ЕЛБАСЫ ШЫМКЕНТ ӘКІМІНЕ ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕГЕ ҚЫРАҒЫ БОЛУ КЕРЕКТІГІН АЙТЫП БЕРДІ

267
0

Ақордада мемлекет басшысының қабылдауында болған Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Елбасыға 2018 жылдың қорытындысы бойынша барлық макроэкономикалық көрсеткіштердің жоғарылағанын атап өтті, деп хабарлайды uakit.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

– Өткен жылы 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Орташа жалақы мөлшері 6,6 пайызға өсіп, 113 700 теңгеге жетті. Ал, жан басына шаққандағы орташа кіріс көлемі 19 пайызға артып, 60 427 теңгені құрады. Сіздің тапсырмаларыңызды орындау мақсатымен тұрғындар үшін жылудың тарифі 19 пайызға, судың тарифі 10 пайызға, газдың тарифі 5,8 пайызға және электр қуатының тарифі 6,8 пайызға төмендетілді, — деді Шымкент қаласының әкімі.

Қазақстан Президенті берілген мәліметтермен танысқан соң, өңір әкімдері халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, коммуналдық қызметтердің тарифтерін реттеу, жолдардың сапасы, аулаларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық қауіпсіздік, ауыз сумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамдық көлік пен коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің жұмыстары жөніндегі мәселелерді әрдайым бақылауда ұстау қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысы бұл мәселелер Қазақстан Президенті Әкімшілігінің ерекше бақылауында екенін атап өтті.