ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ – ҚЫЛМЫС

Былтыр елімізде тіркелген қыз алып қашу дерегінің тең жартысына жуығы Түркістан облысында орын алған.

Қыз алып қашу дәстүр емес, қылмыс. Түркістан облысының прокуратурасы осыны алға тарта отырып, шаңырақ көтергісі келетін азаматтардың «қыз алып қашу – дәстүр» деген ұғымнан қашық болуын ескертеді.

Қадағалаушы орган өкілдері былтыр елімізде дәл осындай қылмыстың 210 фактісі тіркелгенін мәлімдейді. Оның жартысына жуығы, дәлірегі, 102-сі Түркістан облысында орын алған.

Облыста қыз алып қашу оқиғасы көп тіркелетін  аумақ Түркістан қаласы. Былтыр киелі кентте мұндай фактінің 29-ы орын алған. Сайрам мен Кентау қаласында мұндай жағдайдың 19-ы тіркелген. Сонымен қатар, Жетісай, Мақтаарал, Келес пен Төлеби аудандарында да осындай фактілер  жиі кездескен.

Осыған орай Түркістан облысы прокуратурасы азаматтарға қыз алып қашуға барғандар ҚР ҚК «Адам ұрлау» бабымен жазаға тартылатынын қатаң ескертеді.  Сондай-ақ, оған қатысқан барлық азаматтар жазықсыз қалмайтынын шегелеп, заңсыз әрекеттерге бармауға шақырады.

«Уақыт» газеті.

Сурет: ашық дереккөз