Желкілдеген жел сөз бе «Жетінші арнаның» жеткені

1368
1

      

      Күндізгі күйбең тірліктерімді тәмамдап, кешкі уақыт – сағат сегіздер шамасында теледидарға телмірдім. Телеарналарды әрі-бері аударып, біраз әлек болдым. Өйткені, олардың ішінде іліп алар бағдарлама немесе сериал жоқ. Телеарналардың бағдарламалары басылған газетті қарап шығайын деп, 7-ші арна бағдарламаларының тізіміне көзім түсті. …«Смехопанорама», «Субботний вечер», «Аппарат красоты», «Что? Где? Когда?» MAKE ME A SUPERMODEL, EXTREME MAKEOVER, HOME EDITION, SUPERSIZE VS SUPERSKINNY, «Знахарь», «Ефросинья», «Карамель»… т.б. Осыларды оқып отырып, 7-ші арнаның тізгінін ұстап отырған Бибігүл Нұрғалиқызының: «Бүгіннен бастап «7-ші арна» телевизиялық хабар таратудың жаңа үлгісіне көшті» (АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат) -деген сөзі есіме түсті. Тіпті,  «Жетінші арнамен бірге, өзгеретін уақыт келді» — деген ұран да  жарқ еткен еді.  Бибігүл ханым тағы бір сөзінде: «Телеарнаның жаңа кестесі 80 пайыз премьералардан тұрады. «Жетінші арна» ойын-сауық бағдарламаларын шығару жөніндегі Endemol компаниясының стратегиялық әріптесі болып табылатын «ВайТ Медиа» компаниялар тобымен жасаған ұзақ мерзімді келісімнің нәтижесінде өзінің даму стратегиясын толығымен өзгертті» — деді. Оның сөзінен жалпы аталмыш шетелдік компаниялардың «Жетінші арна» эфирінің құрылымындағы үлесі 2011 жылы 25 пайызды құрайтындығынан да хабардар едім. Іштей ғана, «Жаңарып қарық болған екенсіздер» — дедім. Енді осыған байланысты сын айтсам, шын айтайын.

