ЕЛОРДАДА «ТӨЛЕ БИ» ТУЫНДЫСЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

ЕЛОРДАДА «ТӨЛЕ БИ» ТУЫНДЫСЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Былтыр маусым айында Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осылайша Түркістан облысының құрылғанына жыл толуына орай, Нұр-Сұлтан қаласында 10 сериялы «Төле би» фильмінің тұсауы кесілді.

Бұл туралы uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстың мақтанышы «САҚ» киностудиясы мен «Оңтүстікфильм» мекемесінің бірлесіп түсірген «Төле би» телехикаясы өзінің тарихи салмағымен, мағыналық ауқымымен ерекшеленіп, көрерменді төл тарихымыз бен ұлы тұлғаларымызды құрметтеуге шақырып қана қоймай оларды ұлтжандылыққа тәрбиелейді.
Телехикаяда Төле бидің балалық шағынан бастап күллі қазаққа танылып, мойындалған қарт кезіне дейінгі өмірі толық қамтылады. Сонымен қатар оның Тәуке хан, Қазыбек би, Әйтеке би, Бөгенбай, Қабанбай батырларлар секілді замандастарымен үзеңгілес болып, өз елі мен жерінің қамын жеген қаншама іс-әрекеттері кеңінен баяндалады.
Телехикая 10 сериядан тұрады. Әр сериясы 30 минутқа дейін жалғасады.Туындының режиссері – Батырхан Дәуренбеков, продюсері –Нуриддин Паттеев, көркемдік жетекшісі – Сатыбалды Нарымбетов, сценарий авторы – Бақытжан Құлжабай, Шойбек Орынбай, қоюшы оператор – Фуркат Саипов, композитор – Руслан Шынықұлов. Басты рөлдерді – Абзал Төлен және Сағындық Жұмаділов сомдайды.
uakit.kz

ПІКІР ЖАЗУ