ЕҢ ҮЗДІК 50-ДІҢ БІРІ

182
0

Биыл, Конституцияның қабылданғанына 23 жыл толып отыр. Бұл дегеніміз біздің ел әлемдегі егеменді елдердің арасындағы ең жас мемлекет екенін, соған сәйкес Конституциямыздың да жаңа екенін білдіреді. Жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған Ата Заңымыз 9 бөлім, 98 баптан тұрады.
Кез-келген мемлекеттің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Елдің елдігін, сол елдің әрбір азаматының, ұлт пен ұлыстарының, әлеуметтік топтарының мақсат-міндеттері мен құқықтарын айқындап беретін де осы Ата Заң. Басқаша айтқанда, бұл заң әрбір қазақстандық азаматтың жеке төлқұжаты іспетті. Сондай-ақ, барлық заң атаулы осы Конституция аясында жасалып, бас заңды басшылыққа алып қабылданады. Мемлекеттің тұтастығы, саясаты, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, азаматтар құқығының сақталуы, демократиялық құндылықтардың барлығы осы заңның аясына топтасқан. Міне, осыдан-ақ Ата Заңымыздың құнының қаншалықты жоғары екенін аңғаруға болады.
Жоғарыда Қазақстан Конституциясының әлемдегі ең жас құқықтық құжат екенін тілге тиек еткен едік. Бұл біздің Ата Заңымыз басқарлардан әлсіз дегенді білдірмейді. Керісінше, Қазақстандық Конституция жастығымен, заманауилығымен шоқтығы биік деуге болады. Мысалы, Ата Заңымыз өзінің ширек ғасырға жетпейтін тарихында елімізді әлемге танытып үлгерді. Осы жылдар аралығында мемлекеттілігімізді басқаларға мойындатып қана қоймай, еліміздің дамуына да зор ықпал етті. Осы азғана уақыттың ішінде тәуелсіз Қазақстан Ата Заңымыздың арқасында қарыштап дамып, өзін танытуға зор мүмкіндік алды. Мұның барлығы Қазақстанның Ата Заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтіп, өзінің заман талабына сай қабылданғандығын жан-жақты дәлелдейді. Тіпті, көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпы адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституциясының бірі болып саналады екен. Бұл да біздің Ата Заңымыздың әлеуеті мен пәрменінің қаншалықты екенін аңғартқандай
Қали КӨМЕКБАЕВ,
аудандық әділет басқармасының басшысы, ҚР «Заңгерлер Одағы» РҚБ-ның мүшесі.
66