«ҚАЙ САЛАДА ЕҢБЕК ЕТЕТIНДIГIНЕ ҚАРАЙ ДЕПУТАТТАРДЫҢ ОЙ-КӨЗҚАРАСТАРЫ ЕРЕКШЕЛЕНIП ТҰРАДЫ»

315
0

 

Ғани ТАШҚАРАЕВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты

«Бiздiң сұхбат» айдарының бүгiнгi кейiпкерi – Ғани ТАШҚАРАЕВ. «Мұнай Инвестмент Груп» АҚ Басқарма төрағасы. Төртiншi және бесiншi шақырылымдардағы Шымкент қалалық мәслихатының депутаты. Депутаттық өкiлеттiк, этика, әкiмшiлiк-аумақтық құрылым мәселелерi жөнiндегi тұрақты комиссияның төрағасы.

– Ғанеке, Ташқараев деген фамилияның Оңтүстiкке танымал екенi белгiлi. Ата атының жауапкершiлiгi қандай?

– Менiң фамилиям Ташқараев болғанымен, негiзi, атамның есiмi – Тасқара. Кеңестiк кезеңнiң ықпалымен жеке басты куәландыратын құжатқа Ташқараев болып жазылып кетiппiз. Атам 1941 жылы Ұлы отан соғысына аттанып, майдан даласынан оралмады. Бiлуiмше, 1942 жылы қыркүйек айларында бомба жарықшағынан жарақат алып, жан тапсырыпты. Әкем Әбдiғани – Оңтүстiк жұртшылығына танымал азамат. Бiр кездерi облысты басқару iсiнiң басы-қасында жүрдi. Ал, анам үй шаруасымен айналысты. Қарашаңырақтан бiр ұл, үш қыз түлеп ұштық. Өзiм әжемнiң бауырында өстiм. Сол кiсiнiң тәрбиесiн көрдiм. Әжем «Балам, сен – атадан бiр ұлсың. Әкең – елге сыйлы азамат, оның атына кiр келтiрме. Ташқараев деген фамилияны үнемi биiк ұста» деп құлағыма құйып отыратын. Әжемнiң сол сөзi ешқашан жадымнан шыққан емес. Хал-қадерiмiзше атамыздың атына шық жуытпауға тырысып келе жатырмыз.

– Қазақ тiлiнде сөйлегеннен гөрi орысшаға жүйрiк сияқтысыз. Бұл қалада өскендiктiң әсерi ме?

– Әу баста қазақ тiлiнде оқуды қалап, Шымкенттегi №44 мектептiң табалдырығынан аттағаным рас. Алайда кеңестiк идеологияның ықпалы күштi болды ма, iле-шала шешем менi орыс мектебiне бердi. Орыс мектебiне келгенде, бiр ауыз орысша бiлмейтiнмiн де, түсiнбейтiнмiн де. Бiрақ салымды суға кетiрмедiм. Намысқа тырысудың арқасында мектептi бiтiрер кезде аттестатыма екi төрт қана түстi, қалғанының бәрi – бес. Жалпы, өзiм қазақы тәрбиемен өстiм. Шымкенттiң iргесiнде ауылымыз бар. Ата-әжемнiң шаңырағы сонда орналасқан. Бесiншi сыныптан бастап мектеп бiтiргенше, қысқы һәм жазғы демалыстарда сол ауылға қарай тарта жөнелетiнмiн. Әжемiздiң қасына барып, қолғабыс жасаймыз: қой бағамыз, малдың жем-шөбiн дайындаймыз, қора тазалаймыз. Сондай-ақ он гектардай егiс алқабымыз болатын, диқаншылықпен айналысып, пияз егемiз, оның арам шөптерiн отаймыз. Әжем кiшкентайымнан менi осылайша еңбекке баулып өсiрдi. Тiптi, 8-сыныпта оқып жүргенiмде, Шымкенттегi шифер зауытында жұмыс iстегенiм бар. Ол кезде оқушыларды екi ай мерзiмге мақта теруге жiбередi. Мен белгiлi бiр себептермен бармай қалдым. Содан әке-шешем «Ендi не iстемексiң? Осылайша құр сенделiп жүресiң бе?» деген соң, анам аталмыш кәсiпорында өткiзу бөлiмiнiң бастығы едi, сондағы №4 цехқа жұмысқа орналастым. Мұнда құбырлардың сыртын орайтын шыны мақталар өндiрiледi. Үстiмiзге арнайы киiм бердi, сегiз адам жұмыс iстеймiз. Ұсақ шыны талшықтары киiмнен өтiп кетедi де, дененi қышытады. Шомылып алғаннан соң да байыз тауып жата алмайсың. Екi аптадай қатты қиналдым. Қасымдағыларға «Бұлай болмайды ғой. Қалай шыдап жүрсiңдер?!» деймiн. Сөйтсем, талап бойынша жұмысшыларға респиратор, шыны талшықтары өтпейтiн мүлдем басқа арнайы киiм, тегiн тамақ және сүт берiлуi тиiс екен. Өкiнiшке қарай, жұмысшыларға мұндай жағдай жасалмайды екен. «Құқығымызды директордан талап етейiк» дедiм. Бiр күнi таңертең қасымдағыларды ертiп бастықтың бөлмесiне келдiм. Дегенмен директордың алдына кiрерде олар жүрексiндi де, бiр өзiм қалып кеттiм. «Заңға сәйкес бiзге мынадай жағдай жасалуы керек екен…» деп ойымдағыны iрiкпей айтып шықтым. Менi тыңдап болды да, тиiстi маманды шақырып «Мына баланың қандай өтiнiшi бар, соның бәрiн орындаңдар!» деп, шығарып салды. Ертеңiне жұмысқа келсем, кәдiмгiдей тәртiп орнап қалыпты. Тегiн тамақ, тегiн сүт, арнайы киiм-кешектер, шаң-тозаңнан қорғанатын респиратор. Екi айдан кейiн оқу басталды да, қайтадан мектепке кеттiм. Бiр қызығы, мен кеткен күннiң ертесiне №4 цехтағы жағдай бәз-баяғы қалпына түсiптi…

