БІЛІМГЕ ӘРКІМНІҢ-АҚ БАР ТАЛАСЫ

416
1

Мақтарал десе, жұрттың көз алдына аппақ болып үлбіреген мақта талшағы елестейтіні бар. Осынау әлемге танымал шикізатты өндірудің әлегі кешегі кеңестік дәуірде бүткіл облыс, тіпті республика халқына әсер ететін. Әсіресе, жергілікті оқушылар қара күзге дейін мақта теріміне тартылып, оқу жылының алғашқы екі тоқсанында жарытып сабақ өткізілмейтін. Осындай қиын жағдайда-ақ сапалы білім алып, белгілі бір мамандықты игеріп шыққандарға таңданбасқа амалың жоқ. Бүгінгі күн өлшемімен қарағанда шынында олардыкі ерлікпен пара-пар іс екен-ау дейсің.

 Кезінде оқушы, студент, мұғалім болып та мақта терген қазақтың қарадомалақ бір баласы қазір Мақтарал аудандық білім бөлімін басқаруда.
Бұл – Бапаев Қуатбек Өжетұлы. Оның қызметтік өсу баспалдақтары өзгелерге ұқсай бермейді. Алдымен қатардағы мұғалім, мектеп директорының орынбасары, аудандық білім бөлімінің инспекторы, бөлім бастығының орынбасары, білім бөлімінің бастығы болды. Жиырма бес жылға созылып жатқан өмір сатысының біз көрсеткен баспалдақтарының алғашқы үш табалдырығында жоғарыда еске салған білім саласы үшін қиын болған жылдарды еске ала отырып, бүгінгі күндері ауданда білім саласында атқарылып жатқан игі істер туралы әңгімелеп берді. Біз оның ойларын көзі қарақты, ойлы оқырманға жеткізуді ниет еттік.
Кешегі кеңестік кезеңде ғылым, білім, әсіресе, жалпы мектептегі оқу-тәрбие ісі халық алдындағы өзінің қасиетті міндеттерін толық атқара алмады. Басқару саясаты барысында шаруашылық істері тасасында, түрлі жоспарлар көлеңкесінде қалып қоя беретін еді. Экономиканы мектептерді дамытуға емес, керісінше, мектептерді экономиканы дамытуға пайдаланды. Ал, еліміз Тәуелсіздік алған соң жағдай күрт өзгерді. Бүгінде мемлекет бұл салаға үлкен қамқорлық жасап отыр.
Қазақ елінің Тәуелсіздігінің негізін қалаушы, елдің әлеуметтік-саяси өмірінің кез келген саласының қайта құрылып, әлемдік өлшемдерге теңесуін іске асырушы Н.Ә.Назарбаевты бұл күнде бүкіл әлем мойындап отыр.
Осы орайда Қазақстанда халыққа білім беру саласы да тәуелсіздік жылдары терең де түбегейлі өзгерістерге ұшырағанын айтпасқа болмайды. Мұның өзі Елбасымыздың көреген саясатының нәтижесінде болып отырған жайт. Жақында, яғни 1 желтоқсанда еліміз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күнін атап өтеді. Мемлекеттік мерекенің мән-мағынасын түсініп, терең сезіне отырып, аудандағы білім саласының жетістіктерін рет-ретімен баяндар болсақ, алдымен мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мәселесі тілге оралады.

БАРЛЫҚ БАЛА БАҚШАҒА БАРАДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2010 жылғы халыққа Жолдауында балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету мәселесі өткір қойылды. Осы жылы, көп ұзамай, 28 мамырда Үкімет өзінің арнайы қаулысымен 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасын бекітті.
2014 жылдың соңына қарай елімізде бұл мәселеге түпкілікті шешімін тауып, балалар толық балабақшамен қамтылуы тиіс.
2010 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік коммуналдық қазыналық 29 балабақша, мектеп жанындағы 4 шағын орталықтар болды. Оларда 2775 бала қамтылған болатын. Сонан бері білім беру бөлімі мемлекеттік ресми құжаттарға сүйене отырып, әрекет етті. Жеке кәсіпкерлермен жұмысты дұрыс арнаға бұра білді.
Мемлекеттік –жекеменшік негізде балабақша ашуға өтініш білдірушілер саны уақыт өткен сайын арта түсті. Олардың өтініштері «Балапан» бағдарламасы бойынша аудандық комиссияның отырысында қаралып, өмірге жолдама алып отырды.
Жалпы 2012 жылдың қазан айының қорытындысы бойынша, мемлекеттік коммуналдық қазынаның 31 балабақшада 3405, ал осы жылдары жаңадан ашылған «мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі» негіздегі 83 балабақшада 6590, мектеп жанындағы 104 мектепке дейінгі шағын орталықта 3352, барлығы 13347 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып отыр. Бұл 3-6 жас аралығындағы балаларды қамтудың 60 пайызын құрайды. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған осы балалардың 2297-і 1-2 жастағылар, ал «Балапан» бағдарламасының талабына сәйкес 3-6 жас бойынша қамту пайызы қалған 11050 баладан алынды. Жалпы, осындай ырғақпен талмай еңбектене беретін болсақ, 2014 жылға қарай ауданда барлық бала түгел балабақша тәрбиесімен қамтылатын болады, — деп бір түйіндеді Қуатбек Өжетұлы.

