ТЕМЕКЕНІ ТАСТА, ЖАҢА ӨМІРДІ БАСТА

145
0

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек» дегенді баса айтқан болатын. 

Осы мақсатта Шымкенттегі дендробақта  «7 көктемгі әуен» атты  акция өтті. «31 мамыр – Дүниежүзілік темекі шегумен күрес күніне» орай өткізілген шараның ұраны –  «Біз – темекісіз Қазақстанды қолдаймыз!» болды. Акция барысында Шымкент қаласының жастары 7 түрлі музыкалық аспаптарен атап айтқанда, домбыра, гитара, флейта, қобыз, саксофон, скрипка және т.б музыкалық аспаптармен өнер көрсетті. Іс-шараға нарколог мамандар да қатысты. Олар жиынға жиналған жастарға зиянды әдеттің залалы және одан айығудың жолдары жөнінде тегін кеңес өткізді.

Мамандар әлдеқашан-ақ темекі тарту өліммен аяқталатын көптеген аурулардың асқынуының басты себебі деген ұйғарым жасаған. Соған қарамастан көптеген адамдар бұл зиянды әдеттен біржола арылуға қауқарсыздық танытуда. Салдарынан адам денсаулығы бойынша кері көрсеткіштің көбеюі тоқтамай отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынған дерегі бойынша жыл сайын әлемде 6 миллионға жуық адам тап осы темекі тартудың салдарынан көз жұмады екен. Бұл ойланып, оң шешім қабылдайтын дерек.

«Уақыт».