарының докторы Нигматжан Алметов, Сайрам аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Үміткүл Мұратбекова, еңбек ардагері Досыбай Шерімқұлов Мемлекет басшысы жария еткен бірегей бағдарламалық құжаттың артықшылықтарына тоқталып, оны іске асыруда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға шақырды.