ШЫМКЕНТ: БАДАМ ӨЗЕНІНЕН ЖАСӨСПІРІМНІҢ МӘЙІТІ ТАБЫЛДЫ

365
0

Шымкентте Бадам өзенінен жас жігіттің мәйіті табылды, деп хабарлайды uakit.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Марқұмның тұлғасын анықтау барысында оның 17 жастағы жасөспірім екені анықталған. Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдай кеше түс ауа сағат 16:23-де орын алған. Тұрғындар Бадам өзенінен жас жігіттің мәйіті табылғанын хабарлаған. Оқиға орнына жедел-құтқару жасағының 3 адамы мен 1 техникасы, Абай аудандық ТЖ бөлімінің қызметкерлері, 20 тәртіп сақшысы мен 6 техникасы, жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылған. Кейіннен марқұмның қалаға қонаққа келген Төлеби ауданы, Ленгір қаласының тұрғыны екені белгілі болған. Алдын ала болжам бойынша ол байқаусызда суға құлап кеткен. Төтенше жағдай қызметкерлері ауа райының ыстық болуына байланысты тауларда қардың қарқынды еруі жүріп, Бадам өзенінде су көлемі көбейіп отырғанын айтады. Қазір өзендегі судың тереңдігі 2 метрге, ені 40 метрге жеткен. Абай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері қайғылы оқиғаның себеп-салдарын анықтау жұмыстарын жүргізуде.

Бұл қала бойынша жыл басынан бергі алғашқы қайғылы оқиға. Естеріңізге сала кетсек, осыдан бірер күн бұрын Шымкент қаласының Төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары Ерғали Бахаев жыл басынан бері Шымкенттегі су айдындарында жазатайым оқиғалар тіркелмегенін мәлімдеген болатын.
uakit.kz