Шекарашыларды өлтірген Челах екен

400
0

Мамыр айының 27-сінен 28- іне қараған түні Алматы облысындағы «Арқанкерген» шекара бекетінде орын алған жан түршіктірер оқиға жұртшылықтың әлі есінде. Әр күні жаңа деректермен де толығуда. Бекетте 15 шекарашы болған. Қанқұйлы оқиға болған күні 14 әскеридің және 1 қорықшының өртенген мәйттері 2-3 күннен соң табылған. Ал он бесінші шекарашы ұшты-күйлі жоқ боп шыққан. Түрлі жорамалдар жасалды, алыпқашпа сөздер айтылды, әйткенмен қолмен ұстар факті болмағандықтан, құқық қорғау органдары пәлен деп, акқиқатты айтуға асықпаған-ды.Кеше, яғни маусымның 7- і күні ҚР Бас прокуратурасы тосын мәлімдеме жасады. Олардын айтысына қарағанда, он бесінші шекарашы табылып, бекеттегі барлық сақшылар мен қорықшыны қырып салғанын және бекеттің казармалық-шаруашылық құрылыстарын бензин шашып, өртеп жібергенін мойындаған. Шекарашы Владислав Челах мұндай қадамға ішкі қақтығыстардың және түсіндіруге жатпайтын өз әрекетімен байланыстырады. Барлығын өлтіргеннен кейін В. Челах қылмыс ізін жасыру үшін бой тасалаған. Алайда, арада 6 тәулік өткенде оны жергілікті шопандар қыстағынан тапқан.
Осы оқиғаға қатысты Талдықорған гарнизонының әскери прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 96- бабы, 2 тармағының а) тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. Егер В Челахтың жасаған қылмысы дәлелін тапса, 10 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айырылады екен.  Сонда 20-ға да толмаған өрімдей  жігіттерді жер жастандырған, ешбір кінәсі жоқ қорықшыны қоса өлтірген қандықолға берілер жазаның мерзімі осы ғана болғаны ма?
Айтпақшы, «Арқанкерген»  шекаралық бекетіндегі байланыстың болмағанын жасырған «Сары бөктер» заставасының бастығы Алексей Фомин де қамауға алынды. Барлық қаза тапқан шекарашылардың аты-жөндері белгілі болып, олардың отбасыларына үкімет тарапынан көмектер көрсетілуде.

Е. СӘРСЕНБИН