– Қазақ химия-технология институтын өнеркәсiптiк және азаматтық құрылыс мамандығы бойынша тәмамдағаныңызды бiлемiз. Бiрақ әу баста Сiз ұшқыш болуды қалаған ұқсайсыз?  

– Ол, рас. Мектепте бiрге оқыған Игорь Бони есiмдi досым бар-тын. Оныншы сыныпты бiтiре салысымен сол екеуiмiз ұшқыш мамандығына оқуға түскiмiз келдi. Содан Ригадағы әскери ұшқыштар дайындайтын училищеге өтiнiшiмiздi жазып, оқуға қабылданатын болдық. Әке-шешем рұқсат бере ме, бермей ме, ол қаперiме де кiрiп-шықпапты. «Ендiгi аптада осындай оқу орнына Бони екеуiмiз барғалы жатырмыз, поезға билет алуымыз керек» дедiм үйдегiлерге. «Қандай Рига? Қандай ұшқыш? Ешқайда бармайсың, құрылысшы боласың!» деп әкем әңгiменi шорт кестi. Сөйтiп, «ұшқыш боламын» деген арманым сол арман күй қалып кеттi… Институтта бiр жыл оқығаннан кейiн отан алдындағы борышымды өтеу үшiн әскерге аттандым. Алғашқы 6 айда Украинада болып, кейiн Белоруссияның Брест қаласына жiбердi. Мұнда барлау батальонында әскери борышымды өтедiм. Тiптi, әскерде жүрiп Ауған соғысына қатысуға да сәл-ақ қалғанмын. Бiрде батальон командирi 120 сарбазды сапқа тұрғызды да «Кiмде-кiм Ауғанстанға барғысы келсе, өз қалауымен 2 қадам алға шықсын!» деп әмiр еттi. Шымкенттен барған тағы бiр жiгiт бар-тын, сол екеуiмiз алға шықтық. «Мiне, бұлар – өз елiнiң нағыз патриоттары…» деп командир бiздi мақтай жөнелдi. Сөйттi де, «Ауған соғысына қатысу үшiн арыздарыңды жазыңдар» дедi. «Ауғанстанға кететiн болдым» деп үйге хат жаздым. Екi күннiң iшiнде әкем артымнан ұшып келдi. Тиiстi адамдарға жолығып, ақыры менi алып қалды. Жалпы, жалғыз ұл болғандықтан, әкем бастапқыда әскерге де жiбергiсi келмеген-дi. Не керек, мамыр айында әскерден оралдым. Оқу жылының аяғы, қыркүйекке дейiн 3-4 ай бар. Өзiм ақша тауып, еркiндеу жүргiм келедi. Кiрпiш зауытының директорына кiрiп «Әскерден ендi келдiм, күзде институтқа қайта оқуға кетемiн. Маған 3 ай iстейтiн жұмыс керек. Тек жалақысы мол болсыншы» деп өтiнiш айттым. Бетiмдi қайтармады. «№2 цехқа барасың. Еңбекақысы – 140 рубль» дедi. Кейiн бiлдiм, сөйтсем, онда түрмеден шыққандар, «химиктер» жұмыс iстейдi екен…

Әйтсе де құрылысшы мамандығымен шектелiп қалмадым, 2000 жылы Қазақ мемлекеттiк заң университетiн бiтiрдiм. Жалпы, менiң 5 мамандығым бар. Ресей Федерациясы Үкiметi жанындағы Халық шаруашылығы академиясын 2005 жылы «Iскерлiк басқару шеберi», ал, 2008 жылы «Iскерлiк басқару докторы» мамандығы бойынша бiтiрдiм. Германияның Мюнхен қаласында «Қызметкерлердi басқаруда өкiлеттiктi табыстау» деген мамандық бойынша да оқып, сертификат, дипломдарын алдым.

