ТҮРКІСТАНДЫҚТАРҒА ЕҢ МЫҚТЫ КАРДИОЛОГТАР КЕҢЕС БЕРУДЕ

161
0

Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының көшпелі тобы өз жұмысын Түркістан облысы орталық емханасында бастады, деп хабарлайды uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған емханада аймақ халқын кардиолог Рауза Сұлтанова, аритмиолог Шалқар Смағұлов, кардиохирург Жеңіс Қозыбаев және травматолог Жетпіс Сүлейменов сынды білікті дәрігерлер қабылдап, тиісті кеңестерін беруде.

Айналасы бірер сағаттың ішінде машықты мамандар 100-ге жуық түркістандық тұрғындарға кеңестерін беріп, қажетті ем-домдар тағайындап үлгерген. Басы ауырып, балтыры сыздағандардың арасында сырқатынан сауығып кету шараларын Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасында жалғастыруға немесе осы ауруханада ота жасатуға мүмкіндік алғандар да бар
Елордалық білікті дәрігерлердің мұндай кеңесі түркістандық тұрғындарға екі күн бойына қолжетімді болатынын айта кетейік.
Өз кезегінде бұл шара Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың мұрындық болуымен жүзеге асып отыр.
Қазіргі таңда елімізде жүрек-қан тамыры ауруларының көрсеткіші алаңдатарлық деңгейде. Өлім-жітім себебінің 60 пайызы осы жүрек ауруларынан болып жатады.
Жоғарыдағы шара тек елімізде емес жер бетіндегі халық өлімінің негізгі себебі болып отырған жүрек-қан тамыры аурулары мен оның асқынуларын алдын алу мақсатында өткізілуде.
uakit.kz