АҚ ХАЛАТТЫЛАР ЖАНСАЯНЫ АСЫЛ АРМАНЫНАН АЙЫРМАДЫ

138
0

Білікті дәрігерлердің арқасында Түркістан облысы, Шардара ауданының тумасы Жансая Дүйсенова өлім аузынан қалды. Тек өзі ғана емес оның құрсағындағы бала да кәсіби мамандардың дер кезіндегі көмегімен шыр етіп жарық дүниеге келді.

Жуырда Шардара аудандық орталық ауруханасына жедел жәрдем арқылы Жансая Дүйсенова жеткізіледі. Жергілікті дәрігерлер жүктіліктің 37-апталығындағы жас анаға жедел деструктивті аппендицит деген нақтама қояды. Мамандар ауыр халдегі оны шұғыл түрде санавиация желісі бойынша Шымкенттегі облыстық клиникалық ауруханаға тікұшақпен жеткізеді. Соқыр ішегі жарылып кеткен Жансаяға қолдан келер ем-домды жасау үшін барлық құрал-сайманын сайлап отырған облыстық аурухананың машықты мамандары оны дер кезінде операция үстеліне жатқызып тиісті көмектерін жасауға кірісіп кетеді. Операция кезінде ақ халаттылар ауруы асқынған жас келіншектің жатыры мен ішектерінің іріңдеп кеткенін анықтап, қажетті шараларды өте кәсіби шеңберде орындап шығады. Олар ең басты міндет ана өмірін сақтап қалу мәселесін бір сәт естен шығармайды. Бірақ алтын қолды дәрігерлер өздерінің кәсіби шеберлігінің арқасында ананы асқынған аурудың құрбаны болудан аман алып қана қоймай, оның құрсағындағы сәбиіне де жарық дүние есігін сыйлайды.
Шардаралық жас ана ауыр халде болғандықтан дәрігерлер іштегі баланы құтқару үшін оны кесар тілігі арқылы босандырады.
Қорыққан түбі қуаныш болған жағдайын Жансая былай деп баяндайды.
– Үйде ішім ауырып біраз жүрдім. Мазам кеткеніне қарамастан, айтолғақ деп өзімді жұбаттым. Кейіннен ішімнің ауырғаны соншалық, аяқтан тұрып жүре алмадым. Жатып қалдым. Содан соң құса бастадым. Осыдан кейін жәдел жәрдем шақырудан басқа амалым қалмады. Аудандық ауруханаға түскен кезде соқыр ішегімнің жарылып кеткенін білдім. Одан кейінгі сапырылыс есімде анық сақталмады. Әйтеуір есімді жиып, көзімді ашсам тікұшақта екенмін. Дәрігерлер болмағанда аман қалуым екіталай еді.
Осылай деген ол қызының да көрер жарығы бар болғанына қатты қуанып жатқанын жасырмады.
Өз кезегінде облыстық клиникалық аурухананың хирургия жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Елдос Сұлтанов «мұндау ауыр асқыну кезінде әйел адамның жатырын сақтап қалу көп жағдайда мүмкін бола бермейді. Бірақ ауруханадағы хирургия бөлімі мамандарының едел-жедел ем жүргізуінің нәтижесінде біз Жансаяның келешекте құрсақ көтеру бақытын көруіне қол жеткізіп отырмыз,- дейді.
Айтпақшы Жансая әуелі Құдайдың содан соң білікті дәрігерлердің арқасында өмірге қыз бала әкелді. Үйіндегі тұңғышы да қыз. Енді ол болашақта өмірге шекесі торсықтай ұл әкелуді ниет етіп отыр.
Сөз соңында асыл ананы осындай мақсат-мұратынан айырмаған ақ халаттылардың еңбегі әрдайым өнімді, ал оның өмірге әкелген сәбиі өмірлі болсын демекпіз.
uakit.kz