– Бүгiнде iрi акционерлiк қоғамның тiзгiнiн ұстап отырсыз. Бизнестi ең алдымен неден бастап едiңiз?

– Қазақ химия-технология институтын бiтiрер-бiтiрместен мен кәсiпкерлiкпен айналысуға бел будым. Кiшiгiрiм кәсiпорын құрдым. Құрылыс бригадам болатын. Түске дейiн сабақ оқып келемiн де, түстен кейiн үй соғуға кiрiсемiз. Әлi есiмде, «Самал-3» шағынауданында 5 үйдiң құрылысын жүргiздiк. Бiр орында тұрмадым, үнемi iзденiсте болып, бизнестiң түр-түрiн қолға алып көрдiм. Құдайға шүкiр, бүгiнде «Мұнай Инвестмент Груп» деп аталатын үлкен компанияны қалыптастырдық.

– Әкеңiз ол кезде билiкте жүрдi, бизнесiңiздiң өрiсiн кеңейтуге жәрдем берген шығар?

– Шынымды айтсам, жәрдем бермедi. Оның себебi де бар. Кеңес үкiметiнiң идеологиясымен өмiр сүретiндiктен, бұл саладан қорықты. Әйтпесе ол уақытта несиелер өте төменгi мөлшерлемемен берiлетiн. 3-5 пайыздық мөлшерлемемен берiлетiн несиелердi халық миллиардтаған сомалармен алатын. Банкте танысың болса, кепiлдi хат бер де, қомақты қаржыға қол жеткiз. «ТұранӘлем Банкiндегi» таныстарыңызға айтып, маған несие әперсеңiзшi!» деп өтiнiш айтып көрдiм әкеме. «Жоқ, айтпаймын. Несие – жаман нәрсе. Ертең қарызға белшеден кiрiп кетесiң…» деп қауiптендi. Амал жоқ, өздiгiмше әрекет жасап, басқа банкке барып, несие алдым. Бағыма орай рубльдiң құны түсiп жатқан кезең едi, 1 АҚШ доллары 1700 рубль тұратын. Несиенi ертерек төлеп құтылдым.

– Қазiр бизнесiңiз қай бағыттарды қамтиды?

– «Мұнай Инвестмент Груп» АҚ бүгiнде бес бағытта жұмыс iстеуде. Бiрiншi бағыт – мұнай өнiмдерi: жанармай құю бекеттерiмiз бен мұнай базаларымыз бар. Екiншiсi – мал шаруашылығы. Үшiншiсi – туризм саласы. Қасқасу тау шатқалында демалыс кешенiн аштық. Ауасы таза, таяуда немiстер мен француздар келiп, демалып кеттi. Орайы келгенде айта кетейiн, туризмнiң дамуы үшiн Үкiметтiң тiкелей көмегi керек. Бiрқатар жеңiлдiктер жасалса, мәселен. Салықтарды азайтып дегендей. Шетелдiк саяхатшылардың көзiнiң нұрын тартатын әсем табиғатымыз бар. Төртiншi бағыт – құнды қағаздар нарығы. Сонымен бiрге қазiр ауқымды әлеуметтiк жобаны қолға алдық. Тау жақтан мини су электр станциясын соққалы жатырмыз. Одан 2 мегаватт электр энергиясын алмақшымыз. Бiздiң тұтынушымыз «Энергопоток» ЖШС болмақ. Ендi Үкiметтiң шешiмiн күтiп отырмыз. Жалпы, соңғы жылдары төрткүл дүние түрлi дағдарыстарды бастан кешiрiп келедi. 2008 жылдан бастап қаржы дағдарысы, әлеуметтiк дағдарыс дегендер қыспаққа алуда. Келешекте әлемдi энергетикалық және азық-түлiк дағдарыстары күтiп тұр. Мини ГЭС салудағы мақсат – сол энергетикалық дағдарыстың алдын алу. Ал, азық-түлiк дағдарысы ашаршылық орнайды деген сөз емес. Байқасаңыз, дүние жүзiн құрғақшылық жайлап барады. АҚШ та, Ресей де құрғақшылықтан зардап шегуде. Мұның салдары биыл болмаса, келесi жылы мiндеттi түрде көрiнедi.

– Бизнеспен қоса ғылыммен де шұғылданып жүрсiз. Бәрiне бiрдей қалай үлгересiз?

