СЕЙІТЖАНОВ 50 кәсіпкер көшін бастауда

170
0

Forbes Kazakhstan журналы «Оңтүстік» қаржылық сауда өнеркәсіптік корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иегері Серікжан Сейітжановты 2018 жылдың ең ықпалды бизнесмені деп таныды. Осылайша ол қазіргі таңда Forbes Kazakhstan журналының «Қазақстанның 50 ең ықпалды кәсіпкерлері» рейтингісінде көш бастап тұр.
Кез келгеннің маңдайына жазыла бермейтін атаққа ие болған күнгейдің тумасы Серікжан Сейітжанов расымен де бүгінде шаруасы шалқыған, кәсібі дөңгеленген бизнесмендердің қатарында. Оның иелегіндегі «Оңтүстік» қаржы сауда-өнеркәсіп серіктестігінде «Саутс – Ойл» мұнай компаниясы, Smart-Oil бұрғылау мекемесі, құрылыс-сервистік «Мұнайқұрылыссервис» серіктестігі, алтын өндіретін Central Asia Mining, натрий цианидін шығаратын Talas Investment Company зауыты бар. Өнеркәсібін өрге сүйреткен кәсіпкердің меншігіндегі нысандардың қатарына Шымкенттегі Rixos Khadisha Shymkent бесжұлдызды қонақүйін қосыңыз. Былтыр оған қарасты «САУТС-ОЙЛ» ЖШС-гі Шымкенттегі Мұз сарайының 67 пайыздық үлесін 128 миллион теңгеге сатып алғанын да біле жүріңіз. Forbes Kazakhstan С. Сейітжановтың дәулетін 331 млн. АҚШ доллар деп көрсетіп отыр.

Sayts_2
Алдағы уақыттарда жыл сайын ісі ілгерілеп жатқан ықпалды бизнесменнің табысы артпаса кемімейтіні белгілі. Өйткені ол өз бизнесінің адымын ашу үшін жаңадан құрылған Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласынан «Rixos Khadisha Turkestan» атты бесжұлдызды қонақ үй салуға кіріскен. Алты қабаттан тұратын, құны 10 млрд. теңгені құрайтын құрылыс нысанының қазығы былтыр салтанатты жағдайда қазан айында қағылған болатын. Қашанда құр жүрмейтін кәсіпкер Шымкенттің жаңа әкімшілік іскерлік орталығынан мешіт салып жатқанын да айта кетейік.
Осыдан бірер ай бұрын «Turkistan Invest» инвестициялық компаниясының баспасөз қызметі Түркістан облысының Ордабасы ауданында мұнай өңдейтін зауыт салынатынын, жоспар бойынша жылына 2 миллион тонна мұнай өңдейтін зауытты іске қосу 2021 жылға жоспарланып отырғанын, кәсіпорынды қазақстандық Standard Petroleum & Co LLP компаниясы салатынын мәлімдеген болатын. Өз кезегінде Forbes Kazakhstan журналының сайтында аталған компанияның 33 пайыздық акциясы Серікжан Сейітжановтың отбасына тиесілі екенін көрсеткенін ерекше айта кетейік.

«Уақыт».