КҮН ТҰТЫЛҒАН МЕЗГIЛ

350
0

 (Бiрiншi кiтап)

ҚОЖАМЖАР БИ

Ақ көбiкке бөккен атын ойқастатып, осы кезде Бердiқожа жеттi бұл маңға. Келе сала, ол да сарбаздардың намысын оятатындай зор дауыспен үн қатты:

– Анадан асып туған ерлерiм менiң! Шапқан жауға қасқайып қарсы тұрыңдар! Қорқу, қобалжу болмасын ешкiмде! Қалмақ мылтығы бiр отар ғана. Мылтықтарын екiншi оқтағанша түн түседi. Оған дейiн ентелеген жұшпанды жайлап салыңдар. Әруақ, әруақ!

Қолбастаушы әруақты ұрандатса, қазақ бұғып қалмайды. Қойкелдi мен Қожамжардың ұранынан кейiн қамал төбесiндегi оқпана түбiне жасырынып, бiрауық әрекетсiз күйге түскен сарбаздар тура келiп, төмендегi қалмақтарға садақтармен оқ жаудырды. Тас лақтырғыш бозбалалар да батылданып, үюлi тастарға жармасты. Қарамайшылар бөшкелерiнiң бетiп ашып, майға от қоюға кiрiстi.

Әлгiндегi айқай-шу түс емес пе екен, азан-қазан шу мен тарсыл, дүниенi көшiрген айқай ендi басталды. Қамал маңы қым-қуыт майданға айналып, қазақтар да, қалмақтар да өлген, жараланған серiктерiне қарамай ұрысқа көштi. Қорған басындағы садақшылар шабуылдаушы ойраттардың алдыңғы шебiн жапырып түсiргенiмен арттағылары өлiктердi баса, алға өршелендi. Жәй ғана өршеленген жоқ, ұрандата жылжыды.  Жылжып келе жатып, садақтарымен биiктегi қазақтарды атып келедi.

Қалмақтар шаһар қорғанысындағы қазақ сарбаздарынан бес-алты есе мол. Алдыңғылары құлап жатқанымен кейiнгi саптағылары жерге жығылғандардың орнын басып, ненi болса да таптап, жапырып кететiн сеңдей, толқын-толқын топпен қамалға таяды. Қалқандарын беттерiне ұстаған бiр лек нөпiр, қазақтардың садақ атып, найза лақтырып, тас боратқанын елемей, қамал түбiне жеттi. Қалқандарымен беттерi мен денелерiн жаба алға  басқан екiншi саптағы лек, қамалға он бес – жиырма қабамдай қалғанда кiлт тоқтап, бiр сызық бойына қаз-қатар тұра қалысты. Осы лектiң iзiн алған садақшылар осы кезде жүрелей отырыса қап, әлгi қалқан ұстағандарды паналап, қорған төбесiндегi қазақтарды атуға кiрiстi.

Ысат қақпасының айнала қорғаныс шебi – екi жүз елу, үш жүз қадамдай. Яки, қамалдың осынша ұзына-бойғы тұсын қорғауды Қойкелдi Қожамжарға тапсырған. Ұрыс басталғалы берi осы шептiң ана шетi мен мына шетiне тынымсыз жүгiрiп, сарбаздарға басшылық жасап, дем берiп жүрген Қожамжар, Қалмақтардың мына қылығын көргенде жаудың есебiнiң күштi екенiн сездi. Қалқан ұстағандарды тасалап, садақ атушы дұшпандар қорған басындағы қазақтарды бас көтере алмайтындай ахуалға түсiрмек. Сөйтiп қамал түбiне жеткен алдыңғы шабуылдаушы лектiң сатыларымен жоғары оңай өрлеуiне жағдай туғызбақ.

Ұрыс барысы демде Қожамжар ойлағандай ыңғайға көштi. Саны мол жаудың сансыз садақшылары биiктегi қазақтарға жебенi қардай боратқанда, қорған үстiндегiлердiң бiр қатарының кеуде, бастарына оқ қадалып, төмен ұшты. Жебе тимегендерi дереу оқпана ығына бой тасалады. Тас лақтырушы бозбалалардың да қатары сетiнеп, ажалдан амандары бұғып, жасырынуға көштi.

