РЕДАКТОРЛЫҚҚА ӘРКIМНIҢ-АҚ БАР ТАЛАСЫ…

383
10

 «Оңтүстiк Қазақстан» қоғамдық-саяси газетiнiң директор-бас редакторы Бейсенбай Тәжiбаев өткен аптада қызметiнен кеттi. Әрине, тiзгiндi аз ұстаған жоқ. Аталмыш басылымды соңғы онжылдықта басқарған азаматтардың iшiнде Иса Тасқұловтан кейiн ұзақтау тұрақтағаны осы Бейсенбай болды. Төрт жылға жуық уақыт. Бiрақ бұл ретте ең маңыздысы уақыт емес. Маңыздысы – бас редакторлықтың жүгiн қаншалықты арқалай алғандығында, қалың оқырманға қаншалықты сапалы дүние ұсына бiлгендiгiнде. Табалағанымыз емес, алайда Б.Тәжiбаев бас редакторлықтан түскенше сыннан көз ашпай-ақ қойды. Жарайды, «Халық айтса, қалып айтпайтыны» рас шығар. Негiзгi айтпағымыз бұл емес. Айтпағымыз – бiр ғасырға таяу тарихы бар басылымға ендi қандай азаматтың тағайындалатыны. Бұл жайды сөз еткенде бiз ешкiмнiң шотын шауып, сойылын соққалы отырғанымыз жоқ. Бар ойымыз – «Оңтүстiк Қазақстанға» қақ-соқпен шаруасы жоқ, ешқандай топтар мен кландардың ықпалы мен сөзiне ермейтiн, өз пiкiрi мен өз ұстанымы бар, тек мемлекет басшысы мен облыс әкiмiнiң саясатын сауатты жүргiзетiн кадр бұйырса» деген ниет.

Дәл қазiр Оңтүстiктегi журналистердiң арасында «Бас редактор болып «Оңтүстiкке» пәленше келедi екен, түгенше келедi екен…» деген болжамдардың көрiгi қызып тұр. Үмiткерлердiң iшiнде кiм жоқ дейсiз?! «Несiн айтасыз, қарашаңырақ басылымға «Егемен Қазақстан» газетiнiң ОҚО бойынша жаңа меншiктi тiлшiсi Оралхан Дәуiт барады» дедi ә дегеннен көпшiлiк. Iле-шала «Оның «шансы» жоқ. Елбасы саясатын ашық сынайтын оппозициялық басылымда жұмыс iстеген адамға мемлекеттiк басылымның тiзгiнiн ұстату саяси сауатсыздық болып шығады. Ол оппозициялық басылымда жай жұмыс iстеп қана қойған жоқ, өзi де сынаған-мiнеген материалдардың қаншауын жазды емес пе?!» деушiлер табылды. Екiншi жорамал «Оңтүстiк Қазақстанды» 2003-2006 жылдары басқарған Иса Омарға қатысты айтылуда. Исекеңдi әрiптестерiнiң көпшiлiгi кәсiпкерлiктi меңгерген, қаржылы жiгiт деп есептейдi. Сәуегейлердiң аузында белгiлi жазушы, шежiрешi, аса тәжiрибелi журналист, кезiнде «Жыл жазушысы» номинациясына ие болған Момбек Әбдiәкiмұлы, кезiнде облыстық телевидениенi басқарған Қалыбек Атжан, «Жаңа Қазақстан» газетiнiң бас редакторы Анар Аспан, «Орда-kz» газетiнiң бас редакторы Абай Балажан, тәжiрибелi журналист Серiкбай Сапаров, «Дөңгеленген дүние» газетiнiң бас редакторы Талғат Ормановтардың да есiмдерi жүр. «Бұл жолы жергiлiктi емес, сырт кадрларға басымдық берiлмек. Бас редактор Астанадан шақырылады-мыс» дейдi тағы бiр тарап.

Әйткенмен соңғы күндерi «Оңтүстiк Қазақстан» газетi бас редакторының орынбасары Асхан Майлыбаева туралы жорамалдар жиi-жиi айтыла бастады. «Естiген құлақта жазық жоқ», жауырыншылардың сөзiне сенсек, Асхан ханым бас редакторлыққа қол жеткiзу үшiн иiсi қазаққа мәшһүр ақындар Фариза Оңғарсынова мен Әселхан Қалыбекованы облыс әкiмiне салыпты-мыс… «Бұйырған кетпес, қуған жетпес», егер бұйырып жатса, «құтты болсыннан» басқа айтарымыз жоқ. Қалай болғанда да, Асекең – кәсiби маман. Төрге ұмтылса, несi бар?! Алайда Оңтүстiктегi әрiптестерi Асекеңнiң төрге ұмтыламын деп бiр рет жұмыстан шығып кеткенiн де жақсы бiледi. Лездеменiң үстiнде бiр әрiптес келiншекпен төрге таласып, жаға жыртысқан дей ме, бiрдеңе… Кейiн, әйтеуiр, қайта қабылданды. Асхан апамыздың төрден де өрге шығуына тiлектеспiз.

Сонымен, «Оңтүстiк Қазақстан» газетi бас редакторының креслосы бос тұр. Жүгiрiп жүрген адамдарда есеп жоқ көрiнедi. Кiмнiң бағы жанса да, абырой тiлеймiз.

 Қыдыр ҚАЛИЕВ.