ШЫМКЕНТТЕН СЕНАТ ДЕПУТАТТЫҒЫНА АЙГҮЛ ҚАПБАРОВА САЙЛАНДЫ

180
0

Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында ҚР Парламенті Сенатының шығып қалған депутатының орнына сайлау өтті. Сайлауда басым дауысқа Айгүл Қапбарова ие болып, жеңіске жетті.
Оған Шымкент қалалық мәслихаттың 27 депутаты үміткер ретінде тіркелген 3 кандидаттың арасынан өз таңдауын жасады. Республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленген Шымкент қаласынан Сенатқа депутаттыққа ұсынылған үміткерлер қатарында «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директоры-бас редакторы Айгүл Қапбарова (қала мәслихатының ұсынуымен), сондай-ақ өзiн-өзi ұсыну тәртiбiмен №45 мектеп-гимназияның директоры Рамиля Искандерова және «Жанубий Қозоғистон» газетінің бас редакторы Әлішер Сатвалдиев болды.
Сайлау қортындысы бойынша Айгүл Қапбарова 23 дауыспен жеңіске жетті. Сайлау барысында барлық заң рәсімдері сақталды. Заң талаптарына сəйкес, Орталық сайлау комиссиясы 7 күннен соң шешімін шығарып, депутатқа тиісті мандатын береді.
Айта кетсек, Айгүл Қапбарова 1975 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.
Айгүл Жарылқасынқызы еңбек жолын 1997 жылы облыстық телерадиокомпанияның редактор-тілшісі болып бастаған. Одан кейін 2003-2011 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінің саясат бөлімінің меңгерушісі, 2011-2012 жылдары «Шымкент Медиа» МКК директоры-бас редакторы болып істеді. 2012 жылдың наурыз айынан бүгінге дейін «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директор-бас редакторы қызметін абыроймен атқарды
uakit.kz