ӨЗБЕКСТАН НЕГЕ МЫҢ ҚҰБЫЛАДЫ?

403
0

Өзбекстанның Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiмшарты ұйымына (ҰҚКҰ – ОДКБ) мүше болуды тоқтату туралы шешiмi – бүгiнде посткеңестiк кеңiстiкте қызу талқыланып жатқан геосаяси тақырып. Әркiм әрқилы жорамал айтады. Бiр тарап «Өзбекстанның мұндай қадамға баруы Ресейдiң ТМД-нiң оңтүстiк бөлiгiне саяси ықпалының әлсiрегенiн аңғартады» десе, екiншiлерiнiң болжамы «Қайта оның ҰҚКҰ-дан аулақ кеткенi жөн болды» дегенге саяды.

Жалпы, ресми Ташкенттiң осынау жоспарын Ресей билiгi күнi бұрын сездi десек, қателеспеймiз. Мәселен, ел тiзгiнiн қайтадан қолға алысымен Владимир Путиннiң Қазақстанға сапар шекпей тұрып, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитiне қатыспай тұрып, 4 маусымда «аяқ астынан» Ташкентке ат басын бұруы, оған қоса Ресейдiң Өзбекстандағы елшiсi Владимир Тюрдневтiң маусымның 22-сiнде сол елдiң Сыртқы iстер министрлiгiне «кiрiп-шығуы» бекерден-бекер емес. Сiрә, сол уақытта-ақ бiраз мәселе өз шешiмiн тапса керек, ала тақиялы ағайындар «ҰҚКҰ-дан шығамын» дегенде, ешкiм «Әй, бұның не?..» дей қойған жоқ. Бәрi жайбарақат қабыл алды. Оның үстiне бұған дейiн Өзбекстанның ҰҚКҰ жұмысына бiлек сыбана кiрiсiп жүргенi де шамалы едi, тiптi, әскери-саяси тұрғыдағы маңызды шешiмдер қабылдауда аяққа тұсау бола беретiн.

Бiлуiмiзше, ҰҚКҰ Өзбекстанды бiрiншi рет «жоғалтып» отырған жоқ. 1999 жылы да аталмыш ұйымнан терiс айналып, 2006 жылы «жаздым, жаңылдым» деп керi оралған. Әрiптес мемлекеттер де бетiн қақпады, «қайтқан малда қайыр бар», қайтадан қатарына қосты. Әйтпесе осы 7 жыл iшiнде Өзбекстан шошқа тағалап жүрген жоқ-тын. Грузия, Украина, Әзiрбайжан, Молдавия елдерiмен тiзе қосып, «ГУУАМ» деп аталатын антиресейлiк блокты күшейтуге ұмтылған. Бiрақ 2005 жылғы мамыр айындағы Әндiжан оқиғасынан кейiн өзбектер ормандай орыссыз күнi жоқ екенiн бiрден ұқты. Себебi, қайнар көзi Батыс әлемiнде жатқан «түрлi-түстi төңкерiс» вирусы Қырғызстан, Украина, Гүржiстаннан бастап, сол жақтың демократиясына тым әуес бiрталай мемлекеттi шарпып бара жатты. Сөйттi де Батыстан жалт бұрылып, 2006 жылы тамыз айында ҰҚКҰ-ға құстай ұшып жеткен. Өкiнiшке қарай, Өзбекстан бұл ұйымның белсендi мүшесiне айнала алмады немесе айналғысы келмедi. ҰҚКҰ-ға мүше елдер басшыларының, қорғаныс министрлерiнiң кездесулерiне атүстi қарайтын, қаласа, келедi, қаламаса, әрдеңенi сылтауратады. Ешбiр құжатқа қол қоймады. Тiптi, дағдарысты жағдайларды реттеу үшiн Ұжымдық жедел әрекет ету күштерiн пайдалануға қарсы шықты, ҰҚКҰ қызметiн ШЫҰ және ЕҚЫҰ-мен (ОБСЕ) үйлестiруден тартыншақтады. Сондай-ақ ҰҚКҰ мүшесi бола тұра, биыл маусым айында ШЫҰ шеңберiнде Тәжiкстанда ұйымдастырылған «Бейбiт миссия-2012» әскер оқу-жаттығу жиынына бет алған Қазақстанның әскери техникасын өз аумағы арқылы өткiзуден бас тартты. Нәтижесiнде айыр қалпақты ағайындардың жерiмен айналып өтуге тура келген-дi.

