ОҚО-ДА ҚАРҚЫНДЫ БАУ КӨЛЕМІ 1000 ГЕКТАРҒА ҰЛҒАЯДЫ

334
0

Оңтүстік Қазақстан облысы,  Қазығұрт ауданында интенсивті бау егу ісі қарқын алды. 2016 жылы құрылған «Бірлік» АӨК» өндірістік кооперативі  70 гектарға қарқынды бау егіп, маусымдық кезеңде 100 адамды жұмыспен қамтымақ.  Аталмыш коопертив жұмысымен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы танысып, оң бағасын берді.

«Қазіргі таңда облысымызда 2 мың гектарға жуық қарқынды бау бар. Оларға қажетті  құрал-жабдықтар шетелден тасымалданатын. Ендігі мақсат – бау-бақшаға қажетті бетон бағаналары мен тор, пластикалық құрылғыларды өзімізде өндіруге мүмкіндік туып отыр. Бұл өз кезегінде алманың өзіндік құны арзандай түседі. Сондай-ақ бағбандықты жетік меңгерген  маман даярлау ісіне де мән берілуі тиіс. Жалпы облысымыздағы интенсивті баулардың көлемін тағы да 1000 гектарға ұлғайту жоспарымызда бар», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

«Бірлік» АӨК» өндірістік кооперативінің  суармалы жер көлемі 86 гектарды құрайды.  Соның бүгінде 70 гектарында 200 мың түп алма көшеттері отырғызылған. Итальяндық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған бау 3 жылдан соң әр гектарына 50-60 тоннадай өнім беруге қауқарлы. Мұнда қазір алманың Голден Делишес, Ред Делишес, Гала, Фуджи, Грени  Смит секілді түрлері түйіндеп тұр. Қарқынды баудың жалпы инвестициялық құны – 1 млрд. теңгеден астам соманы құрайды.  Жобаға құйылған қаржының 1 млрд теңгесін «Ауыл шаруашылығын қаржылай  қолдау қоры» АҚ берсе, 200 млн теңгесі  жеке қаржы.

«Қазір мұнда 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, маусым кезеңдерінде 100 адамды еңбекпен қамтимыз деп отырмыз. Бауымыз өнім беру қарқынын 3 жылдан кейін алады. Сол кезде өнім көлемі гектарына 50-60 тоннаға дейін жетеді. Ал биыл гектарына 5-6 тоннадан өнім аламыз деген жоспарымыз бар», — дейді  «Бірлік» АӨК» өндірістік кооперативінің  атқарушы директоры Бекжан Қалибеков.

Қазығұрт ауданындағы қарқынды баудың құрылыс жұмыстарын өңірімізге белгілі «Zero Max Kz» компаниясы жүргізген. Аталмыш кооператив маман даярлау ісіне де мән беріп, агрономдарды Итальяда арнайы оқытыпты. Алдағы уақытта кооператив басшылығы қарқынды бау егемін деген оңтүстікқазақстандық шаруаларға ақыл-кеңес беріп, тәжірибелерімен бөліспек. Бұл өз кезегінде облысымыздағы қарқынды баулардың санын көбейтіп, өңіріміздегі алма импортын азайтып, экспортты ұлғайта түсетін болады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі