ҚР Парламент Сенатының депутаты, Әли БЕКТАЕВ: «АГРАРЛЫҚ СЕКТОРДА 2500-ДЕН АСТАМ МАМАН ЖЕТІСПЕЙДІ»

161
0

Елбасының 2017 жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор екенін, аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін айтқан болатын. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Үкімет пен әкімдерге бірнеше тапсырма берген-тін. Тапсырма беру бөлек те, оны жүзеге асыру атан түйеге жүк боларлық жұмыс. «Іс тетігі — кадрда» дегендей, мемлекет басшысының аграрлы секторды алға жылжытуын қамтамасыз ету тап осы білікті мамандарға байланысты екені анық. Бірақ елімізде осы саланың ілгерілуіне сеп болатын мамандар дайындау ісінің барысы көңіл тоғайтарлық па?
«Ауыл» партиясының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаевтың Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында жоғарыдағы сұраққа толыққанды жауап, тарқатылған мәлімет беріліпті.

Өз кезегінде сенатор Әли Бектаев мыңдаған түлек арнаулы оқу орындарын бітіріп жатқанымен, ауыл шаруашылығының білімді және білікті мамандармен қамтылуы әлі де төмен екенін, қабылданған шаралар жеміссіз екенін айта келе, «Бүгінгі таңда ауылдағы мамандардың орта жасы 50-ден асқан, ал ветеринарлардыкі 58-60 жасты құрайды. Аграрлық секторда 2500-ден астам маман жетіспейді. Жыл сайын оқу бітірген 5000-ға жуық түлектің басым көпшілігі ауылға бармай, өз мамандығына сай келмейтін түрлі жұмыстарда жүр, болмаса — жұмыссыз. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, аграрлық мамандықтар бойынша бітірген түлектердің тек 68% ғана жұмысқа орналасады екен, яғни жыл сайын мемлекет есебінен оқытылған 670-тен астам түлек жұмыссыз қалады. Ауыл шаруашылығы мамандықтарын жастардың көпшілігі әйтеуір бір диплом алу үшін таңдайтын сияқты. Сараптамалар көрсеткендей, аграрлық жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің 40%-ға жуығы қалалықтар, ал 70%-дан астамы қыз балалар» деген. Ол қыз балалардың мәртебесін төмендеткісі келмейтінін, бірақ болашақта олардың барлығы дерлік төрт түлікті баптап, алқапты асқа толтыру шаруасына бармайтынын баса айтады.
Депутат “Дипломмен ауылға” бағдарламасы шеңберінде аграрлық оқу орындарынан ауылды жерлерге соңғы үш жылда тек 56 маман ғана жіберілгені туралы деректі алға тартқан. Бұдан бөлек ол, оқу бітірген түлектердің тұрақты жұмысқа орналаса алмауының негізгі себептерін былай деп тізіп өтеді.
«Қазіргі таңда елімізде аграрлық университеттер Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты болғанымен, оларға мемлекеттік тапсырысты Білім және ғылым министрлігі бөледі. Гранттарды бөлу кезінде мамандарға қажеттілік, оқу орындарының материалдық базасы, педагогтардың біліктілігі ескерілмейді. Мысалы, аграрлық мамандықтар бойынша 2018-2019 оқу жылына қарастырылған 2077 мемлекеттік гранттың жартысына жуығы негізінен гуманитарлық, құрылыс, байланыс, техникалық жоғарғы оқу орындарына бөлінген. Олардың арасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де бар. Жоғарғы оқу орындарының көпшілігі ескі құрылғылар мен технологияларды пайдаланады, ауыл шаруашылығы бойынша тәжірибелік алаңдары жоқ, ал оқытушылардың басым бөлігі өндірісте бір күн де жұмыс істемегендер.
Ел ағасы бұл сөздеріне мысал ретінде 2018 жылы С.Баишев атындағы Ақтөбе университетінде аграрлық мамандық бойынша 4-ақ студент бітіргенін, Х.Досмухамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген 13 маманның 8-і ғана жұмыспен қамтылғанын, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген түлектердің 49%, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті түлектерінің 66%, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті түлектерінің 67% ғана жұмысқа орналасқанын атап өтеді. Мемлекеттік грантты бөлу кезінде қисынсыздықтың болып жатқанына да алаңдаушылық танытқан Ә. Бектаев ауыл шаруашылығына бакалавр мамандықтарын дайындауға бар-жоғы 1515 грант бөлінсе, әлеуметтік, мәдени-демалыс жұмыстары, мейрамхана және қонақ үй бизнесі сияқты т.б. қызмет көрсету салаларына 2330 грант бөлінгендігін көрсетіп, мамандар даярлау ісінде де біраз жүйесіздіктің бар екенін нақты дәлелдермен келтіреді.