– Адам ерiншектiк пен жалқаулықтан арылса, бәрiне үлгеруге болады. Өкiнiшке қарай, көпшiлiгiмiздiң бойымыздан осы қасиеттер табылады. Жанымызды қинамай, байығымыз келедi. Ол мүмкiн емес. Абайдың «Еңбек етсең ерiнбей, тояды қарның тiленбей» деген нақылын әркiм өзiнiң өмiрлiк қағидасына айналдыруы керек. Бiреулер саусағын қимылдатпайды, алайда әл-ауқаты жақсы адамды күндейдi. Адам баласының мақсаты, өмiрлiк жоспары болуы қажет. «Мен не iстеймiн? Қайда бара жатырмын? Қай жерге дейiн жетемiн? Кiм боламын?» деген сияқты сауалдар сiздi үнемi мазалап жүруi тиiс. Менiң ойымша, мақсатсыз адам адам бола алмайды. Риза болатыным, Елбасымыз Қазақстанды өз алдына егемен ел деп жариялағалы берi қазақстандықтардың алдына әрқашан мақсат қойып келедi. Тым болмаса соның үдесiнен табылуға тырысу керек.

– Елбасы туралы сөз қозғап қалдыңыз ғой. Рас, мемлекет басшысы түрлi бастамалар көтерiп, алуан-алуан жоспарлар түзiп, мақсат-мiндеттер жүктеп жатыр. Сiздiң пайымдауыңызша, осы айтылғандар қаншалықты жүзеге асырылуда? 

– Елбасының бастамасымен түрлi бағдарламалар дүниеге келуде. Менiң ойымша, солардың тым болмаса 80 пайызы жүзеге асырылса, көшiмiз әлдеқашан iлгерiлеп кетер едi. Шынымды айтайын, 80 пайызға жете алмай жүрмiз ғой. Мысалы, бұл ретте Қытайдан үйренетiнiмiз көп. Ондағы әрбiр халық Үкiметке сенедi. Егер мемлекеттiң қаржысын ұрласа, қатаң жазалайтынын әрқайсысы жақсы бiледi. Және қытайлықтар инвестициясын сыртқа шығармайды. Тек өз елiнiң дамуына жұмсайды. Басқа елдерге қатысты инвестициялық жобаларды қаржыландыру тек мемлекеттiк деңгейде ғана шешiледi. Ал, бiзде ше? Бай-бағландардың көбiсi ақшасын сыртқа тасиды. Шетелге қыруар қаржылар кетiп жатыр. Бiзге отансүйгiштiк, ұлтжандылық қасиеттер жетiспейдi. Егер елiн, ұлтын сүйсе, қалталы азаматтар мұндай қадамдарға бармайды. Қазақтың Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Елбасының «Қазақстаннан тыс жерде жұмақ жоқ. Жұмақ – осында» деген сөзi бар. Ол кiсi өте сауатты саясаткер ретiнде жер-жаһандағы ахуалды алақандағыдай көрiп отырғандықтан, осылай деп отыр. Асып-тасып бара жатсаң, өзiңнiң туған жерiңнiң мүддесi үшiн тiрлiк iстеуге болады ғой. Мемлекетiмiз толық аяққа тұруы үшiн атқарылатын жұмыстар әлi шаш-етектен.

– Жасыңыз қырықтан асып қалды. Бизнесiңiздi жолға қойдыңыз. Шенеунiк болу ойыңызда жоқ па?

– Менiң үлкен мақсатым бар. Ол бизнесiме қатысты. Оның құпиясын ешкiмге айта алмаймын. Мен сол мақсатқа жетуiм керек. Оған жету мерзiмiн де белгiлеп, жоспарлап қойғанмын. Тек осы бағытта еңбек етiп жатырмын.

– Лайым мақсатыңызға жетiңiз! Ғанеке, Сiз – соңғы екi шақырылымнан берi Шымкент қалалық мәслихатының депутатысыз. Сайлаушыларыңызбен кездесуге уақыт тауып жүрсiз бе?

– Сайлаушыларыммен жолығуға әрдайым уақыт табылады. Олар менiң телефонымның нөмiрiн бiледi, кез келген кезде байланыса алады. Шамам келгенiнше  №10 сайлау округiне қарасты шағынаудандардың проблемаларын шешуге атсалысудамын. Барлық мәселенi хаттамаға түсiрiп, атқарушы органдардың назарын аударамыз.

– Биылғы саяси дода қалай өттi? Қайтадан халық қалаулысы атану оңай болды ма? Жұртшылық Сiздi алдыңғы мерзiмнен берi әжептәуiр танып қалған шығар.