Жауға да керегi осы екен, төмендегiлерi – дереу ұзын-ұзын сатыларын қамал дуалына тiредi. Қожамжар өзi тұрған тұстың жиегiнен сығалап, төмен қарады. Қорғанға қойылған сатыларда есеп жоқ. Мысықтай ептi дұшпандар бiрiнен соң бiрi баспалдаққа жармасып жоғары көтерiле бастады. Ұзақ қарауға шамасы болмады. Зуылдаған жебелердiң бiрiне iлiнiп қалуы кәдiк. Одан соң өздерiне қарай өрмелеген қалмаққа қарсы тойтарыс берудiң амалын қарастырмаса, күллi қазаққа зобалаң төнбек.

Орнынан атып тұрып, өзiне қарай ұшқан екi-үш жебенi қылышымен қағып-қағып тастады. Құлақ тұндырар дабырды өлең қылмай, тағы айқай салды:

– Бауырлар! Қалмақ қорғанға өрмеледi. Шығыңдар тасадан! Бұғып жатсақ, бәрiбiр жау бiздi тiрi қалдырмайды. Алысып өлейiк одан да. Қарамайшылар, жағыңдар қара майды. Сатымен өрлегендердiң үстiне от құйыңдар. Қане, қане, сарбаздар, дұшпанға оқ жаудырып, тас боратыңдар!

Анадай жерде өлген үш-төрт адамды паналап жатқан екi жiгiт ұшып тұрып, бөшкедегi майды тұтатты да, тура аяқ астыларында сатымен өрмелеген қалмақтардың үстiне құйып жiбердi. От шарпыған бес-алты жаудың жандауыстары шыға, төменге құлап түстi. Жiгiттер көздi ашып-жұмғанша екiншi сатыдағыларды да отқа орады. Бiр бозбала үлкен тасты әрең көтердi де, өз тұсындағы сатыдағылардың үстiне тастап кеп жiбердi. Сатыға жармасқан бес-алты ойратты бiр тастың өзi жерге  сыпырып түсiрдi. Басқа қарамайшылар да, тас лақтырғыштар да, садақ атушылар да қайтадан бас көтерiп, жауған жебелерге қарамай, қалмақ екпiнiн аз сәтте-ақ бәсеңдетiп қойды. Бiрақ шабуылдаушы жақта ғаскермен қатар сатылар да мол екен. Жанған, сынған сатылардың орнына бүтiндерiн қойып, қамал басына қайта өрмелестi

Жан алысып, жан берiскен шайқас сүт пiсiрiм уақытқа созылғанда жер бетiндегi төгiлген адам қанын көрiп тұруға, бақырған, өкiрген қазақ-қалмақтың дүниенi жарған дауыстарын есiте беруге шыдамады ма, күн ұясына қонды. Ымырт түстi… Ымыртқа дейiнгi қалмақтар шабуылын, қазақтар қорғанысын тоқтатпады. Тек айнала әбден қараңғылыққа оранған шақта ғана қалмақтардың кернейi тартылып, ғаскерi кейiн шегiндi.

– Ешқайсың от жақпаңдар!- деп дауыстады Қожамжар сарбаздарға. – Қазiр төменде қалмақтар қараңғылықты пайдаланып, жараланғандары мен өлiктерiн жинайды. Бiреу-мiреудi от жарығында байқап қалса, садақпен атып түсiредi.

