Несібе немесе бір миллион екі жүз мыңның мәселесі

146
0

Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халық¬тың
өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана та¬быс¬қа
жетуге мүмкіндік алады.
Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық
немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы
жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсы¬на алуы.
Бұл материалдық өнім ғана емес, соны¬мен бірге,
білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы
еңбек ресурстары болуы мүмкін.
(Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:
рухани жаңғыру» атты мақаласынан)

Олардың есімдерін «Форбстан» кездестірмейсіз. Олар туралы «Financial Times» үздігіп, «Bloomberg» таусылып жазбайды. Ұшақтардағы қалталар мен бизнес-центрлердегі журналдар олардың жарқын келбетімен безендірілмейді.
Кентау қаласы «моноқала» деген атауға тән бөтен қалалардан кәдімгідей ерекше. Бар кәсіпорындар түтіні будақтап, крандарын сермеп, жұмыс істеп тұр. Ал жоққа жүйрік жоқ енді. Жер-жерде қыбырлаған тіршілік әйтеуір. Шекелері шылқып отыр деу әбестік болар еді, бірақ алақан жайып жүрген адамды көрем деу де бекершілік болар.
Бүкілодақтық кәсіпорындар жүйесінен аяқ астынан тыс қалып, тентіреп кеткен елді-мекендер Қазақстанда әлі де баршылық. Ондай жерден не өткенге сағыныш, не келешектен үрей туралы сұхбат аласың. Кентаулықтар болса, болашақтан тек үміттенеді. «Кәсіп етудің мақсаты — баю» деп түсінсеңіз, көзқарасыңыз кентаулықтарға кереғар болар. Кентаулықтар үшін кәсіптің мазмұны — кәсібилікті шыңдау.
Қаланың келбеті де оңды. Егер есіктен шыға сала паркке тап келетін жүйені «советтерден қалған мұра» дейтін болсаңыз, бәрібір де, әкім-қаралардың соны ұқсатып ұстап отырғаны қуантады.
Қалада құрылыс көп, бұл енді моноқалалар үшін оғаштау жайт. Үйге сұраныс ғаламат. Ол сұранысқа жауап ретінде салынғалы жатқан үйлер де көп. Баспана мәселесі мемлекет деңгейіндегі мәселе екенін, ендеше ұсыныс пен сұраныс үнемі итжығыста болатынын түсінеміз.
Байлар емес, кәсіпкерлер
Ержан — реаниматолог, Асфендияров медицина институтының түлегі. Кентау ауруханасында жұмыс істейді. Он тоғыз жылдық еңбек өтілі оған денсаулық саласындағы біраз жайтты аңғартыпты. Айталық, әлем бойынша бас ауру боп отырған инсультті алдын алу шараларын зерттепті.
— Өкінішке қарай, көп науқастар «болары болып, бояуы сіңіп» болғаннан кейін келіп жатады. Оларды реанимацияға түскендерден көріп жүрмін. Сондықтан инсульттің алдын алу шараларын, оның ішінде — халыққа тиімді жолдарын зерттедім. Сол кезде сүлік салу ісіне назар аудардым. Ақылға қонымды ақыға келтіретін жолдарын іздедім. Сөйтіп, екі мыңыншы жылдардан бері сүлік саламын. Сүлік салудың құдіреті күшті, инсульттен тамаша шипа. Қазір міне, жеке кәсібімді көріп тұрсыздар. Жаңа қызметтерді біртіндеп қосып жатырмыз. Ультрадыбыстық зерттеу, стоматология, дәріханамыз бар. Сол үшін несие алғам.
Қала үлгісіндегі «Қуаныш» шағын дүкенінің иелері тауарлар үшін несие алған. Айтпақшы, коммерцияны «сатып ал да сата бер, не құпиясы бар сонша?» дейтіндерге құлаққағыс. Дүкен иелері қазіргіше «жеке кәсіпкер» деп ресми атанғанға дейін сауда-саттықта жиырма жыл жұмыс істеген. Кәдімгідей, қыр мен қағілездікті талап ететін іс. Бұл дүкеннен басқа — мал шаруашылығы да бар. Бұл кісінің мысалында да — айғай-шумен ашылған «мега-гигажобалардан» гөрі, керек жеріне дөп тиетін шағын несиенің тиімділігінің мысалын көрдік.
Миллион екі жүз мыңның мәселесі