– Ештеңе оңайлықпен келмейдi. Жұмыс iстемесем, маған бұл жолы дауыс бермес едi. Халық таниды. Өз округiм бойынша бiрталай шаруа тындырдым. Әрине, депутаттық мандаттың жүгi өте ауыр. Алғаш сайланған мерзiмде 1-2 жылдан кейiн-ақ қатты шаршап қалдым. Тiптi болмағасын бiр күнi өзiм ақылдасып тұратын қарияға барып «Ата, мен депутат болудан шаршадым» деп мұңымды айттым. Сөйтсем ол кiсi «Тауың шағылатыны бар, сен не үшiн сайландың?! Ендi неғыласың, шаршасаң, барып мандатыңды өткiз де, бизнесiңмен айналыса бер» дедi жайбарақат қана. Қайдан бiлейiн, жөн-жоба нұсқар деп ойлағанмын. «Жiгiттi намыс өлтiредi», ақсақалдың бұл сөзi намысымды қамшылады. Ешқандай қиындыққа қарамастан, әрi қарай бiлек сыбана жұмысқа кiрiстiм. Құдайға шүкiр, соның арқасында көптiң мүддесi үшiн барымды салып, әлеуметтiң ықыласына бөлендiм. Қазiр халықтың көзi ашық. Менiң не бiтiрiп жүргенiмдi алақандағыдай бiледi. Түк iстемесем, екiншi рет олардың көзiне қалай көрiнемiн?!

– Депутаттық мандат Сiзге не үшiн керек болды?

– Мен – кәсiпкермiн. Бизнесiмнiң өз арнасын қалыптастырдым. Көрген-түйгенiм бар, тәжiрибем толысты. Ендi неге халықпен араласып, солардың мұң-мұқтажына құлақ түрiп, көптiң мүддесi үшiн еңбек етпеске?! Әкем Әбдiғани Ташқараев – халық үшiн қызмет етiп, қалың бұқараның ықыласына бөленген жан. Осындай азаматтың перзентi ретiнде мен де халыққа еңбегiмдi сiңiрiп, өзiмнiң кiм екенiмдi дәлелдегiм келдi. Бiрден мойындаймын, әкемнен асып кету өте қиын. Әйткенмен «Болмасаң да, ұқсап баққанға» не жетсiн!

– Дегенмен депутаттығыңыздың жеке басыңызға да пайдасы тиетiн тұстары болатын шығар?

– Депутат болып сайланғанда ұтқаным – мен депутаттың кiм екенiн, оған қандай жауапкершiлiктер жүктелетiнiн ұғындым. Халықпен жұмыс iстеудiң арқасында көзқарасым тереңдеп, ой көкжиегiм бұрынғыдан да кеңеюде.

– Сiз – Шымкент қаласының тұрғынысыз. Осында туып-өстiңiз. Дос-жаран, ағайын-туыс, құда-жекжаттарыңыз да жеткiлiктi. «Депутат ретiнде көмегiң керек едi…» деп ешқайсысы қолқа салмай ма?

– Жоқ, депутаттық мандатымды пайдалануымды өтiнiп, ешкiм жеке мүддесiн тықпалаған емес. Тек көпшiлiктiң қамымен ғана хабарласады.

– Халық қалаулысы ретiнде өз мүмкiндiгiңiз бен әлеуетiңiздi 100 пайыз пайдаланып жүрсiз бе?

– Жоқ, «100 пайыз пайдаланып жүрмiн» деп айта алмаймын. Өйткенi бизнеспен айналысатындықтан, депутаттық жұмысқа өзiңдi толық арнау қиын. Халықпен, шамамен, 40-50 пайыз мөлшерiнде жұмыс iстеп жатырмын. Бизнеске көңiл бөлмесем, тағы болмайды ғой… Демеушiлiк жасауым керек.

– Яғни, «Ақшам болмаса, мен кiммiн» деп ойлайсыз ба?

– Кейбiреулер ақшаны байлық деп есептейдi. Ал, мен үшiн ақша – бар-жоғы құрал ғана. Мақсатыма жету үшiн пайдаланатын құрал.

– Мәслихаттың соңғы екi шақырылымында да депутат болып сайландыңыз. Салыстырмалы түрде қарағанда, қазiргi құрамға қандай баға бересiз?

– Қалалық мәслихаттың қазiргi құрамында 12 «ескi» депутат болса, қалғаны жаңадан сайланды. 29 депутаттың әрқайсысының өз ойы, ұстанымы бар. Дегенмен қай салада еңбек ететiндiгiне қарай олардың ой-көзқарастары ерекшеленiп тұрады. Мысалы, мемлекеттiк мекемеде жұмыс iстейтiн депутаттардың пайымы басқашалау болып келедi. Алайда сөзiмiз бiр жерден шығатын депутаттар да баршылық. Менiңше, халық қалаулылары неғұрлым пiкiрлес, ниеттес болса, соғұрлым көп тiрлiк тындыратыны анық. Жалпы алғанда, депутаттардың арасында ынтымақ-бiрлiк бар.

– Депутаттардың сөзi қаншалықты өтiмдi?

– Атқарушы билiк бiзбен үнемi санасады. Белгiлi бiр мәселенi шешуде табандап тұрып алсақ, әкiмдiк ешқайда бара алмайды. Айтқанымызды орындайды.