Өзбекстанның, мiне, осы секiлдi ымырасыз мiнездерi Тәжiкстан, Қырғызстан секiлдi Орталық Азиядағы көршiлерiмен арадағы қарым-қатынастарына сызат түсiргенi де жасырын емес. Әсiресе, Ташкент пен Душанбенiң арасы тым нашар. Тәжiктер Рогун гидроэлектростанциясын салуды жоспарлағалы берi соңғы жылдары екi тарапта да қырғиқабақ соғыстағыдай ахуал қалыптасып отыр. Өзбекстан Тәжiкстанға қарай тартылған темiржол қатынасын үзiп тастады. Әрi-берiден соң, биыл көктемде екi елдiң аумағы түйiсетiн шекараға бронетехникасын жақындатып та қойған көрiнедi. Содан да болар, бұл елдiң ҰҚКҰ құрамынан шығуын Тәжiкстан жағы қуана-қуана қолдады. Онысы түсiнiктi де: себебi, алда-жалда екi елдiң қарым-қатынасы шиеленiсе қалса, Өзбекстанға бұл ретте тек Тәжiкстанмен ғана емес, күллi ұйыммен ұстасуына тура келедi. Әрине, оның iшiнде Қазақстан мен Ресей де бар. ҰҚКҰ-ның жарғысына сәйкес, оның бiр мүшесiне жасалған шабуыл тұтас ұйымға жұдырық ала жүгiру болып есептеледi.

Бұл ретте Өзбекстан бiршама қулыққа да барып отыр. Өйткенi ҰҚКҰ-қа қатысты мәлiмдемесiнде ұйымға мүше болуды тоқтата тұрып (шығамын деп айтпайды – ред.) бұл реттегi ынтымақтастығын екiжақты негiзде дамытатынын айтыпты. «Күндердiң күнiнде Ресей не Қазақстанмен арақатынасы ушыға қалған жағдайда ол мұны қалқан ретiнде пайдаланбақ ойы бар-ау» деп топшылаймыз iштей. Ал, қалаған мемлекетiмен екiжақты қарым-қатынас орнатуды алға тарта отырып ұйымға мүше болуын тоқтатқан Өзбекстанның бұл әрекетiнiң астарын жергiлiктi сарапшылар былайша түсiндiредi: «Ұжымдық жедел әрекет ету күштерiн құру мен пайдалануда алаауыздық көбейiп кеттi. Бастапқыда Өзбекстан Ұжымдық жедел әрекет ету күштерiн тек пәтуа негiзiнде ғана пайдалану туралы шешiмге қолдау бiлдiрдi. Алайда шешiм тараптардың әрқайсысының келiсiмiмен ғана қабылданатын болған соң, бұл нұсқа оған ұнамады. Сонымен бiрге ҰҚКҰ елдерiнiң iшкi шиеленiстерiн реттеуде де Ұжымдық жедел әрекет ету күштерiн пайдалану туралы ереже де Ташкенттiң көңiлiнен шықпады».

Әйткенмен Өзбекстанның өз ұстанымдарында да түбегейлi қайшылықтар жеткiлiктi. Мәселен, Ташкент ҰҚКҰ-ны едәуiр тиiмдi ету мақсатында ерекше күш салып жатқан ережелерге қарсылық бiлдiрдi. Ең бастысы, 2012 жылғы Ош оқиғасы кезiнде Қырғызстанға қол ұшын созудан бас тартты. Алайда сол сәтте Ұжымдық жедел әрекет ету күштерiнiң бөлiмшелерi ондағы жағдайды реттеуге араласа да алмас едi. Себебi, халықаралық-құқықтық база жоқ-тын. Ал, ҰҚКҰ-ны әскери интеграциясыз күшейту мүмкiн емес. Оның үстiне былтыр күздiгүнi Ташкент ҰҚКҰ қатысушыларын ортақ ұстанымға жұмылдыратын құжатқа қол қоюға да үзiлдi-кесiлдi қарсы шықты. Ендi келiп ұйымнан шығуының ресми себебi ретiнде ҰҚКҰ-ның Ауғанстандағы мәселенi реттеуге қауқарсыздық танытқанын алға тартады. Әйтсе де мұндай дәйекпен екiнiң бiрiн иландыру қиын. Және оған негiз де жоқ емес. Өзбекстан – Орталық Азия аймағындағы маңызды мемлекет. Бiрақ солай бола тұра, ұжымдық әскери құрылымдарды құруға қатыспайтыны өз алдына, соңғы жылдары ортақ сыртқы саяси ұстаным ұстанудан да бойын аулақ сала бастады. Ұйымның жұмысына ең әуелi өзбектер өзi тежегiш болып отырып, ҰҚКҰ-ны күстаналағысы келедi.

