ӘСКЕРГЕ ЖАРАМСЫЗ ЖАСТАРДЫҢ КӨПШІЛІГІНДЕ ПСИХИКАЛЫҚ АУЫТҚУШЫЛЫҚТАР БАР

Қазақстанда мерзімдік әскери қызметке жарамсыз деп танылатын аурулар арасында психикалық және мінез-құлық ауытқушылықтары көш бастап тұр, деп хабарлайды uakit.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманов айтып берді. «Жыл сайын әскерге шақыру кезінде 200 мыңнан астам жас медициналық тексеруден өтеді. Оның 78-80% әскери қызметке жарамды болып шығады және 20-22% жарамайды. Бұл көрсеткіштер соңғы жылдары тұрақты болып отыр және әскерге шақыру үшін дені сау жастардың жеткілікті резервін көрсетеді», — деді Б. Құрманов ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында.

Сонымен қатар, кейбір әскерге шақыру бекеттерінің медициналық комиссиялары азаматтарды негізсіз әскери қызметке шақырған. «2019 жылы 24 әскери қызметші жарамсыз деп үйіне қайтарылды. Оның басты себептері — жергілікті атқару органдарындағы медициналық комиссия жұмысының кемшілігі, әскерге шақырылғандарды медициналық тексерудің сапасыздығы, шектеулі зерттеу мүмкіндіктерінен кандидаттарды алдын ала жеткілікті түрде зерттемеу болып отыр. Денсаулық жағдайына байланысты мерзімдік әскери қызметке жарамсыз деп танылатын аурулар арасында психикалық және мінез-құлық ауытқушылықтары (25,4 %) көш бастап тұр», — деді министрдің орынбасары.

Екінші орында қан айналымы мен жүйке жүйесі (12,7 %) аурулары, үшінші орында — несеп-жыныстық жүйесі (10,4%) мен ас қорыту мүшелерінің аурулары (10,4%) тұр.

uakit.kz

ПІКІР ЖАЗУ