     Жаңағы біз айтқан 7-ші арна премьраларының бірі – «Жар-Жар!» бағдарламасы. Қазақ дәстүрінде – «Жар-жар» деген екі жақ келісіп, неке қиылып, туған-туыс алдына жүзін алғаш көрсетіп, иіліп сәлем беретін ғажап шара болып табылады. Қазақта «жеңгетайлық» деген бар дүние.  Бірақ ол, отыздан орғытып өтіп, қырықта да отбасын құрып қарық бола алмай жүргендерге өз жеңгелері тарапынан, ым-жымын білдірмей,   көмек ретінде қолданылса, әлдеқайда дұрыс еді.  Ал, енді «өмір»,  «отбасы» дегеннен бейхабар  18 жастағы бойжеткен, миллиондаған көрерменнің алдына шығып алып,  тауар таңдағандай үш жігітке жаутаңдағаны – сөзсіз, «Мен – Қазақпын!» — дегендердің жанын жеп, қабырғасына батады.  Бұл – қазақи рухқа тән бағдарлама емес. Сол жобаны телеарнаға шығармас бұрын, пасық көкіректілер тым болмаса, «Әй, бұны қазақ жұртшылығы көреді ғой…» — деп ойланды ма екен? Ресейдің жобасын айнытпай қайталаймын деген жағымпаздық, жалпақшешейлік, жалтақтаудың желі есіп тұр.  Орыс ұлты теледидардан не айтып, не қойса да, оларға жарасымды. Тіпті сол «Давай поженимся» бағдарламасына бір келіншек келіп: «Мен, Сіздер арқылы бір жігітпен танысып, тұрмыс құрған едім, естеріңізде ме?  Міне, ажырасып кеттік. Тағы да сіздерге келіп тұрмын» — десе, оған ешбір адам елең етпейді. Өйткені, олардың менталитеті солай. Ал, қазаққа «жеңгетайлықты» жариялап миллиондаған жамағаттың алдына әкелуге мен қарсымын. Тойда тілек айтқан бір Әжеміз: «Сендердің үй болып, қосылғандарыңа қуаныштымыз. Әйтпесе, «бәленшенің» қызы бай іздеп, телеарнада жүр дейді» — депті. Жетістікке жетіп жығылғанымыз осы мес пе?
Ендігі кезекте «Шоу Сорок миллионов тенге» атты бағдарлама. Қарапайым халық жиған-терген білімі арқылы қаржы тауып жатыр. Бірақ, неге сол бағдарламаға қазақтілді ойыншы қатыспайды? Негізгі себебі: «Endemol»  компаниясының «The Money Drop» атты британдық шоудың ұстанып отырған саясаты ма? Әлде, ойынды  жүргізуші –Абдель Мухтаровтың (аты-жөнін ешқашан қазақша оқып,  естімеген соң,  қазақшаламадым) қазақ тілін білмегендіктен бе?  Бұл сауалым – Абдель мырзаға қойылды.
… «Фабрика звезд»… Міне, «ксерокөшірменің» көкесі осы! Бұған дейін Испанияның, Канаданың, Аргентинаның, АҚШ-тың, Үндістанның, Балқан елдерінің, Ливанның және соңғы жылдары Ресейдің телевизия индустриясында айтарлықтай төңкеріс жасаған жоба, атышулы  жемістілігімен бізге де жетті. Бірақ, соншама елде нақты нәтижелер шығарып, ән өнеріне үлес қосқан жоба – неге елімізде бәйгеге жарамай қалды? Не үшін көрермен көңілінен шықпады? Негізі жобаның қазақстандық нұсқасы –  қазақи рухқа, мәдениетке негізделмеген. Өйткені, ксерокөшірме аппараты сіздің құжатыңызды өзгертпей, тек қана көшірмесін жасап береді ғой. Тіпті бағдарламаны жүргізуші де, Ресейлік Яна Чуриковаға еліктейді. Өзгенің дайын еңбегін қайталаған күннің өзінде, қазақи әдеп-мәдениетке негіздей алмағандықтан, бұл –  «ас ішіп, аяқ босату» ғана болып қалады.
Келесі аялдама…. Нақтырақ айтқанда, теледидардан ғана емес, қалалық көлік аялдамаларында жарнамалап жапсырылған:  «Побег из аула» болды. Билік партиясы дүркіретіп: «Дипломмен ауылға!» — деп жатқанда, «Ауылдан қашу» — деген, басында рас, қызық көрінді. Кәдімгідей күттім. Кейін, беташары болған соң, қызықтағаным басылып қалды. «Әй, мыналардың есі дұрыс па?!» Бас жоқ, көз жоқ былапыт сөздерді боратады кеп! Бірі – қазақша, бірі –  орысша.  Оның үстіне, не деген жабайылық!? Не деген әдепсіздік! Ауылдың қай баласын көріп ең, келген қонақтың қолындағысын тартып алғанын? Бұл өзі кімнің туындысы деп,  сұрастырып едім,  7-арнаның көрермендерге деген  өз шашуы екен. Сол сериалды көрген 20 жастағы бауырымның: «Қойшы, мынау ұят емес пе,  үп-үлкен жігіттер, соншама жабайы болуы мүмкін емес қой…» — деп қынжылғанына куә болдым. Содан, бұл да бір бітеді-ау деп жүрсек, ауылдан қашқандардың сыралғысы болар,  «KZландия» — дегені тағы бар екен. Оның құрамында: «АйтысStar», «Backstreet той», «Аулбай ТВ», «Ағашка-взяточник» және «Девушки — чайки» деген арзан күлкінің кіндіктeрі бар. Бұл сорақылықты көргенде – күлкіге     көмкерілмедім  керісінше, 7-ші арна көрермендеріне  жаным  ашығаннан жыладым.
KZландияның бір ғана  лаңынан үзінділер:
Ну что же, добрый вечер! Ханымдар мен мырзалар! – деп Айтыс star басталды.
Кысқа етек, ашық жең, басында үкісі бар тақия киіп шыққан қараторы қыз 1, 2 ,3 раунд деген тақташаны көрсетіп тайраңдап жүр. Шоудағы әрбiр көрiнiс анайы қимылдарға, былапыт сөздерге толы. Қазақтың ұлттық киімін киген арулар – «ару»  емес, «аурулар» яғни, «ішкі жан-дүниесі науқас жандар» сияқты көрінді. Өзінше әдемі әуен ырғағында жоғарыға шығып алып, шашын жайып, билеген болып қисалаңдайды келіп!
Қытай елінен келген айтыскердің сөзі:
          -Ведь нажительсто получу,
      И свою семью сюда привезу.
      Буду земли Ваши покупать,
      И рис буду выращивать.
      В Китае вещи буду брать,
      И на барахолке продавать.
      И как здесь Я заживу,
      Казахстан я так люблю!
Қазақстан атынан айтысып отырған Асылбек Қадырович:
      — Мы казахи – народ терпеливый,
      Но это поверь друг только лишь с виду,
      Так что, біздің жерімізді, бір жерінді қыс,
      На этом Я завершаю айтыс!-деп, өзі мәз.
Тағы бір санында Ресейден қолына балалайка ұстап  келген Женя деген айтыскерге әлгі Мистер Асылбек Қадырович:
  — Ты зачем балалайку взял,
      Это же айтыс?
      Так что возьми домбру и бір жерінді қыс!
      Уахахахаха!- деп бастап кетті де,
      Свою айтыс я петь начинаю,
      И от своего профессианализма я оффигеваю.
      Все знают что уменя большой қарын,
      И я по любому лучший акын!- деп қояды.
Осыны естіген 8 жастағы ұлым: «Анашым, сен осы айтысқа билет таппай жүгіріп жүресің, сонда, ол жерде осылай жаман сөздер айта ма?» -деп сұмдығы жоқ, шындығы көп періште жүрек тарс еткізді. Ал, керек болса! Жауап беріп көр.
Мен:
«Бұл айтыс емес балам, ешбір елдің маңдайына жазбаған айтыс өнерінен әдірам қалғыр…. бұл – шатыс»  — дедім. Ұлым: «Ымммм….  Қазақта ондай да бар екен ғой….» деді.
Қадірімді қашырған айтыскер  Асылбек Қадырович! Өмірдегі  адамдық қылығы жоқ – Нұртас Адамбаев!  «КТК»-ны құтыртып болып, енді      «7-арнаны»  жетістіріп жүрсіз! Бүйткен актерлігіңізге түкіргенім бар!  Сіздің 10 бөлімнен тұратын арзан күлкіңіз –  әзіл мен күлкінің көшін бастап келе жатқан «Базар жоқ!» театрының бір нөміріне де ілеспейді.

Өтініш пен сауал

Қымбатты Бибігүл Нұрғалиқызы! Телеарна ашып, тізгінін ұстау оңай көрінгенмен, қазақ көрерменіне жағып, таза, тың дүниелерді көрсетудің жүгі ауыр. Жоғарыда аталған бірнеше «жауыз» жобаларыңыз арқылы ұлтымызды рухани кеселге кісендеп беріп отырған сияқтысыз. Сұрқия саясатыңызбен бекітіліп, көк жәшіктен көрсетіліп отырған дүниелеріңіз өзіңізге ұнай ма? Арзан күлкіні жасаймын деп, ұлттық бояуымды, болмысымды былапыт қылмауыңызды өтінемін. Айтыңызшы, сайдың тасындай журналистеріңіз, яғни  Қазақстанның қазақтілді мамандары табиғаты қазаққа жақын тың дүние жасай алмай ма? Сонда олар не бітіріп жүр? Неге соншама шетелге, оның ішінде Ресейге мөлиесіздер? 7-ші арнаның қазіргі жұмысы – қалған-құтқан асты қайта жылытып бергенмен тең. Саясат қанша жерден пайызын санап, статистикаға жүгініп, сан сандарды ілмектесе де, жүрегіңіз «Қазақ» — деп соқса, сол қазақ тілі мәртебесінің көтерілуіне көмектеспейсіз бе? Жаныңыз ашыса, жаңағы айтылған тілі жарымжан жобаларыңызды жанқалтаңызға салып қойыңыз. Мені – «Барды көре алмайсың, жоқты бере алмайсың, несіне зарлайсың?» — дейтін боларсыз. Мен барды көре аламын. Егер, «Нысана» бағдарламасындай  нәрлі, дәмді болса.  Мағынасы мәдениетіме, әдебиетіме кереғар, тәрбиелік мағынасында талғам жоқ, сорақы дүниелерді телеарнадан көрсетпеуіңізді сұраймын. Жаңару, жаһандану заманы дейміз! Ендеше неге, сол жаңаруға өз болмысымызбен бармасқа? Экранның мына жағында, не көрсетсеңіз де соны қабылдай бермейтін, көкірегі ашық, намысы ояу көрермен бар. Аңқылдаған ақ көңілі бар, сәні мен мәні жарасқан мәдениеті бар, тәрбиесі мен талғамы жарасқан әдебиеті бар, сұлу салтанаты бар,  батыры мен ақыны бар, тілі бай , баға жетпес ділі мен діні бар елдің көрерменіне басқаның жобасын көшіріп көрсете беретіндей, Сіз – кімнің «қолшоқпарысыз?»
Бұл мақала тек қана 7-ші арна басшылығы мен ұжымына емес, сонымен қатар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі азаматтарға да бағытталған. Қазақ тіліне биік мәртебе жоқ жерде – қазақи әдебиет те, мәдениет те жоқ! Ал, көгілдір жәшіктен тілдерін шұбарлап, бет-ауызын қисалаңдатып, болмысымды, намысымды таптап, көзіме сүйелдей болған жобалар – неге жүгенсіз жүр? Сауал бар жерде,  жауап та болатынына сенемін.

Құрметпен:  7- ші телеарнаның көрермені –  
Әсел АСҚАРҚЫЗЫ,
Астана.