МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «GOLD ALUMINUM» ЖШС-НДА БОЛДЫ

179
0

Оңтүстік Қазақстанға кезекті іссапары кезінде Елбасыға Шымкенттегі терезе шығаруға арналған алюминий профильдерін әзірлейтін «Gold Aluminum» ЖШС-нің жұмысы таныстырылып, баяндалды.

Қазақстан Президенті ондағы ақпараттық стендтер мен экспозициялық макеттерді көріп, алдағы жоспарларына қанықты.

— Өз өндірісін дамытып, импорттық тауарлар орнын алмастыру — экономикалық даму кезеңінде тұрған Қазақстан үшін маңызды міндеттердің бірі, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кәсіпорын еңбеккерлерімен әңгіме барысында Президент оларға жемісті жұмыс пен кәсіби жетістіктер тіледі.

2014 жылы индустриаландыру картасы аясында іске қосылған зауытта 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «GOLD Aluminum» брендімен профильдер шығаратын кәсіпорын түрік инвесторларының қатысуымен құрылған.

«GoldAluminum» ЖШС-і 2016 жылы 750 тонна алюмин профильдерін шығарса, оның 20 пайызы Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанға экспортталған. Бүгінде аталған компания Қазақ-Түрік индустриалды аймағында ПВХ профильдерін, алюминий мен ПВХ-дан мөлдір шыны құрылымдарын (светопрозрачная конструкция) шығарып, сондай-ақ, газ плиталарын жинау қызметімен айналысатын екінші зауыттың құрылысын жүргізуде. Жоба құны 2,6 млрд. теңгені құрайды. Болашақта зауытта 50 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Айта кету керек, қазіргі таңда Қазақстан нарығындағы алюминий профильдерінің көлемі 50 мың тоннаны құраса, оның 25 мың тоннасы Қытай мен Ресейден, Өзбекстан мен Түркиядан импортталады.

Елімізде 2010 жылдан бері жүзеге аса бастаған индустриаландыру картасының алғашқы бесжылдығында (2010-2014 жж.) Оңтүстік Қазақстанда 7,7 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 115 жоба іске қосылды. Ал екінші бесжылдық аясында (2015-2019 жж.) құны 1,2 трлн. теңге болатын 135 жоба (18,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны) іске асырылмақ. Оның бүгінге дейін 44-і пайдалануға беріліп, 1700-ден астам жұмыс орны құрылған. Ал 2017 жылы құны 37 млрд. теңге болатын 17 жобаны жүзеге асыру көзделуде.

Бүгінге дейін іске қосылған 159 жоба іске асырылғалы бері аймақта 100,9 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Оның өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 21 пайызды құрайды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі