Ханқорғанның шындығы қашан ашылады?

Біздің ауылдың етегінде үлкен төбе бар. Дәл жанынан Арыс өзені ағады. Бала кезімізде төбесіне шығып, төңірекке тамсана қараған біздер де алпысты алқымдап, өткен күндерге қимастықпен қараймыз.
IMG_1138-678x381 (1)
Одан бері де Ханқорғанның төбесіне талай бала шығып, талай уақыт өткеніне қарамастан бұл төбенің қандай ерекшелігі барына көз жеткізе алмай келе жатқандары рас. Шынында да осынау мүлгіп жатқан төбенің құпиясы әлі күнге ешкімге мәлім емес. Тек, көнекөз қариялардан естуімізше бұл төбеде бір кездері атақты Абылай хан, Жәнібек хан, Кенесары ханның немересі Сыздық сұлтан ақырғы демдері таусылғанша тұрып, кейін Түркістанға жерленген дейді.
Ханқорған туралы Әбіш Кекілбаев пен Өзбекәлі Жәнібековтің еңбектерінен де кездестіруге болады. Оңтүстік өңірінің Қарабұлақ ауылынан 6-7 шақырымдай қашықтықта, Арыс өзенінің жағасында Абылай ханның ставкасы болған дегенді екеуі де атап көрсеткен. Кеңес одағы тұсында мұндай тарихи орындарға онша назар аударылмай, керек болса жан-жағын жырымдап, егістік алқабына айналдырып жіберген. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осы ауылдың тұрғыны, тарихшы-журналист Тұрғанбек Дүйсалиев Ханқорған жөнінде өз бетінше зерттеу жүргізіп, бірнеше тарихи дүниелер жазды. Оның «Ханқорғанның соңғы ерлігі» атты еңбегі тарихшы ғалымдардың жоғары бағасын алды. 2000 жылдары Сайрам ауданын басқарған Қуаныш Айтаханов Ханқорғанға көңіл бөліп, төбесіне белгі орнатты. Зерттеу жұмыстарын бастауын бастағанымен кейін Қ. Айтаханов басқа ауданға басшылыққа кетіп, археологиялық зерттеу жұмыстары аяқсыз қалды. 2010 жылдары осы ауылдың тумасы белгілі ғалым Лесбек Тәшімов аяқсыз қалған істі қайта қолға алдырды. Облыстық бюджеттен қаржы бөлдіртіп, қазба жұмыстары басталды. Көне жәдігерлер қатарына Ханқорғаннан табылған қыш құмыралар, су құбырлары, ескі тиындар, т.б. қойылып, әліптің артын бақтық. Бірақ бұл бастама да ақырына жетпей, аяқсыз қалды.
Оған Л. Тәшімовтің кінәсі жоқ, уақытылы бөлінбеген қаржыға қатысты археологтар жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ханқорғанға қайта көңіл бөлінді. 2017 жылдың күзінде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыс деңгейіндегі барлық басқарма, бөлім басшыларымен, аудан әкімі Бақтияр Мамаевпен бірге Ханқорған төбесіне жиылып, алқалы кеңес өткізді. Келешекте Ханқорғанды қайта жаңғырту, қазба жұмыстарын жүргізу, ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру, туризм аймағын жасау туралы келісті. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінетінін айтқан облыс әкімі тиісті сала басшыларына тапсырма да берген болатын. Иә, көпшіліктің күпті көңілдері орнына түсіп, құпиясын ішіне бүгіп жатқан Ханқорғанның шындығы ашыларына шын қуанды. Тарихымызды түгендеп, келер ұрпаққа аманаттап жатсақ қанеки!
Міне, содан бері де жылжып жылдар өтті. Естуімізше биылғы жылы Ханқорған төбешігін зерттеу жұмыстары басталмақ. Ал, бұған дейін Ханқорғанға дейінгі жалғыз аяқ жол кеңейтіліп, толығымен асфальт төселді. Енді жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Лесбек Тәшімов ағамыз ауылға түсе беріс дөңеске өз қаражатына жасалған Абылай ханның ескерткішін әкеп орнатты.
Жақын арада ашылу салтанатын өткізу жоспарланған. Құдай қаласа, Ханқорғанның шындығы, талай ғасырларды ішіне бүккен құпиясы да ашылар күн жақын. Атақты хандар мен сұлтандар тұрған Ханқорған ауылының әлі-ақ туристер ағылып келер киелі орынға, туризм аймағына айналарына сенеміз.

Ердәулет Сұлтан,
Ханқорған ауылы,
Сайрам ауданы.