МЫРЗАКЕНТТЕГІ ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫ ДЕЗИНФЕКЦИЯЛАНДЫ

347
0

«Елу жылда  –  ел жаңа». Мақтааралда болған селден соң билік аудан орталығы Мырзакент шетінен ықшам аудан салу туралы шешім шығарған болатын. Енді бірнеше айдан соң аталған ықшам ауданда 500-ден астам тұрғын үй бой көтереді. Қазіргі таңда ол жер қызған құрылыс алаңына айналған. Десе де тиісті сақтық шараларына әлден назар салған жөн.

Осы мақсатта  аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы Мырзакент кентіндегі құрылыс алаңын дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді. Аталған басқарманың бөлім басшысы Гаухар Сәулебекова бұл шара әртүрлі инфекциялық аурулардың ел ішінде таралуын болдырмау және далалы жерде кездесетін қан сорғыш жәндіктерді жоюға бағытталғанын айта келе, «Далалы жерлерде кене, бүрге сияқты зиянды жәндіктер жиі кездесетіні белгілі. Сондықтан құрылысшылардың және болашақта осында көшіп келетін халықтың қауіпсіздігі үшін профилактикалық шаралар іске асырылуда»,-деді.