ШЫМКЕНТТІ ОРТА АЗИЯДАҒЫ ЕҢ ҮЗДІК ҚАЛА ДЕП АЙТУҒА ТОЛЫҚ НЕГІЗ БАР…

132
0

2016 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Көкше төріндегі Бурабай демалыс орнында берген сұхбатында «Мен айтар едім, қазір кеңдік болғаннан кейін біз жер шарын шарлап, демалысқа анда барамыз, мұнда барамыз. Дүниедегі адамдар демалатын әдемі жерлердің бәрін де көріп шыққан адаммын. Келе жатқан ұрпаққа да, замандастарыма да айта аламын: мен қазір ешқайда барғым келмейді. Мына қазір Бурабайда отырмыз. Мұндай керемет жерді осы күнде көрмейсің» дегені ел есінен кете қойған жоқ.

Расында Қазақстанның қай өңірін алып қарасаң  да көз тартар көрікті жерлер өте көп. Солардың қатарында Қазақстандағы үшінші мегаполис Шымкент те бар. Жуырда «National Geographic»  журналы өкілдерінің қаламызға саяхаттауы соның жарқын мысалы.

Аты әлемге танымал, оқырман саны 800 миллионға жетеқабыл «National Geographic»  журналаның өкілдері Шымкентке табан тіреді. АҚШ-та шығатын белді басылымның өкілдері үшінші мегаполистегі 40-қа жуық нысанды аралап, ол жерлерден алған әсерін өз оқырмандарымен бөлісетін болады. Бұл экспедицияны Шымкенттің тумасы Оразалы Кәрімбаев ұйымдастырды. Сол кісінің шақыруы бойынша Шымкентке пейзажист, журналдың бас фотографы Ерболат Шадрахов, «National Geographic Qazagstan» елшісі Саясат Нұрбек, алматылық спорт фотографы Никита Басов, сондай-ақ бейнеоператорлар мен сценаристер келді. Олар қаланың біраз нысандарын аралап үлгерді. Оларды бастап жүрген эспедиция жетекшісі Дәурен Құдайберген бұл саяхат туралы өз пікірін былай деп бөліседі.

– Шымкент өңіріне келген экспедиция құрамының барлығы өз саласының нағыз майталмандары. Мәселен, біз Тайландтан шетелдік фотограф Сасин Типчайды (Sasin Tipchai) арнайы шақырдық. Ол фототүсірілім кезінде ерекше қайталанбас сәттерді нысанаға ала білетін шығармашылық қабілетке ие. Оның қолтаңбасынан шыққан композициялардың барлығы танымал. Осы күнге дейін ол көрермендердің қызығушылығын тудырған өз коллекциясын жасап үлгерді. Бізбен бірге оның отандасы өзіндік стилі бар Ситипонд Сомнан да (Sutipond Somnam) жұмыс істейді. Ол әртүрлі халықтардың салт дәстүрінен мол хабар беретін суреттерді түсіреді. Біздің командада Сіздердің жерлестеріңіз Мақсат Шағырбаевтың да бар екенін айта кеткен жөн. Жалпы оның жақында ғана журналдың ресми фотографы әрі кеңесшісі болғаны біз үшін қуантарлық жағдай.

Осылай деген ол экспедиция мүшелері үшін Шымкентте таң қалып, таңдай қақтырған жерлерге де тоқталып өтті.

– Шымкентте бізді не қызықтырды? Мұнда қызмет көрсету саласы өте жоғары. Адамдары ашық әрі көңілді. Автомобиль жолдары да жақсы. Тамақтарының дәмі тіл үйіреді. Яғни, аспаздық деңгейі дамыған. Керемет әсер берген нысан ол – еңселі Бәйдібек би ескерткіші.  Тұтас қаланы тамашалуға болатын бұл ескерткішті жасауда оның авторының біраз тер төгіп, барын да, жанын да салып еңбек еткені анық сезіліп тұр. Арбатта өткізілген «Отбасы фестивалі» де жағымды әсер қалдырды. Күнгейліктердің креативтілігі айқын көрініп тұр. Қорыта айтқанда Шымкентті Орта Азиядағы ең үздік қала деп айтуға толық негіз бар.

Миллиондаған адамдар жата-жастана оқитын бұл журнал Ұлттық географиялық қоғамның ресми басылымы болып табылады. Ол 1888 жылдан бері әртүрлі елдерде шығарылып келеді. Қазақстанда бұл басылым 2016 жылдан бастап жарық көреді. Қазіргі таңда осы басылым Орта Азия бойынша тек Қазақстанда ғана шығарылуда. Бұл жолы «National Geographic» шетелдік басылымы алғаш рет қазақ тілінде басылып шығатын болады. Осылайша қазақ тілі басылымның 38-ші ресми тілі болмақ.

Жалпы бұл журналды жарыққа шығарушылар география, табиғат, тарих, ғылым мен мәдениет туралы мақалалар жариялауға басымдық береді. Ондағы материалдар көп фотосуреттермен бірге жүреді. Басылымның мақсаты – табиғат сұлулығын көрсету және адамзатты оны барынша қолдауға шақыру.

Жоғарыда бұл журнал Қазақстанда 2016 жылдан бастап шығарылып жатқанын айтып өттік. Сол уақыттан бері журнал өкілдері елімізде бірнеше экспедициялар мен фотокөрмелер өткізіп үлгерді.

Ал олардың Шымкенттегі экспедициялары бойынша жасаған жұмыстары нақты қай уақытта жарыққа шығатыны әл-әзірге белгісіз. Бірақ алдағы уақытта Шымкенттегі көз тартар көріністердің журнал беттерінде жарқырап тұруы қалаға келуді жоспарлап жүрген кез келген турист үшін оң әсер берері сөзсіз.

«Уақыт».