Жалпы, бұл елдiң саптан шығуы Орта Азиядағы есiрткi тасымалы ахуалын да ушықтырып жiберуi ықтимал. «Бұл проблеманың негiзгi кiлтi Өзбекстан, Тәжiкстан, Қырғызстан түйiсетiн Ферғана жазығында жатыр. Ферғана героиннiң әрлi-берлi ағылатын дәлiзi саналады» дейдi сарапшылар. Тек Ауғанстанмен ғана емес, Орталық Азияның қалған төрт елiмен де шектесетiн Өзбекстанмен қарым-қатынастың үзiлуi наркотрафикпен күрестi күрделендiредi.

Бiздiң пайымдауымызша, Ташкенттiң ҰҚКҰ-дан шығуы оның АҚШ пен НАТО-ға қарай бет алғанын аңғартады. Соңғы жылдары Өзбекстанмен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасы кенеттен тонның iшкi бауындай бола қалғанына қарап iш тартқан едiк. Сол расқа айналғандай. Америкалықтар Ауғанстаннан әкеткелi жатқан әскери техникасының бiр бөлiгiн Қырғызстан, Тәжiкстан һәм Өзбекстанға тастап кетудi жоспарлауда, дегенмен соның басым бөлiгiн Ташкент иемденетiн сияқты. Оның үстiне Өзбекстанда америкалық компаниялардың қатысуымен экономикалық бiрнеше iрi жобалар iске қосылды. Топшылауымызша, мұндағы мақсат – iскерлiк әлемде Ресейдiң алдын орап кету. Сiрә, АҚШ Ташкентке «Сенiң әскери, нақтырағы, саяси қауiпсiздiгiң үшiн кепiл боламын» деп уәде еткен секiлдi.

Қалай десек те, қалыптасқан жаңа геосаяси ахуал Орталық Азиядағы саясатты тағы бiр мәрте ой елегiнен өткiзудi талап етедi. Өйткенi тек Өзбекстанға ғана емес, Тәжiкстанға да қатысты түйткiлдер кездеседi. Мәселен, орыстар тәжiктермен сол елде орналасқан әскери базасының қалу мерзiмiн ұзартуды, ал, Қырғызстанмен бiрiккен әскери база құру туралы келiсе алмай жатыр. Әйтсе де Тәжiкстан мен Қырғызстан Өзбекстанның «ерлiгiн» қайталай қоюы екiталай.

Тақырыпқа орай

Бiз көршi елдiң Ұлттық қауiпсiздiк келiсiмшарты ұйымынан тағы да бойын аулақ салуының сырына тереңiрек қанықпақ оймен белгiлi саясаттанушы Дос КӨШIМГЕ хабарласқанбыз. Ол кiсi бұл мәселеге қатысты көзқарасын былайша бiлдiрдi.

