МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗБЕН, МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ!

377
0

Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ, ҚР Журналистер одағы ОҚО филиалының төрағасы:

Баршаңызды кәсіби мерекеміз байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын.

  Еркін сөз бостандығын қалыптастыруды көздеген қазіргі заманда журналистикаға артылар жауапкершілік жүгі айрықша. Ақпараттық технологияға ауысқан тұста аталған саланың маңыздылығы мен мәртебесі тіптен арта түсті. Қас қағым сәтте дүбірге толы дүниенің төрт бұрышынан хабар алдыртып, сан тарапқа тарата алатын тілшілердің қолына толағай күш топтасты. Демократиялы қоғамда «төртінші билік» өкілдерінің әрекеті мен әлеуеті орасан зор екендігі күмәнсіз.

     Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік мүдде мен ұлттық ұстанымды басты бағдаршамына айналдырып, шығармашылық күш-қуатын  жұмылдырылса табысымыз тағы да еселенер еді. Әсіресе, баспасөздің басым бөлігі жекеменшік қолға өткен нарықтық кезеңде. Себебі, басылым жекеменшік болғанымен оқырман мен көрермен ортақ. Демек мемлекеттік мүддені көздеп, ұлттық ұстанымды ұстанып ортақ қауымға қатарласып, қанаттасып қызмет ету парыз.

   Заман ағымындағы журналистердің еңбегі  халықтың көз алдында өтіп жатыр. Газет оқымайтын, телеарна көрмейтін, радио тыңдамайтын, интернетке үңілмейтін жан жоқ шығар. Бұл саламызға қатысты сұраныстың күн санап арта түскенін айғақтайды. Мұндай үдерістер қаламгерлер қауымынан талғамы өскен, танымы тереңдеген оқырман мен көрерменге лайықты қызмет ету үшін тың  ізденісті талап ететіндігі сөзсіз. 

Қазақ журналистикасында өзіндік мектебі қалыптасқан Оңтүстікте де бұқаралық ақпарат құралдары уақытпен үндесіп даму көшінің бел ортасында келеді. Жаңадан медиа-бизнес құрылымдары қалыптасып, жалпы ашылған басылымдар жөнінде еліміз бойынша алғашқы орындардың біріндеміз. Кәсіби журналистер қауымының қатарына өзіндік қарым-қабілетімен ерекшеленетін жас толқынның қосылуы да құлшынысты еселей түседі. Баспасөз — билік пен халықтың дәнекері десек, өңірде осы байланысты тереңдететін байыпты, байсалды шығармашылық ұжымдардың еңбегі бағалауға лайық. Журналистиканың қиындықтарын қайыспай көтеріп, міндеттеріне барынша адалдық танытып жүрген әріптестерге тек сәттілік тілейміз.

Қадірлі қалам ұстаған қауым, еткен еңбек пен төккен тер Тәуелсіздікті  тұғырлы етуге жұмсала берсін. Қасиетті қаламның құдіреті шығармашылықтың шыңына көтеріп, абырой-беделдің биігінде асқақтатсын. Мереке құтты болсын!