«ӨЗІМІЗГЕ ДЕ ОБАЛ ЖОҚ…»

Берік УӘЛИ, «Хабар» агенттігінің тележүргізушісі:

— Біздің арамызда осы Ерімбетов сияқтылар қаптап жүр. Мен Нұрекеңмен еш бас араздығым жоқ. Кейбір ұлтқа қатысты айтып жүргендерін қолдаймын да. Бірақ, Ерімбетов сияқтылардың қауіптілігі сонда, олар екі аудиторияға екі түрлі, екіжүзді саясат ұстанады. Олай дейтінім, егер оларға орыс тілді газеттен тілші келсе, сол аудиторияға ұнайтын, солардың көңілінен шығатын әңгіме айтады. Ал қазақ тілді басылымнан сұхбат алуға келсе, шетінен ұлтшыл, ұлттың жанашыры болып шыға келеді. Біздің көптеген саясаткерлеріміз де сол. Солтүстікке барса сол жақтағыларға жағатын, оңтүстікке барса ондағыларға ұнау үшін не айтпайды дейсің. Бұл жағын енді әбден меңгеріп алған. Шетінен әккі. Ұстатпайды. Мұны бәріміз білеміз. Бірақ, өкінішке қарай, әлі осыны айтпай келеміз. Мысалы: былтыр “Время” газетінде Герольд Бельгер ағамыздың сұхбаты жарияланды. Сонда байқап отырсаңыз, бар сұраққа орыс аудиториясының жанына жағатын олардың ығындағы әңгіме айтқан. Сол кезде қызу талқыланған Қызылжарға, мемлекеттік тілге, тарихқа, тіпті, жазушыларымызға қатысты екіұшты жауап берген. Тауып алып оқыңыздар сол сұхбатты. Өздеріңіз-ақ түсінесіздер астарын. Ал енді бар қазақ қадірлеп жүрген сол ағамызға қазақ газетінен сұхбат алуға келсе, мүлдем басқаша сайрайтынына күмәніңіз болмасын. Міне, біздің сеніп жүрген ел ағаларының сиқы осы. Өзімізге де обал жоқ. Олар не деп жатса да, селт етпейпіз. Содан кейін де Ерімбетов сияқтылар «Қазақ журналистері отбасы ошақ қасындағы әңгімелерден ары аспайды» деп емін-еркін айта береді. Өйткені, ешкім сол айтқан сөздері үшін жерден алып жерге салмайды. Маған кейде осы қазақ баспасөзінің іздеушісі жоқ сияқты боп көрінеді. Ал, бірақ олар орыс аудиториясы туралы осы тектес әңгімені орысша тіс жарып айтпайды. Қазақша айта береді. Өйткені оны олар оқымайтынын жақсы біледі. Ал біз олардың қазақша айтқандарына мәз боп төбемізге көтереміз. Сол айтқандарын орысша айтыңыз деңізші. Олар тілін кесіп алсаң да, айтпайды. Айтып көрсінші, орыс тілді БАҚ-тың бәрі талап жеп қояр еді. Өздерін көк есекке теріс мінгізіп, ешқашан одан кейін өз беттерінен орын бермес еді. Ал бізде ше? Керісінше… Сондықтан да, меніңше, екі аудиторияға осындай екіжүзді саясат ұстанатындармен күресіп, оларды әшкерелеуіміз керек. Сонда ғана олар айылын жияды. Бұдан қоғам да, біз де ұтар едік.

«ТБ».