Бие сауым мезгiлде өткен қиян-кескi ұрыстың ойранынан әбден қажыған қазақтар сырттағы қалмақ тынышталған соң тұрған жерлерiне тiзе бүгiп, отыра кетiскен. Бiреулер ойбайлаған, тәнiне батқан жарақаттан ыңқылдаған серiктерiне жұбату айтып, ем-дом көрсетуде. Бiреулер өлген қаруластарын бiр жерге жиып, бастарында үнсiз қайғырып отыр. Қожамжар жаңбырдай жауған жебелердiң арасымен ары-берi жүгiрiп тыным таппаса да, дiн аман. Бiрақ жүрегi жаралы, жаны қаяулы. Бағана ғана тiрi жүрген талай бауыры тап қазiр жоқ, әне, өлi денелерi әр-әр жерде қарайып, теңкиiп жатыр. Қаншасы дуалдың сыртына құлап, жаудың табан астында қалды. Қаншасы ауыр жарадар, қайта қатарға қосылуы екiталай. Осындай ауыртпалықтың бәрi оның жүрегiне ауыр салмақ салды, көңiлiн түсiрдi. Бұрын да бiр-екi рет майданды көрген. Бiрақ ол шайқастар ашық далада өткен едi, әрi өлген, жараланғандар да аз болған. Қазiргiнiң жайы тым бөлек. Бұрын, тiптi осы шайқас басталар алдында да еш ойламаған: қамал iшiнде, оқпана тасасында тұрған қолдың мұншасы қырыла қояды деп. Ендi қазiр аман қалған, жаралған сарбаздарға не айтарын таппай, өз шебiне қарасты қорған үстiнде ары-берi теңселiп жүр.

Бiр тұсқа келгенде тоқтап, қамал сыртына көз салды. Әлбетте, қараңғылықтан сыртқы ашық дала көрiнбейдi, қалмақтар көзге шалынбайды. Қапас түн бәрiн орап алған. Бiрақ сол қапастың iшiнде жау жатыр. Жау не iстеп, не қойып жатыр, беймәлiм, қараңғылық бәрiн таса еткен. Сол жаудың қандай пиғылда, нендей ойда, ертеңгi күнге не ойласып жатқаны – мына түн тау-тас пен ашық даланы адам көзiнен жасырғаны тәрiздi, дауыс жетер жердi көруге мұрша бермейтiнi тәрiздi жұмбақ. «Сол жау ертеңгi шабуылын кеш әлетiнде емес, таң азанымен бастаса, ол шабуылы дәл бүгiнгiдей болса, құдай бетiн аулық қылсын, шаһардағы қазақ кешке дейiн қорғанып бағар ма? Жау көп, бүгiн өлсе – мыңы өлген шығар. Әлi тоғыз мыңы бар. Ал бiздiң төрт мың сарбаздың қаншасы шейiт? Аз емес-ау. Әр шабуылда мұншамыз қирай берсе, бiр ай түгiлi он күн де шаһарды ұстап тұра алмайсыз… Айтпақшы, төрт күннен берi тыныш жатқан жау неге бүгiн тап кеш түсер алдында шабуыл жасай қалды?..»

Тура арт жағынан бiреудiң аһ ұра айқайлағаны Қожамжардың ойын бұзып жiбердi. Айқай шыққан жаққа бұрылып, екi-үш қадам жасады да төменге еңкейдi. Қараңғылықтан кiм екенi байқалмады,  қарауытқан сұлба ары-берi аунап, қиналып жатыр.

– Кiмсiң жiгiтiм? Жарақатың ауыр ма? —  дедi оған Қожамжар.

Анау ыңқылдай зорға үн қатты:

– Сатқын… ой, сатқын, менi де сатып кеттiң-ау…

– Кiмдi айтып жатырсың?

– Жүзтай. Ол арқанмен төменге түсiп кеттi. Ол – сатқын. Шаһарда Құлтай деген тағы бiреу бар. Сақ… сақ болыңдар. Мен…

Жаралы жiгiт ары қарай сөйлеуге тiлi жүрмей, қатты ышқынды да тым-тырыс қалды. Қожамжар оның қайтыс болғанын ұққанымен, не айтқанын һәм сөзiнiң астарын түсiнбедi. Еңкейiп бетiне үңiлiп едi, өзiне бейтаныс адам екенiн байқады.

Ұрыс кезiнде қорғаныс шебiнiң ана басы мен мына басына жүгiрiп жүргенде талай жараланған адамдардың өлер алдында тiлдерi күрмеле, әлдене жайында сандырақтап жатқанын көрген. Шайқас қызып тұрғанда ондайлардың не айтқандарына құлақ салмайтын. Тап қазiр өмiрден кетiп бара жатқандар көңiлдерiндегi соңғы арманын, соңғы сөзiн айтып қалуға тырысатындарын iшкi түйсiгiмен сездi. Осы түйсiк Қожамжарға жаңағы адамның тегiн жан еместiгiн ұқтырғандай едi. Бiрақ оның айтқанының сырын талдап, мәнiсiнiң тереңiне ой жiберуге мұршасы болмады. Бiреудiң алыстан өзiнiң атын атап шақырғаны құлағын елең еткiзiп, дауыс естiлген тұсқа адым басты.

– Әй, мен мұндамын. Қайсың менi iздеген?

Түстiк жақтан әлдеқандай сарбаз алқынып жеттi:

– Қожамжар, сенi төменде Қойкелдi батыр шақырып тұр. «Тез келсiн» дейдi. Қасында шаһар  ұлығы Төле мен бiраз даруғалар бар.

Екеуi қақпа үстiндегi баспалдақпен пәске түстi. Алаңқайда бiрнеше атты тұр. Алдында ақбоз атты Төле, оң жағында Қойкелдi.

– Ахуал нешiк? – деп сұрады Төле би.

– Ауыр. Қанша сарбаздың өлi, қаншасының жаралы екенiн түн болғасын санамалай алмадық. Жау шабуылы ерен болды. Түн түспегенде жағдайымыз тым қиындап…

– Шайқастың iрiлi-ұсағы, оңайы-жеңiлi болмайды. Ақыры Қойкелдi сенi осы қақпаға жауапкер қойыпты, ендi шейiт кеткендердi бiр жерге жинастырыңдар. Жаралыларға көмек көрсетiңдер. Аман қалған сарбаздардың жартысы осыны орындасын, жартысы қорған үстiндегi бақылауды күшейтсiн. Құба қалмақтың түнде шабуыл жасамасына кiм кепiл. Ешкiм ұйықтаушы болмасын.

Төле осылай бұйырды да басқа қақпаларға бет алды. Сiрә, барлық тұстағы ахуалды көзiмен көрiп, сарбаздардың түнде  қапы қалмауын бақылап жүр-ау.

Бұл уақытта Қожамжар шебiне тақау орналасқан пәс, тоқал тамдардың арасындағы екi жiгiт бiр-бiрiне ашуланып, өкпе-наз айтып тұрған.

– Жүзтайға неге қалмақтарға бар дедiң. Не хабар алып кеттi ол? Мыналардың түнде қандай харекет жасайтынын, ертеңгi күнге қандай жоспар құратынын бiлiп алған соң ғана баруы керек едi,- дедi орта бойлы, төртпақ денелiсi.

Тұрпаты пәкене, арық серiгi оған шаптыға сөйледi:

– Не мыжып тұрсың, Құлтай?! Бағана ғана ұрыс бiткен соң Жүзтайды қорғаннан асырып жiбер деген өзiң емес пе едiң. Қанша қазақтың қырғынын нақты бiлмесек те, бiр ұрыстың өзiнде бұлардың қалай шәт-шәлекейлерi шыққанын, мылтықтың даусынан жандары қалмай шошынып, кейбiреулерiнiң жүректерi жарылып өлгенiн Сары Мәнжiге айт деп жiбердiм оны. Сырттағы жақтастарымыз ертең ештеңеден қаймықпай батылдана шабуылдай берсiн деген ниетпен жiбердiм Жүзтайды.

– Ал ол бiр өзi кеттi ме?

– Жанындағы Арыстан қазақтарға бүйрегi бұратын жан болып шықты. Қамалдан асарда «жұртымды сатудың ұят екенiн ендi бiлiп тұрмын. Бармаймын қалмақтарыңа» деген соң қорған үстiнде пышақтап, Жүзтайды асырып жiбердiм.

– Арыстан өлдi ме?

– Өлген шығар. — Пәкене бойлы күмәндана сөйледi. – Иә, ондай жарақаттан ешкiм тiрi қалмайды. Тағы бiр-екi рет пышақтайын деп едiм, ар жақтан бiреу келiп қалды. Қашып кеттiм.

Момбек ӘБДӘКIМҰЛЫ