«БАЙҒҰСТЫҢ» КҮЙIН КЕШКЕН БАЛАБАҚША

395
0

Бiз — ұрандап, аттандауға келгенде алдымызға жан салмайтын дархан, әрi дарақылау, даңғойлау халықпыз. Бiр нәрсенiң шетiн шығарсақ болды, алаулатып, жалаулатып шыға беретiн ғадетiмiз тағы бар. Мұның кейде пайдасы тиiп жатса, ара-арасында ауыр зардабы да болмай қалмайды.

Президентiмiз небiр өмiршең бағдарламалардың идеясын ұсынып,  олар жүзеге асып, жүйелi жолға қойылып келедi. Көреген жанның көненi емес, елдiң ертеңiн, ұрпақтың болашағын ойлайтын тың бiр бағдарлама – «Балапан» деп аталады. Айналдырған екi жылдың iшiнде Алтай мен Атыраудың, Жетiсу мен Арқаның арасында осы бағдарламаны басты ұран еткен, ағарту саласының басшылары үлкенi бар, кiшiсi бар балабақшалар мен яслилердi тура инкубатордың балапандарындай өрбiттi. Мемлекеттiк мекеме – мектептердiң жанынан, қалтасы қалыңдау, сөзi ауырлау байшыкеш азаматтардың қолдауымен жекеменшiк есебiнен балабақшалар ашылып, оның қосарланған топтары өмiрге келiп жатты. Солардың бүгiнде бiразының халi — жаңбырдың өтiнде, боранның қаһарлы ызғарына ұшыраған кейiпте.

Бәйдiбек ауданында Боралдай ауыл округiнiң аумағында Қызыларық деген ауыл бар. Сол ауылдың Сарыбұлақ деген әне құлайды, мiне құлайдының күйiн кешкен жалпы орта мектебi бар. Ауданға көрсеткiш керек болды ма, әлде кеңес дәуiрiнде де, одан кейiнгi 20 жылда да өмiрiнде шырағы жанып, балабақшаның атын бiлгенмен затын көрмегендердi бiр жарылқайын дедi ме, былтыр мектептiң жанынан ығыстырып, сығылыстырып жүрiп балабақша ашып, екi топты өмiрге әкелiп, аудан облысқа, облыс республикаға «рапырт» берiп, жаман ауылдың жан естiмеген атын аспанға бiр-ақ шығарған болатын. Мектебiнiң артындағы жарылған жердi жамап, дуалына сырық қойып, тiреумен тiреп тастаған, сыныптары жабылу алдындағы мектепке осы «құйысқанға қыстырылған» сияқты балабақша керек пе едi деген жауабы жоқ сауалды не басшы, не қосшы ойланбады. Дабыра-дақпырт әсерiнен болған, аттандаудың күшiмен ашылған бақшаға алғашында жай болып жарылқаған сынып бөлмесi тұрақты тұрақ болмады. Кейiнiрек бiреудiң жеке меншiгiндегi үйдi жамап, жасқап бүлдiршiндедi бүгежектетiп, көршiнiң ауласына көшiрдi. Алақандай ауылда басы бос жай қайдан болсын, иесi үйдi алып қойған соң, барар жер, басар тау қалмаған бала бақшаның ғұмыры сонымен бiттi. Бiрақ ауданның ақпарында «пәлен балабақша бар» деген салақұлаш iспескiде осы қызыларықтық балабақша әлi ғұмыр кешiп жатыр. Аудандық бiлiм бөлiмi, аудан әкiмi бұл жайдан «не жаңбыр жауады, не жаңбыр жаумайды» деген секiлдi, иә балабақшаның бар екенiн, не жоқ екенiн өздерi де бiлмей, айран-асыр күй кешiп жүрген сыңайлы.

Сауал бiреу ғана – балабақша қандай мәжбүрлiктен, кiмнiң абыройы  үшiн керек болды екен. Тоқсан жыл бойы төрт рулы ел тұратын ауылда сан мыңдаған бала балабақшасыз-ақ өсiп-өнiп, сол ауылдан бақша көрмеген, бiрақ ел таныған жiгiттер шығып едi ғой. Қазекең кейде «Отауынан бұрын…» деп батыр ауызбен батылдау әңгiме айтады. Сол құсап оннан бiр сайманы жоқ, бiрақ аты дардай, тiрлiгi құлаған жардай болған балабақшаның, ондағы бейкүнә «балапанчиктердiң» ендiгi жағдайы не болмақ? Тiзiмнiң төрiнде тұра беретiн, аты бар, заты жоқ балалар мекемесiнiң жәй-жағдаятын кiмнен сұрарымызды бiлмей, абдыраған ел, бейберекет тiрлiк, аңырған ата-аналардың көкейiндегi көп сұраққа тосылдырар тосын жауап таппаған соң, бiр көмегi тисе облыстағы билiктiң бишiгiн ұстаған жiгiттердiң жәрдемi болар деген сауалымызды сол ауылға қарай жолдағанды жөн көрдiк.

 

Б.БАЙТӨРЕЕВ.

Қызыларық ауылы,

Бәйдiбек ауданы,

Оңтүстiк Қазақстан облысы.