ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУҒА АСЫҒЫҢЫЗ!

341
1

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп жасындағы балалардың бiлiм ошағына түгел баруын қамтамасыз ететiн «Мектепке жол» республикалық акциясы биыл да жалғасын тапты. Ағымдағы жылы республикалық акция «Жақсылық жасауға асығыңыздар!» атты ұранмен өтуде. Тамыз айының 1-нен 30 қыркүйекке дейiн созылатын қайырымдылық iс-шарасына елiмiздiң түкпiр-түкпiрiндегi әрбiр азамат қатыса алады. Мұндағы мақсат – әлеуметтiк жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына, жетiм, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға шын ниетпен көмектесiп, әлеуметтiк себептерге байланысты мектептен жырақтап қалуынан сақтандыру.

Аталмыш акциядан Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрiгерi, Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Мәди Биғалиев те шет қалған жоқ. Осы аптаның сәрсенбiсiнде жүрегi мейiрiмге толы азамат Шымкент қаласы бойынша өзi сайланған №7 сайлау округiне қарасты 16 учаскеден тұл және жартылай жетiм, көпбалалы және әл-ауқаты нашар отбасылардың балалары қатарынан қалмай, алтын ұя табалдырығынан аттау үшiн, қамқорлық көрсетiп, қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Нақтырағы, 26 балаға мектепке қажеттi киiм-кешектер мен оқу құралдарын табыстап, оларды қуанышқа бөледi.

Денi сау һәм бақытты балалар – өмiрiмiздiң жалғасы, қоғамның гүлденуi мен дамуының негiзi. Мiне, осындай қағиданы ұстанатын М.Хожаұлы «Бiр кездерi бәрiмiз де оқыдық, мектепке бардық. «Оқу инемен құдық қазғандай» деп тегiн айтылмайды. Мен де үлкен шаңырақта өстiм, үйелмелi-сүйелмелi 7 бала едiк. Кеңес дәуiрi тұсында оқулықтардың тегiн берiлетiндiгiне, мектеп формаларының аса қымбат еместiгiне қарамастан, әлi есiмде, барлығымыз бiр мезетте мектепке барғанда, әке-шешемiз әжептәуiр қиналып қалатын. Сондықтан депутат болып сайланарда «Жұртшылыққа шамам келгенше жақсылық жасаймын, жәрдем беремiн» деп уәде еткенмiн. Бұл ретте ең әуелi балғындарға қол ұшын созуымыз тиiс. Тәуелсiз мемлекетiмiздiң келешегi жарқын болуы үшiн, жас ұрпақтың сапалы бiлiм алуына барынша жағдай туғызуымыз шарт. Ешбiр қиыншылыққа мойымаңдар! Қайырымдылық шаралары жалғыз мұнымен шектелмейдi, әрi қарай да жалғасады» дедi ағынан ақтарыла.

Абзал ағаның жомарттығына риза болған балалар орайы келгенде перiште көңiлден шыққан алғыстарын жаудырып жатты.

Шынында да, балаларға қамқорлық – баршаның iсi. Өйткенi сәби кезiнен жақсы тәрбие, сапалы бiлiм беру арқылы ғана бiз олардың отансүйгiш азамат, бiлiктi маман болып өсуiне ықпал етемiз. Ендеше, Сiз де қайырымдылық жасауға, iзгiлiк нұрын себуге асығыңыз!

 

Т.ЕСЕНБАЙҰЛЫ.