КҮЙЕУ БАЛАСЫН «КҮЙДIРIП» ЖIБЕРМЕК БОЛҒАН ЕНЕ

348
0

Хадишаның жасы 51-де. Жалғыз қызын күйеуге берiп, балалы-шағалы болғандарын қайтсiн, аралары жақсы болмай, екеуi екi бөлек тұрып жатқандары анау. Өз басын алып жүре алмай, қызы мен немерелерiн бағу оңайға түспедi. Шымкентте тұратын күйеубаласына хабар жiберсе де, тырс етiп жауап беруге жарамады. Қайтпек керек, қымбатшылықтың алқымынан алып тұрысы мынау, бiрiне тартса, бiрiне жетпей жатқан қу дүние! Түнiмен ойы он тарапқа шашыраған Хадиша таңертең  Сарыағаштан Шымкентке қарай шықты. Ойы күйеубаласы Мiрахметтi тауып алып, бала-шағасына еге болуын айту.

Шымкентке келген соң күйеубаласының тұрып жатқан пәтерiне соғады. Iздеген адамы жоқ боп шыққанда, аса саса қоймаған ашулы ене есебiн тауып, бөлменi ашып iшке кiредi. Иесiз бөлменi емiн-еркiн аралаған Хадиша комьпютер үстелiнiң астына жасырылған қомақты ақшаны байқап, көктен iздегенi жерден табылғандай қуансын кеп. Санап жiберсе, 1.200.000 теңге және 2200 АҚШ доллары, барлығы – 1.525.072 теңге! Мұншама мол олжаға кенелемiн деп ойламаған Хадиша ендi iзiн жасыруды көздейдi. Ол үшiн бөлмеге от қою керек деп шешкен Хадиша бұл жоспарын да жүзеге асырып, сытылып шығып кетпекке әрекеттендi. Оңбай қателескенiн бiлмеген ол шын мәнiсiнде күйеубаласының емес, өзге бiреудiң дүниесiн ұрлап, Дәуреннiң бөлмесiн өртегенiн сезбедi.

Әйтсе де, суыққолды ене сыртқа шығып үлгере алмады. Көп қабатты үйден шыға берiсте нақты айғақты заттарымен құқық қорғау қызметкерлерiнiң қолына түскен Хадиша ендi ғана өзiне-өзi есеп берiп, өкiнiштен жылап жiбердi. Ұрлаған ақшасынан бөлек, жәбiрленушiнiң 248.500 теңгелiк мүлкiн өртеген ол күйеубаласын емес, өзге жанды «күйдiрiп» жiбердi. ҚР ҚК-нiң 24-бабы, 175-бабы 3-бөлiгiнiң «б» тармағы бойынша кiнәлi деп табылған Хадиша қамауға алынды.

Жақында ОҚО Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық соты осы қылмыстық iстi қарай келе, айыпкердi 3 жылға бас бостандығынан айыруға, тағайындалған жаза шартты деп саналып, оған 1 жыл 6 ай сынақ мерзiмi белгiлендi. Жәбiрленушiге келтiрiлген шығын толық өтелiп, өтелмеген бөлiгi айыпкерден өндiрiлуге үкiм шығарылды.

 Ш.БИЙСИМБИЕВА,

Әл-Фараби аудандық

сотының судьясы.