Ағаш өңдеу ісі – шағын кәсіпкерліктің кең тараған түрі. Бірақ әбден жарнамаланған Италия, Беларусь немесе швед мебельдерінің арасында шағын кәсіпкерге бой көрсете қою қиын. Дегенмен қазіргі тұтынушыларда индвидуализм басым, бөлмесінің әлде бөлмесіндегі қуыстың пішініне дәл келетін, үйіндегі бар жиһаз «ансамблімен» үйлесіп тұратын, ақыры – өз қиялындағы тауарды сұрайды емес пе. Міне, осы бір – ағашты әдейілеп кесіп-пішетін нарықта біздің келесі кейіпкерлеріміз өз нәпақасын тауып жүр.
Бірінші барған ағаш шеберханамыз әлі де «классикалық цехке» ұқсайды. Қала ішінен орын тепкен шеберханадағы жұмысбасты жігіттерді көріп, сөзге айналдыруды жөн көрмедік. Сөзге сараң ісмер жігіттердің басшысы Нарымбетов Елбасы бізге жай-күйді қысқаша баяндап беріп, өз жұмысына кірісіп кетті. Әңгімесінен түсінгеніміз – станок алғандарына қуанады. Және тағы бірін алудан кетәрі емес. Тауарға сұраныс бар деп тұр.
Ал екінші барған ағаш шеберханамызда – кәсіпке деген ұлттық көзқарас та, дәстүр де, шеберлік те, қағілездік те – барлығы да тоғысқан. «Бизнес-моделі қандай?» деген сәнді сұраққа бір ғана — «дәстүр» деген жауабымыз бар.
Мараимов Мұхамедәми – он баланың әкесі. Өндіріс «ошағы» — ауласындағы сарайда орналасқан импровизацияланған шеберхана. Осы шеберхананы шүкіршілікпен лекерлеп ұстап отыр. Бізді таңғалдырғаны – шебердің «баршылық, шүкіршілік» деуден танбағаны. Шынын айтқанда, өнердің бір көрінісі осы ғой: мынадай жұпыны құралдармен анадай көрерге көз керек дүниелердің шығып жатуы.
Мұхамедәмидің кәсібінің бүгіні мен ертеңі өте қарапайым. Бүгіні – жұрт жиі сұрайтын әлде тапсырған бұйымдарды аулада жасап, базарға апарып сатады. Ертеңі – бұл кәсіпке ұлдарын баулып жүр. Бұған қоса – автомобиль жөндеуді де қолға алсақ дейді, ол үшін бір ұлын оқытып жатыр.
Шынын айтқанда, ризығына шүкіршілік айтып жүріп жатқан адамның кәсібінің проблемасын сұрап алу қиын болды. Әйтеуір біліп алдық бірақ. Отағасын қажетті ағаштарды уақтап таситыны қинайды, бір барғанда молынан әкелуді ойлайды. Қолдағы көлік тасымалдау мүмкіндігінің шегіне жеткен. Жаңа көлік мәселесінің бар құны – бір миллион екі жүз мың теңге екен. Болғаны осы! Тегінге емес, несие қылып алса болар еді дейді. Сонымен бір миллион екі жүз мың теңге — «бес бересі, алты аласы бар» екі жан мен он баладан тұратын отбасының мерейі үстем болуының құны.
Болғаны – 1 млн 200 мың теңге! Неге «болғаны» дейміз? Себебі біз ашық дереккөздерден-ақ бұл соманың болмайтын бір сағаттық банкеттер мен фуршеттерге кетіп жатқанын, әлде шетелдік бір заңгердің қаламақысының оннан бірі немесе отельдегі екі күндік қонақ ақысы ғана екенін анық білеміз. Тұтастай елден шиеттей бала-шағаға 1 млн 200 мың теңге табылмайды деуге сене алмадық. Ең болмаса несиеге.
Тағы бір кәсіпкерді біз тура үйінен кездестірдік. Айтпақшы – кәсіп етіп отырған жері де өз үйі. Эльвира таза мақтадан тігілетін көрпе-жастығының конвейермен шығатын тігін бұйымдарының алдын орап алатынына сенімді. Қазірдің өзінде бірді-екілі балабақшамен контракті бар. Кәсібімді кеңейтсем дейді. Айтпақшы. Несие сұрап тұрған жоқ Эльвира. Кәсіптегі «қазақы салтпен» — бұйырса туысқандарым көмектеседі дейді.
Не дейміз? Кентау сапары «кәсіпкерлік» дегенді елдің барлығы – зәулім ғимараттардағы самаладай жарқыраған офистер мен люкс-класс автомобиль, жүгірген индекстер мен секірген диаграммаларды қадағалау деп ұқпайтыны қуантты. Сайып келгенде, бизнестің болашағы — өндірісті ішінен түсініп өскен Мұхамедәмидің балалары, кәсібі сүйіспеншілікпен айтып беретін Ержандар мен Эльвираларда емес пе екен?

Ерлан Оспан
Фото: автордікі
Baq.kz

%d1%80%d1%83%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%b8-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b3%d1%8b%d1%80%d1%83-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%80%d0%be%d0%b2%d0%b0%d1%82%d1%8c

a9ce4d17396fd596179bd565770dce90