– Депутат ретiнде өзiңiз қандай көкейкестi мәселе көтерiп жүрсiз?

– Шымкенттiң бас жоспары бекiтiлу үстiнде. Ендi бiзге шаһар аумағында құрылыс салу ережесi ауадай қажет. Сондықтан түнеугүнi осы ереженi жасап, жақында тұрақты комиссияның отырысында талқыладық. Мұны ендi сессияның күн тәртiбiне шығарамыз. Мұндай ереже бiздiң қалада бұған дейiн мүлде болмаған.

– Сайлаушыларыңызға берген уәдеңiздiң әзiрге қанша пайызын орындадыңыз? Мұны сұрап отырған себебiм, кейбiр депутаттардың сөзiне сенсек, сайлауалды бағдарламаларын қаттап-шоттап, пайызбен өлшеп, кәдiмгiдей еңсерiп тастаған көрiнедi.

– Депутаттардың «Мен өзiмнiң сайлауалды бағдарламамды толық орындап қойдым. Ендi халықпен шаруам жоқ…» деп мақтануы дұрыс емес. Егер арзан ұпай жинағым келсе, мен жеңiл-желпi бағдарлама әзiрлеп, оны 1 айда-ақ орындар едiм. Менiң ойымша, депутаттыққа 5 жыл мерзiмге сайландыңыз ба, 5 жыл бойы тынбай тер төгуiңiз керек. Өйткенi өмiр болған соң, проблема ешқашан таусылмайды. Мәселен, ана жерде бiр үйдi су шайып кеттi делiк. «Ол менiң бағдарламама кiрмеген» деп жалтара алмайсыз. Сондықтан мен атқарған жұмысымды пайызбен өлшемеймiн.

– Көкжиекке әркiм өз биiгiнен көз тiгедi. Сiздiң көзқарасыңыз бойынша Шымкент қаласының әкiмi Қайрат Молдасейiтов қандай азамат?

– Кәсiпкерлiк қырынан алсам, Қайрат Молдасейiтов – аяққа нық тұрған азамат. Жай ғана мысал. «Отау-строй» деп аталатын құрылыс компаниясы Қонаев гүлзарының бойындағы көпқабатты зәулiм үйлердi тұрғызды. Яғни ол өзiн бизнес әлемiнде мойындатты. Ал, мемлекеттiк қызметтегi тәжiрибесi Түркiстан қаласын басқарудан басталғанын бiлемiз. Шымкенттiң әкiмi болып тағайындалғанына көп болған жоқ. Сол себептi оның жұмысының сапасы туралы пәлен-түген деп айта алмаймын. Жалпы, қаланың проблемасы жеткiлiктi. Молдасейiтовтiң жұмысының нәтижесiн таразылау үшiн уақыт керек. Қаланың қыр-сырына қанығу үшiн 3 ай аздық етедi деп ойлаймын. Оның үстiне сенiм бiлдiрген кадрлары ауыс-түйiс жасап жатыр. Адам ресурсы әрқашан бiрiншi орында тұрады. Сондықтан Қайрекең ең алдымен командасын мықтылап алуы керек. Сенiмдi командамен кез келген жұмысты атқаруға болады. Өйткенi қалада күрмеуi тоқсан түйткiлдер өте көп. Мысалы, ирригация жүйесi шаһарда жоқтың қасы. Бұл мәселенi бұрыннан көтерiп келе жатырмын. Ирригация болмаса, ертеңгi күнi оның орасан зардабын тартамыз. Бұл – бiр. Екiншiден, қоқыс өңдейтiн зауыт салудың машақаты бiтпей тұр. Қаладағы ескi қоқысхананы жауып тастадық, ендi қалдықтарды қайда апарарымызды бiлмей далмыз. Үшiншiден, қала қанатын кеңге жаюда. «Нұрсәт» ықшамауданы жақтан ауқымды жобалар бойынша iрi құрылыс жұмыстары жүргiзiлмекшi. Соған сәйкес су арнасы мен кәрiз жүйелерiн де ретке келтiрмесек болмайды. Оған қоса жылу маусымына дайындалуымыз керек. Кеше әкiм 6 айдың есебiн тапсырғанда, облыс басшысы осыған ерекше мән берудi жүктедi. Егер «3-Жылуэнергоорталықтың» 51 пайыз акциясы қала әкiмдiгiнiң қолында болғанда, алаңдамауға болар едi. Бiрақ 24-ақ пайыз бұйырды. Негiзi, «ТЭЦ-3» толығымен қала әкiмдiгiнiң меншiгiнде болуы тиiс. Айтқан жерден аулақ, егер қыстыгүнi жылу жүйесi iстен шығып, тұрғындар бүрсең қақса, 24 пайызға қарамастан, ең алдымен таяқ қала әкiмдiгi мен мәслихат депутаттарына тиедi. Өкiнiшке қарай, бiздiң қолымызда әлгi мекеменi басқаратын ешбiр тетiк жоқ. Ауызсу мен электр энергиясы бойынша да осындай көрiнiс. Сондай-ақ «ЛТД Тұрмысқа» жаңа басшы тағайындалды. Әйел баласы. Ол жұмысты игерiп кете ала ма? Ойланатын жайт. Мәслихаттың соңғы сессиясында қаладағы бiлiм саласының жай-күйi талқыланды. Биылғы ҰБТ-ның нәтижесi де Шымкенттiң бiлiм бөлiмiнiң жұмыс сапасын айқындап бердi…

