МАҚТААРАЛДЫҚ ҚЫРЫҚҚАБАТТЫҢ АЛҒАШҚЫ ЛЕГІ РЕСЕЙГЕ ЖӨНЕЛТІЛДІ

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында қырыққабат өнімін жинау науқаны басталды. Қазірдің өзінде егістік алқаптарда 58 бригада құрылып, онда 900-ден астам жұмысшы қырыққабат жинауға кіріскен. Алғашқы өнімнің легі еліміздің түрлі аймақтары мен Ресей және  Беларусь еліне жөнелтіліп жатыр.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен өткен ақпараттық туры барысында БАҚ өкілдері Атамекен ауылдық округінің диқандары еккен көктемгі қырыққабат дақылын жинау маусымының куәсі болды. Ауданда биыл ерте егілген көкөніс дақылдарының жалпы көлемі 996 гектарды құраса, оның 780 гектарында қырыққабат жайқалып тұр.
Негізінен диқандар салмағы 1-1,5 келіден аспайтын нидерландық пандион сұрпын егіпті. Бұл өнім түріне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс көп. Қырыққабаттың бір келісі алғашқыда 230 теңгеден босатылса, қазір 130 теңгеден сатылып жатыр.
«Биыл қырыққабат дақылын ақпанның 8-ші  жұлдызынан бастап еге бастадық.  Екіқабатты кленкамен көмкеріліп егілетін дақыл 2 айдың көлемінде пісіп, жетіледі. Ең бастысы –  күтіп, қарауға мән берілуі керек. Жеріміз тың болғандықтан бүгіннің өзінде әр гектардан  25-30 тоннаға дейін өнім алып отырмыз», – дейді «Серпін» шаруа қожалығының төрағасы Сырым Батманов.
Жалпы биыл ауданда 17 мың гектар жерге түрлі дақылдар егіліпті. Оның ішінде 136 гектар бидай, 2500 гектар мақта, 44 гектар күнбағыс, 29,5 гектар сүрлемдік жүгері, 553 гектар дәндік жүгері, 19 гектар картоп, 1025 гектар жоңышқа, 11714 гектар қауын-қарбыз, 62 гектар бау-бақ және жүзім.
Айта кетейік, мақтаралдық шаруалар егістік егуді әлі де жалғастырып жатыр. Әлі алда 13 884 гектарға бұршақты дақылдар, 80 мыңнан астам гектарға техникалық дақылдар, 34 мың  гектарға көкөнiс пен бақша дақылдарын егудi жоспарлап отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