ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА ЖАРЫҚ МӘСЕЛЕСІ БИЫЛ ШЕШІЛЕДІ

134
0

Шымкенттегі Қаратау ауданында коммуналдық қызметтер бойынша түйіні тарқатылмаған мәселелер өте көп. Мысалы, аудандағы «Асар-2», Өтеміс елді мекендерінің тұрғындары үшін ауыз су бас ауыртар проблемаға айналған. Бірқатар тұрғын алаптары сапалы жарыққа қол жеткізбеген. Ауданға қарасты елді мекендердің көпшілігінде жол сын көтермейді. Тіпті Кеңес дәуірінен бері жөндеу көрмеген көшелер де бар.

Шымкенттегі Қаратау ауданының басшысы Исамидин Қантөреевтің жылдық есебін тыңдауға келген тұрғындар әкімге осындай шағым-талаптарын жеткізді. Ауданға қарасты Сайрам, Шапырашты, Өтеміс, Орманшы, Достық, Қызылсу, Мәртөбе, Исфиджаб алабтарының тұрғындары, қалалық мәслихат депутаттары, жауапты басқарма және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысқан бұл басқосуда И. Қантөреев ағымдағы жылы тұрғын үйлерді сапалы жарықпен қамту үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенін, соған сәйкес қазіргі таңда абоненттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Осы жиында қалалық мәслихаттың депутаты Х. Ахматханов Сайрам ауданынан қосылған елдімекендер диқаншылық шаруамен шұғылданатынын, бірақ олар ағын суға зәру екенін, сондықтан ол аумақтағы ауыл шаруашылығының дамуы кенжелеп жатқанын, егер ондағы 12 қанал жөнделіп, тазаланса нұр үстіне нұр болатынын айтты.
Жыл бойына атқарылған жұмыстарын баяндаған аудан әкімі осы және өзге де проблемаларды ел аузынан естіген соң, жиналған жұртшылық алдында биыл халық үшін ең маңызды саналатын жарық, ауыз су мен жол мәселелерін біржақты шешетінін айтып, уәде берді.

uakit.kz