ПОЛИЦЕЙЛЕР ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ПАРА АЛАДЫ?

Полицейлердің сыбайлас жемқорлыққа баруы республиканың барлық өңірінде кездеседі. Бірақ ең көп көрсеткіш үш мегаполисте байқалған.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ішкі істер органдарындағы жемқорлық қылмыстар мониторингінің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды  uakit.kz ҚазАқпарат-қа  сілтеме жасап.

Нәтижесінде соңғы бір жылда полицейлер арасында сотталғандардың ең көп саны Нұр-Сұлтанда тіркелген. Онда 42 қызметкер сыбайлас жемқорлыққа барса,  Алматыда -26, Шымкентте -23 тәртіп сақшысы заңсыз қаражатқа ие болу әрекетіне барған.

«Ішкі істер органдары жүйесіндегі тергеушілер, учаскелік инспекторлар, жол-патрульдік қызмет инспекторлары қылмыстар мен заң бұзушылықтардың бетін жабу үшін пара алып отырған. Ал түзету жүйесінің қызметкерлері көбінесе сотталғандарды «жеңілдетілген» жағдаймен қамтамасыз ету үшін атап айтқанда, телефон қолдану, жұмысқа орналастыру, тыйым салынған заттарды тасымалдауға мүмкіндік бергеніне, пробация қызметкерлері бақылауындағы адамдардың облыс аумағынан тыс жерлерге шығуын жылдамдату үшін сыйақы алған», — деді Превенция департаментінің басшысы Анар Жарова агенттіктің баспасөз орталығында өткен брифингте.

Оның айтуынша, төтенше жағдайлар бөлімшелерінің қызметкерлері де жемқорлықтан шет қалмаған. Олар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін, сондай-ақ жұмысқа қабылдау кезінде жалпы қамқорлық көрсеткені үшін заңсыз қаражатқа ие болған.

uakit.kz

Сурет: ашық дереккөз

ПІКІР ЖАЗУ