Депутат «алтын бесік ауыл» балаларының мемлекет басшысының баянды бастамасы, жемісті жобасы «Болашақ» бағдарламасымен әлемдегі ең жетекші оқу орындарында білім алу көрсеткіші көңілден шықпайтынына да қынжылады. Мәселен, соңғы 25 жылда қазақстандық 10400-ден астам жас мұхит асып, мамандық меңгерген. Бірақ солардың ішінде айы оңынан туып, шетелде білімін шыңдаған ауыл балаларының үлесі небары 21 пайызды құрайды екен. Олардың арасында тек 102 түлек қана ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша біліктілік алған. Қазіргі таңда «Болашақ» жолдамасымен ауыл шаруашылығы бойынша шетелде білім алып жүрген стипендианттың саны 16-ны ғана құрап отыр.
Осы деректерді алға тартқан Әли Бектаев аграрлы секторды заманауи технологияларды тиімді қолдана отырып, инновациялық жетістіктер арқылы қарқынды дамыту үшін әлемдегі озық оқу орындарында білім алған жастар бұл салада да жұмыс істеуі керектігі туралы ой айтады.
Жасыратыны жоқ ауыл топырағына аунап-қунап өскен балалалардың біразы ағылшын, орыс тіліне шорқақ келетіні белгілі. Осыны олқылық деп тауып, оларға көп жердің есігі айқара ашыла бермейді. Бірақ тіл білмеді деп, «болар баланың бетін қақпай», керісінше оларға оң ілтипат танытуымыз керек.
Депутат Әли Бектаевтың Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында айтқан кезекті ойы осыған саяды.
«Ауылдағы жастардың бір-ақ кемшілігі бар – ол шет тілін жетік меңгермеуі. Бірақ оның өзін кемшілік деп айтуға болмайды, оған жастардың кінәсі де жоқ. Қайта ауыл жастарының талпынысы, еңбекқорлығы жоғары, отбасына, туған жерге, Отанға деген сезімі ерекше, патриотизмі басым. Сондықтан оларға тілді тереңдетіп үйрету үшін мемлекет тарапынан қосымша шаралар қарастырылуы керек», — деп шегелейді.
Көңілін күпті еткен мәселелерді айта келе халық қалаулысы жоғарыда аталған түйіткілдердің түйінін тарқату үшін Үкімет басшысына төмендегідей ұсыныстар білдіреді. Атап айтқанда,
1. Аграрлық мамандықтарды мемлекеттік тапсырыс арқылы қазақстандық жоғарғы оқу орындарына орналастыру, мемлекеттік гранттарды бөлу құқығын Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру;
2. Еліміздегі аграрлық секторға мамандар дайындайтын барлық жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының материалдық базасын, ондағы оқыту құрал-жабдықтарының жағдайын терең сараптамадан өткізіп, заманауи құрылғылармен қамтамасыз ету, ал студенттерді практикамен қамту үшін оқу орындарын ірі агрокомпанияларға бекіту;
3. Ауыл шаруашылығы мамандықтарына ауыл мектептерінің түлектерін көптеп қабылдау мақсатында оларға жеңілдіктер берудің қосымша шараларын қарастыру, ол үшін ауыл балаларына бөлінетін квотаның көлемін 50%-ға дейін жеткізу;
4. Мемлекеттік грант есебінен аграрлық жоғарғы оқу орындарын бітірген түлектерге ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында кем дегенде үш жыл үздіксіз қызмет етуді заң жүзінде міндеттеу, оған “Дипломмен ауылға” бағдарламасының мүмкіндіктерін бағыттау және аграрлық кәсіпорындарда жас мамандар үшін жұмыс орындарының квотасын белгілеу;

5. “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелдегі және Қазақстандағы алдыңғы қатарлы оқу орындарына іріктеу барысында ауыл жастарына қосымша квоталар бөлу, бір жыл көлемінде шет тілдерін тереңдетіп оқыту үшін мемлекет есебінен дайындық курстарын ашу, оларды жатақханамен, тамақпен, жолақымен қамтамасыз етудің қосымша шараларын қарастыру қажет деп санаймыз.

Әбден елеп-екшеліп жазылған депутаттық сауалында Әли Бектаев «Аталған шаралар жүзеге асып жатса, бұл Елбасы жариялаған «Жастар жылындағы» ауыл жастарына жасалынған қомақты қамқорлық болар еді» деп сөзін түйіндейді.

P.S.Түркістан облысының мүддесін қорғап жүрген ел ағасының күнгейге келген әр сапары кезінде ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстармен танысу, шаруалармен емен-жарқын тілдесу барысында мамандарды мазалаған, халықтың көкейін тескен көп мәселелерді түртіп алып, оны жоғары мінберде отырғандарға жеткізуі өз жемісін беріп жатса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

uakit.kz