ШАБЛАН ДІЛДӘБЕКОВ АУЫЛ ОКРУГІ АЛДЫНҒЫ ҚАТАРЛЫ ОКРУГКЕ АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

186
0

Жетісай ауданына қарасты Шаблан Ділдәбеков ауыл округінде егістік жер көлемі 5450 гектарды құрайды. Оның 3120 гектарына мақта дәні себілсе, 96 гектарына қауын, 1229 гектарына қарбыз, 189 гектарына жүгері, 592 гектарына жоңышқа, 40 гектарына қырыққабат егілген. Десек те, аталған өнімді еккен шаруалар ауыл шаруашылығы алқаптарын цифрландыруға әлі де болса, құлықсыздық танытып отыр. Яғни, 1380 мемлекеттік актінің бүгінде 861 –і ғана Минагро сайтындағы электронды картаға енгізіліпті. 48 мемлекет акт Әділет басқармасының кемшіліктері бойынша, 44 акт жылжымайтын мүлік орталығының кемшіліктері салдарынан кері қайтарылса, 244 акт қайта рәсімдеуді қажет етеді. 183 актіге әлі күнге электронды цифрлық қолтаңба алынбаған. Бір сөзбен айтқанда, цифрландыру жұмыстары небәрі 65 пайызға орындалып отыр. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімі Жамантай Бейсенбаевтың округ халқымен кездесуінде белгілі болды.
Жиын барысында ауыз су, газ, жол, спорт алаңшалары туралы да кеңінен әңгіме қозғалды. Округ көлемінде елдімекендер бойынша 100 көше болса, 2017 жылы соның 6 ауылындағы 12 көшеге асфальт төселген. Ал биыл жергілікті бюджет есебінен Жамбыл елдімекеніне кіреберіс 940 метрді құрайтын көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл мақсатқа 45 455,0 мың теңге бағытталған. Сондай-ақ, Достық ауылына қарасты ұзындығы 880 метрді құрайтын Мамытқожа көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүріпті. Бұдан бөлек, округ бойынша жалпы ұзындығы 20,3 шақырымды құрайтын 28 көшені орта жөндеуден өткізу үшін сметалық құжаты жасалып, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсынылған.
Округ көлеміндегі 13 елдімекеннің 11-інде табиғи газ жүйелері тартылып, қазіргі таңда 8 елдімекен табиғи газ пайдалануда. Ал 3 елдімекенде Достық, Байдала, Зерделі табиғи газ жүйелері үйлерге тартылғанымен бірақ газға қосылмаған.
Кездесуді қорытқан аудан әкімі көтерілген мәселелерді дер кезінде шешу үшін тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Орындалу барысы қадағалауда болады.
(с) Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

93