– Өзбекстанның ҰҚКҰ-дан шығуы – әлемдiк саясатқа қатысы бар мәселе. Мемлекет кейде өзiн-өзi саудаға салады. Сол секiлдi өзбектер де өздерiн саудаламақшы. Және бұл ретте тiлге тиек ететiн ең негiзгi нәрсе – Америка мен НАТО әскерлерiнiң Ауғанстаннан шығуы. Әскерiн әкетудiң екi жолы бар: бiрiншiсi – Үндi мұхиты арқылы, екiншiсi – құрлық арқылы. Менiң болжауымша, олар соңғы нұсқаны таңдайды. Яғни Тәжiкстан және Өзбекстан аумағы арқылы Еуропаға өтедi. Жалпы, Америка сол төңiректегi көршi мемлекеттердiң барлығын өзiнiң ыңғайына бейiмдеп жатыр. Мысалы, АҚШ-тың Тәжiкстанда үлкен оқу орны бар, Ауғанстанда жұмыс iстейтiн қызметкерлердi дайындайды. Жабық базалары да жоқ емес. Сол сияқты Америка Өзбекстанда да әскери база салмақшы. Тiптi, керек десеңiз, кейбiр арсеналдарды, қару-жарақ, киiм-кешектердi Америка немесе Еуропаға тасып, шығынданбайды, сол маңайдағы елдерге тастап кетедi. Кейбiр әскери техникаларды Ауғанстанмен көршiлес мемлекеттерге үлестiрiп, егер тәлiптер бас көтерсе, шекараны нығайту үшiн пайдалануы әбден мүмкiн. Ал, Өзбекстан әрдайым өзiне қолайлы, пайдалы нәрсенi көздейдi. Ресей мен Американың көзқарасын байқап отырып, жағдайды өз кәдесiне асырып қалғысы келетiн сияқты. Бұл – менiң ойым. Сондықтан осы жағдайды бiлiп, ҰҚКҰ-дан бас тартып отыр. Әрi осылайша АҚШ-қа жақындайды. «Мiне, мен ҰҚКҰ-дан шығып жатырмын. Мен – жеке мемлекетпiн. Сондықтан менiмен жұмыс iстесуге немесе достасуға болады» дегендi дәлелдегiсi келгендей. Өзбектер әруақытта өздерiне керек кезде, мемлекеттiң мүддесiн көздеген уақытта кез келген саяси бұлталақтауға бара бередi.

– ҰҚКҰ-дан Қазақстанға келiп-кетер қандай пайда бар?

– Бұл жерде екi мәселе бар: бiрiншiден, нақты практикалық пайдасы, екiншiден, саяси ұпай. Шындығында, ҰҚКҰ-ның берiп жатқан пайдасы жоқ. Бұл кеңес үкiметiнiң шекпенiнен шыққан мемлекеттердi белгiлi бiр шаңырақтың астында ұстап, Ресейдiң «Бөрi арықтығын бiлдiрмес, сыртқы жүнiн қампайтардың» керiн келтiрген түрi. Посткеңестiк кеңiстiкте қандай халықаралық ұйым құрылса да, оның басында Ресей тұратыны ақиқат. Сондықтан бұл ұйым көбiнесе саяси көзқарас пен саяси мақсатты көздейдi. Мысалы, ТМД соңғы 20 жыл iшiнде ештеңе iстеген жоқ. ТМД елдерiнiң бiрiккенiнен ештеңе өнбедi. Жәй құжат жүзiндегi құрылым дәрежесiнен аса алмады. Және осы аумақта туындаған интеграциялардың көпшiлiгi ТМД-ның күйiн кешуде. Дегенмен менi Кедендiк одақ пен Еуразиялық одақ деген құрылымдардың алаңдататынын жасырмаймын. Бұл құр сөз жүзiнде емес, нақты күшiне ендi. Бұл да – Ресейдiң посткеңестiк кеңiстiктегi елдердi ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауға жасаған нақты қадамы. Кедендiк одақ, шын мәнiнде, экономикалық ұйым емес, саяси ұйым. Көп адам бiле бермейтiн жаңалық айтайын: жақында шақырту алып, Қытайға барып қайттым. Түнеугүнi ғана ол жақта Шанхай ынтымақтастығы ұйымының жиыны өттi ғой, сонда Қытай жағы Ресейге «Бiз Кедендiк одаққа да, Еуразиялық одаққа  да кiруге дайынбыз» деп, ниетiн бiлдiрiптi. Қытайдың бұл екi одаққа да кiруiне толық құқығы, мүмкiндiгi бар. Бiрiншiден, азиялық мемлекет, екiншiден, бiрiмен-бiрi байланысып жатқан шекаралас елдер. Сөйтсе, Ресей «Жоқ, кiргiзбеймiз» деп бiрден басын алып қашыпты. Ал, осы арқылы Ресейдiң «құпиясы» ашылып қалды. Аспан асты елi де қу ғой, осындай тактикамен аталмыш одақтардың қожайыны Ресей екенiне және олардың ашық түрдегi интеграциялық ұйым емес, кеңес үкiметi құрамында болған мемлекеттердiң ғана басын бiрiктiруге арналған нақты саяси ұйым екенiне көз жеткiзiптi. Нелiктен Еуразиялық одаққа Түркия кiрмейдi, нелiктен Польша, нелiктен Қытай кiрмейдi? Еуразия деген – жамылғының аты. Еуразиялық интеграция деген – жақсы сөз. Бұл жерде империялық мүдде жатыр. Ұйымның басшысы Ресей болады да, басқалары оның қанатының астына кiредi. Неге екенiн қайдам, Қазақстан да сол ұйымға кiруге құлшыныс танытуда. Әйтпесе Кедендiк одақтың экономикалық тұрғыдан не бергенiн көрдiк қой. Тек минусқа кеттiк… Ал, Өзбекстанның ҰҚКҰ-дан шығуының өзге мүше мемлекеттерге пайдасы да бар сияқты. Себебi, бiрiншiден, Өзбекстан – тұрақсыз саясат ұстанып отырған ел. Екiншiден, Өзбекстан мен Қазақстанның бастары бiр қазанға сия қоймайтынын талай рет көрiп жүрмiз. Сондықтан екiұдай саясат ұстайтын мемлекеттен құтылғаны ҰҚКҰ-ның өзiне де жақсы.

