ӨРТКЕ ҚАРСЫ МИНЕРАЛДЫ ЖОЛАҚ МЫҢ ШАҚЫРЫМ АУМАҚҚА ЖҮРГІЗІЛДІ

314
0

Шымкентте жалпы жиыны 1 мың шақырым аумаққа өртке қарсы минералды жолақ салынды. Орман және дала өрттерін алдын алу мақсатындағы бұл жұмыстар ерте көктемде басталған.

Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрболат Дербісов қала әкімі Мұрат Әйтенов жүргізген онлайн жиналыста мәлімдеді.

Өз кезегінде Нұрболат Дербісов мың шақырымға жалғасқан минералды жолақтың 406 шақырымы орман қоры жерлерінде, 400 шақырымы  егістік алқаптарында,65 шақырымы республикалық маңызы бар жолдардың бойында, 315 шақырымы жергілікті автомобиль жолдарының бойында  салынғанын айтты. Сонымен қатар ол, орман-дала өрттерін дер кезінде ауыздықтау мақсатында аудан әкімдіктері тиісті елді мекендерде 52 өрт сөндіру тобын құрғанын, ол барлығы 527 адамнан тұратынын жеткізді. Өрт сөндіру тобы 94 бейімделген қосалқы техникамен, 22 өрт сөндіру мотопомпасымен және қолда бар өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған.

Бұдан бөлек департамент басшысы  қызыл жалын орман мен дала жеріне ауыз салған кезде өртті дер кезінде сөндіру үшін бір соқалы трактормен бірге 3 тонна суы бар тіркемелі бөшкелер мен 4 уақытша бақылайтын өрт сөндіру бекеттері құрылғанын тілге тиек етті.

Сондай-ақ ол өрт жағдайына байланысты деректерді де көрсетті. Оның сөзінше жыл басынан бері Шымкентте орын алған өрт саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға аз. Тілсіз жаудан адамдардың қаза болуы да есепті кезеңде 40 пайызға кеміген.

«Десе де, арқаны кеңге салуға тым ерте. Себебі, алда өрт қаупі жоғары маусымы таяп тұр. Маусымның аптабы мен шілденің шіліңгір ыстығы аса қатты сақтықты талап етеді».

Осылай деген қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкент –  өрт қаупі жоғары өңір екеніне баса тоқталып, өрт оқиғасы орын алған жағдайда бірінші кезекте сол ауданның басшысы жауап беретінін ескертті.

Және де ол жауапты басшыларға аудан аумағында орналасқан барлық заңды тұлғалар арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бақылауды күшейтуді жүктеді.

uakit.kz