– «Бiлiм бөлiмiне жаңа бастық тағайындалады екен» дегендi құлағымыз шалып жүр. Хабардарсыз ба?

– Шынын айтайын, оны бiлмедiм. Бiлiм бөлiмiнiң бастығы ауысса да, ауыспаса да, менiң бiлетiнiм бiр-ақ нәрсе: барлық салаға iскер, сауатты мамандар керек.

– Қайрат Молдасейiтов тағайындалысымен өзiнiң 2 орынбасарын жаңартты. Алайда Ғалымжан Сәметов 3 айдан әрiге ұзамады, ол кетiп, орынбасарлық қызметке басқа азамат бекiтiлiп отыр. Неге кадр тұрақтамай жатыр?

– Қала әкiмiнiң кадрлық саясатына депутаттар араласпайды. Кiмдi қай қызметке қоятынына заң бойынша бiз кiрiсе алмаймыз.

– Онда сұрақты басқаша қояйын. Қ.Молдасейiтовтiң кадрлық саясатына көзқарасыңыз қандай?

– Менiң ойымша, Қ.Молдасейiтов кадр таңдағанда, нағыз өз iсiнiң шеберлерiне басымдық берiп, iскер және қаланы бiлетiн адамдарды ғана қызметке қоюы керек. Сонда ғана қаланың тасы өрге домалайды.

– Шымкенттiң бұрынғы әкiмi Арман Жетпiсбаевтың жұмысын қалай бағалайсыз? Мәслихаттың төртiншi шақырылымында және қазiргi шақырылымның басында қоян-қолтық еңбек еттiңiздер…

– Арман шама-шарқынша бiраз тiрлiктердi атқарды. Қателескен кездерi де жоқ емес. Бiрақ «Жұмыс iстемеген адам ғана қателеспейдi» дейдi ғой. Мысалы, нешеме жылдан берi бизнеспен шұғылданып жүрмiз. Қателесу бiзге де тән. Онсыз алға жылжу болмайды, жұмыс жүрмейдi.

– Сiз басқарып отырған мекеменiң соттасып жатқанын естiп едiк. Соңы немен тынды?

– Бiздiң соттасуымыз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзитттiк дәлiзiне қатысты болды. Аталмыш жобаны 3 банк несиемен қаржыландыруда. Солардың бағдарлама жетекшiсi келiп, сот процесiнiң басы-қасында жүрiп, көп жайтқа көз жеткiздi. Сот бiздiң пайдамызға шешiм шығарып, кiнәсiз деп тапты. Прокуратура дұрыс бағыт-бағдар бермеген соң, бiреуге күйе жағамын десеңiз, түк те қиын емес екен. Бiрқатар басылымдар шулай жазды мен туралы. Алайда артынша соттың шешiмiн бәрiне таратып бергеннен кейiн ақтап жазды.

– Досыңыз көп пе, әлде дұшпаныңыз ба?

– Бизнесте жүргендiктен, дұшпан мiндеттi түрде болады. Әрi депутатпын. Сiз жетiстiкке жетiп, биiкке көтерiлген сайын айналаңыздан көреалмаушылық, iштарлық дегендермен ұшыраса бересiз. Ал, дұшпан керек емес десеңiз, бизнестен қол үзу қажет мүлде. Қатардағы жұмысшы болсаңыз, сiзге ешкiм дұшпан болмайды. Бiрақ мен дұшпандарымнан қорықпаймын. Себебi еңбегiм адал, таза жұмыс iстеп жатырмын. Құдайға шүкiр, сырымды сенiп айтатын, талай сынақтан өткен достарым да жанымда жүр. Жеткiлiктi. Достарымды санамаймын.

– Отбасыңыз туралы бiлсек.