– ҰҚКҰ НАТО секiлдi әлеуетке ие бола ала ма?

– Мен сiзге мынадай дерек айтайын. Нью Йорк штатының бiр жылдық бюджетi Ресейдiң бюджетiмен бiрдей. Бұл – ресми мәлiмет. Кремльдiң өзi мойындайды. Мұндай жағдайда ҰҚКҰ-ны Америкамен, НАТО-мен салыстыру ұят. Сондықтан қарама-қарсы екiншi күштiң пайда болуы мүмкiн емес. Ресей «Бiз бәрiнен жоғарымыз, бәрiнен күштiмiз» деген «ауруынан» әлi арыла алмай келедi. Өкiнiшке қарай, соның шылауында бiз де кетiп бара жатырмыз.

– Тәуелсiздiк алған бетте-ақ «Халықаралық қатынастарда көпвекторлы саясат ұстанамыз» деп едiк. Алайда, расында да, сол сыртқы саясатымыз Ресейге қарай көбiрек ойысып бара жатқан секiлдi ғой.

– Кейбiр саясаткерлер «Жалпы, Қазақстанның табиғи ресурсы жеткiлiктi: мұнай мен газдың, уран мен алтынның, т.б. мол қоры бар. Жерiмiздiң асты мен үстi толған байлық. Сондықтан тәуелсiздiк алған уақытта Түркiменстан немесе Швейцария сияқты өзiн-өзi бейтарап мемлекетпiз деп жариялау керек едi…» деген пiкiрдi жиi айтады. Шындығында, бiз «көпвекторлы саясат ұстаймыз» дегенiмiзбен, әр мемлекеттiң экономикалық мүддесi бiрiншi орында тұрады. Қанша көпвекторлы саясат ұстансақ та, бiздiң мұнайымыздың төрттен бiр бөлiгi – Қытайдың қолында. Және кем дегенде қазiр аспан асты елiне 15-20 миллиард доллар берешекпiз. Сондықтан экономикалық тұрғыдан жартылай Қытайға да тәуелдi болып қалдық. Көпвекторлы саясат ұстай алмаймыз. Егер Қытай Кедендiк одаққа мүше болса, Қазақстан үшiн өте тиiмдi болар едi. Бiз ортадағы көпiрге айналар едiк. Бiрақ Ресей оны кiргiзбейдi. Бiрiншiден, экономикалық мүддесi бар, екiншiден Қытайдың ықпалы күштi. Сондықтан Ресей, әсiресе, Қазақстанды көзден таса еткiсi келмейдi. Бiзден айырылса, интеграциясының мәнiсi кетедi. Шындығында да, әлеуетi жөнiнен Қазақстан Ресейден кейiнгi орында тұр. Тәжiкстанның, Қырғызстанның түкке де керегi жоқ оған. Әйтеуiр, қараны көбейтiп, олардың жалаулары көрiнiп тұрса болды.

 

Беттi әзiрлеген Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК