Тарихи-өлкетану мұражайының мұраты

389
0

Мұражай ұжымы

Жақында жолымыз түсіп, Ордабасы ауданында болғанымызда осындағы «Тарихи-өлкетану мұражайына» арнайы ат басын бұрдық. Мұражай 2005 жылы қыркүйек айында ашылыпты.
Ғимарат мұражайға арналып салынбаған, 2008 жылы ағымдағы жөндеу барысында бір бөлме қосылып, экспозициялық ауданы 86,6 шаршы метрге жетіпті.


Халқымыздың аса бай тарихына мол әрі құнды мәліметтер беретін Ордабасы елі үшін мұндай мұражай ғимараты әрине, тарлық ететіні бесенеден белгілі жәйт. Мұражайда үш бөлім бар екен. Аудан тарихы, этнография, археологиялық бөлімдер. Қазіргі таңда осы үш бөлімде 1356 жәдігер бар, оның 1018 негізгі, 338 көмекші қорға жинақталған.
Алғашқы бөлімді ауданның жалпы тарихына арнапты. Осы ауданда дүниеге келген соғыс, еңбек ардагерлері, ақын-жазушылар, ауданды басқарған ел азаматтары жайлы түрлі деректер, құжаттар сақталыпты.
Ел тағдыры тығырыққа тіреліп, ұлт ретінде жойылып кету қаупі туған шақта осында ұлы бабаларымыз Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер жиылып, қазақтың басын біріктіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға мәміле еткен қасиетті де, киелі өлке – осы Ордабасы болатын. Сонау 1993 жылы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтің тікелей басшылығымен ашылған Ордабасы биігінің макеті, үш бидің портреттері, Өзбекстан президенті И.Кәримов пен сол кездегі Қырғызстан басшысы А.Ақаевтардың суреттері т.б. материалдар мұражай төрінен орын алыпты.
Этнографиялық бөлімде халқымыздың тұрмыстық бұйымдары, өзге де ұлттық құндылықтар жинақталған.
Археологиялық бөлімдегі қазбалар арқылы табылған бұйымдар, ғылым үшін баға жетпес тарихи құндылықтар болып табылады. Астаналық ғалымдар осында археологиялық қазбалар жүргізіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын зерделегенде мұражай қызметкерлері олармен бірге болады екен. Бұл өздеріне көп мағлұмат алуға, қорларын толықтыра түсуге мол мүмкіндік береді.
Мұражай директоры Алма Әміре: «Жас ұрпаққа қазақ жерінің, өз өлкесінің бай тарихын меңгерту, салт-дәстүрімізді, өнерімізді бағалай білуге баулу, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін бойларына сіңіру басты борышымыз. Жұмыстағы ең негізгі бағытымыз», — дейді.
Несі бар, құптарлық-ақ пікір.Тек, жергілікті билік ұлттық құндылыққа уақыт бөліп, мұражай мұқтаждарына мұрындық болса екен дейміз.

С.Құлжанов, Ордабасы ауданы.