– 1991 жылы шаңырақ көтердiм. Жұбайым да кәсiпкерлiкпен айналысады. Мейрамханасы бар. Құдайға шүкiр, үш ұл, бiр қызымыз бар. Перзенттерiмнiң мiнез-құлқын, ой-өрiсiн, қай салаға икемi бар екенiн өзiм үнемi бақылап жүремiн. Мәселен, үлкен ұлым мектеппен қош айтысып, жоғары оқу орнына түсерде мамандардың қатысуымен арнайы тестiлеуден өткiздiрдiм. Сынақтың бұл түрiн мен Мәскеуде оқып жүргенде бiлдiм. Ол арқылы баланың талабын 70  пайыз нақтылықпен анықтауға болады. Үш сағат бойына зерттеу жүргiздi: тест тапсырды, түрлi тапсырмалар берiлдi, тiптi, тамырынан қан алып, сараптады. Құпия жүргiзiлген тесттiң қорытындысы баламның мамандық таңдаудағы өз жүрек қалауымен сәйкес шықты. Қазiргi таңда ұлым шетелде қаржы саласы бойынша бiлiм алуда. Менiң ойымша, перзентiнiң мамандық таңдауына ата-анасы үлкен жауапкершiлiкпен қарауы тиiс. Өз кәсiбiн сүйген адам ғана қоғамға пайда әкеледi. Тұңғышымыздан кейiнгi екеуi – мектеп қабырғасында, ал, кенжемiз – балабақшада.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

Сiз не дейсiз?

 

Құдайберген ЕРЖАН, Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы:

– Жасым 50-ден асып қалды, жастайымнан еңбекке араластым, ревизор болып жұмыс iстедiм. Сонда бойыма сiңiрген бiр қасиетiм, кез келген адамды алғаш рет көрiп, ол жайлы көкейге түйген пiкiрiм алдаған емес. Сол iспеттi Ғани Ташқараевты жақыннан берi тани бастадым. Қазақ «Жүзi жылыдан түңiлме» дейдi ғой. Көз жанарына қарап-ақ жүрегi таза жiгiт екенiн аңғардым. Бiлiмдi азамат, Мәскеуде оқыған, ғылыммен айналысады. Бизнес саласында да өз орны бар. Көзге көрiнiп жүр. Өкiнiшке қарай, бiзде бiреудiң сөзiне ерiп, жап-жақсы жiгiттердiң сыртынан терiс әңгiме айту жиiлеп барады. Менiңше, мұның бәрi бақталастықтан туындайды. «Болар елдiң балалары бiрiн-бiрi батыр десе» ғана ел боламыз, тiзгiнiмiздi мықтап ұстаймыз. Оның үстiне «Тектен нәр алған тозбайды» демекшi, әкесi Әбдiғани өндiрiс саласында тер төктi, халыққа қызмет еттi. Сондықтан елдiң аузындағы азаматтың ұрпағы да тектiлiгiн сақтап жүр деп ойлаймын.

 

 

 

 

Сiз не дейсiз?

 

Қайыпбек ҚАМБАРОВ, Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты:

– Ғани Әбдiғаниұлын жас кезiмнен танимын. Бiр ауылда өстiк. Қазақтың беткеұстар азаматтарының бiрi. Бизнес саласында қыруар iс тындырып жүр. «Мұнай Инвестмент Груп» деп аталатын iрi компанияны басқарады. Компания облысты мұнай өнiмдерiмен қамтамасыз етiп отыр. Жеке азамат ретiнде өзiндiк ой-көзқарасы қалыптасқан. Халыққа жақын жүредi. Осы тұрғыдан алғанда, Ғани бауырымның Шымкент қалалық мәслихатына депутат болып сайланғаны өте орынды деп ойлаймын. Ылғи ғылыми iзденiсте жүредi. Оқу-тоқудан жалыққан емес. Бiр басында бiрнеше мамандығы бар. Мәскеуде бiлiм алды. Келешегi бар азамат. Тiптi, стратег деп те баға берер едiм. Осындай жiгiттердiң арамызда жүргенiне қуануымыз керек.

 

 

 

 

 

Сiз не дейсiз?

Нұрлан ОРЫНБАЕВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

– Ғани Ташқараевты Шымкент қалалық мәслихатындағы жемiстi еңбек етiп жүрген депутат деп есептеймiн. Өткен шақырылымда да электораттың сенiмiне ие болған екен. Бұл жолы да халық оған қателеспей дауыс бердi деп ойлаймын. Жұртшылыққа жасаған жақсылығы көп. Өте белсендi. Депутаттық мандаттың жауапкершiлiгiн терең түсiнедi. Сайлаушыларымен тығыз байланыс орнатқан. Жалпы, Ғанекең тың идеяларға бай. Жаңашыл. Үнемi iзденiсте жүредi. Қолға алған iсiн соңына дейiн жеткiзу жолында аянып қалмайды. Мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстары мен сессияларында да өзектi мәселелердi көтерумен өзгелерден ерекшеленiп тұрады. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» демекшi, кәсiпкер ретiнде мен оны өз бизнесiн үлкен қарқынмен дамытып жатқан азамат екенiн бiлемiн. Қайырымдылық жасауды да ұмытпайды.