БАБА ТҮКТІ ШАШТЫ ӘЗІЗ ӘУЛИЕ…

193
0

«Созақ барғанша азап, барған соң ғажап» дейтін сөз бар. Кім айтқанын білмедік. Жолдың ұзақтығын айтты ма екен. Демалыс кезінде осы қасиетті мекенге сапарлап, әулие-әмбиелердің басына зиярат етудің сәті түсті. Бірақ жол бұрынғыдай емес, тақтайдай тегіс. Екі сағатта жетіп бардық.
Айтпағымыз, Баба Түкті Шашты Әзіз әулие жайында еді. Кесене Созақ ауданына қарасты Құмкент ауылы, Жылыбұлақ жерінде орналасқан. Кезінде әулие осы жерді кетпенмен өз қолымен қазған дейді деректер. Өзі Жылыбұлақтың басынан мешіт салдырып, тақуалық ғұмыр кешіпті. Қабірі осында. Қырғыздың халық батыры Манастан да көп бұрын өмір сүрген әулие Баба Түкті Шашты Әзізден қазақтың бар әулиелері кейін өмір сүрген деп айтылады.
Баба Түкті Шашты Әзіз әулие жайлы аңыз-әңгімелер өте көп. Ол қиын-қыстауда, жауға шапқанда ұрандататын киелі әулие болған. Күш атасы Қажымұқан додаға түскенде: «Уа аруақ, Баба түкті Шашты Әзіздің рухы қолдай гөр» деп ортаға шыққан екен.
Баба Түкті Шашты Әзіз әулие – қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бейне. Мысалы, «Алпамыс батырда» Байбөрінің түсіне Баба түкті Шашты Әзіз кіріп, әйелінің бір ұл, бір қыз табатыны туралы аян береді, кейін Алпамыстың демеушісі болады. «Қыз Жібек» жырында Төлеген Ақ Жайыққа аттанарда анасы жалғызын жаратқанға, онан соң осы Шашты Әзіз әулиеге тапсыратыны бар. Оның есімі «Қобыланды батыр» жырында да жиі айтылады. Алтын ордаға билік жүргізген Едіге би Шашты Әзіз әулиені өзінің түп атасы санаған. Сондай-ақ тарихи деректерде Баба Түкті Шашты Әзіздің есімі Орта Азия, Қазақстан жеріне Ислам дінін уағыздаушы болып саналатын Ысқақ бабтың замандасы, үзенгілес серігі ретінде жиі айтылады.
Бүгінде қасиетті мекенге кәсіпкер азаматтар демеушілік жасап, шырақшы мен келушілер үйін салып берген. Біз барғанда Орынбордан келген қандастарымыз (ішінде өзге ұлт өкілдері де бар) бір автобус боп келіп жетті. Шетелден ағылып жатқан қонақтар саны көп. Қырғызстан мен Ресейден келетін ғалым-зерттеушілер де бар көрінеді.
Қоңыр күз келсе де Жылыбұлақ жасыл кілем тәрізді көз жауын алып тұр. Маңайын хош иіске бөлеген ауасын жұтқанда бойың байсал тартып, рақат күй кешесің. Шырақшы Шәріп деген ағамыз қайтарда «Еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болсын» деп, барша ата-бабаларымыздың рухына арнап құран оқып, сәт-сапар тіледі.
%d1%80%d1%83%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%b8-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b3%d1%8b%d1%80%d1%83-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%80%d0%be%d0%b2%d0%b0%d1%82%d1%8c

06