МЕКТЕПТЕР ТИПТІК ЖОБАҒА КӨШЕДІ

Аталмыш ауданда 121 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Биыл қыркүйекте дарынды балаларға арналған мектеп ашылды, сөйтіп барлығы 122 мектепте 66 мың оқушы білім нәрімен сусындап отыр. Осынша балаға 7000 оқытушы сабақ беруде.
Мұндай көрсеткіш аудандармен емес, облыстармен салыстыруға тұрарлық жайт. Олай болса, білім саласына тартылған осыншама жанға жасалып отырған материалдық база туралы айтсақ. Бүгінгі таңда 72 мектеп типтік жобадағы ғимараттарда оқиды, жаңа жылға дейін тағы 2 мектеп пайдалануға беріледі, 6 мектептің құрылысы жүріп жатыр. 7 мектептің құрылысы 2013 жылы басталғалы тұр, сонда келер жылдың соңына 87 мектеп типтік негіздегі ғимараттарда оқитын болады. Сөйтіп, оқушыларды типтік ғимаратпен қамту 71,3 пайызды құрайтын болады. Бұл облыстағы ең жақсы көрсеткіштердің бірі болмақ. Таяудағы жылдары барлық мектептерді типтік жайларға көшіру көзделіп отыр.

БІЛІМ САЙЫСЫНДАҒЫ БӘЙГЕЛЕР

Өткен ғасырдың басында Тәуелсіздігіміз үшін күрестің басында болған «Алаш» қозғалысының белгілі қайраткері, педагог-ағартушы Ахмет Байтұрсынов олимпиада сөзін білім сайысы деп аударып, осылай қолданған екен. Ұлы ағартушының тұжырымына қосып алар ештеңе жоқ, тек ұлттық ұғыммен жымдастырып, дөп басқанына риза боласың.
Шынында, қай кезде де мектептің өндірер өнімі білім болған ғой. Білімнің салмағы мен сапасы көбіне-көп түрлі деңгейдегі конкурстар, олимпиадалар, байқауларда белгілі болып жатады. Әрине, бәрі мемлекеттік деңгейдегі Ұлттық бірыңғай тест сынағында айқындалады.
Осы орайда, аяқталған 2011-2012 оқу жылындағы оқушылар арасында өткен Халықаралық ойын байқауында 19 оқушымыз жеңімпаз атанғанын атап өтуге тиіспіз. Ал Республикалық конкурстардың жеңімпаздарының саны – 12, Республикалық интеллектуалды ойын сайысының жеңімпаздарының саны – 5, облыс деңгейіндегі жеңімпаздар – 92. Олардың ішінде, бас жүлде – 3, бірінші орын – 20, екінші орын – 31, үшінші орын – 38. Бұдан бөлек, 28 оқушы алғыс хатпен, бір оқушы «Үздік плакаттар лауреаты», бір оқушы облыс әкімінің «Ең үздік оқушы» номинациясымен және «Табысты жас қазақстандық» сыйлығының иегері атанды.
Мұғалімдер арасында республикалық байқау жеңімпаздарының саны – 9, облыс деңгейіндегі жеңімпаздар саны – 63, оның төртеуі бірінші орын, тоғызы екініші орын, он бірі үшінші орын иеленді. 47 мұғалім алғыс хаттармен марапатталады. Біз келтірген осы мәліметтердің астарында ұстаздар мен шәкірттердің қаншама тер төккен ой еңбектері мен шығармашылық ізденістері жатыр.
Олардың аталған табыстарға жетуіне толық мүмкіндік жасалғанын сезінесің, ал осы мүмкіндіктер Тәуелсіздігіміздің арқасында жасалуда, білім саласындағы Елбасымыздың халықаралық өлшемдерге негізделген дұрыс та сарабдал саясаты бізді осындай табыстарға алып келіп отыр.

БАСТЫҚТЫҢ КӨЗҚАРАСЫ МЕН ҰСТАНЫМДАРЫ ТАБЫСҚА ТІКЕЛЕй ӘСЕР ЕТЕДІ

Бастықтың осы әңгімелерінен кейін-ақ біз оның өмірге көзқарасы мен қызметтегі ұстанымдарын аңғара бастадық.
Кісінің өмірге көзқарасын болып жатқан оқиғаларға берген бағасынан аңғарсақ, ал атқарып отырған жұмсындағы іс-әрекеттеріне қарап, ұстанымдарын байқайсың. Осыдан кейін әңгіме ауанын ҰБТ туралы, ондағы жетістіктерге қарай аудардық.
Мемлекеттің бізге жасап отырған жағдайларын атап өттік. Кейбір жетістіктерімізге тоқталдық. Басқасын былай қойып, соңғы оқу жылындағы ҰБТ нәтижелері бойынша біз облыста тоғызыншы орынды иелендік. Әрине, бұл біз үшін жетістік емес. Біздегі мүмкіндіктер мұнан көп жоғары көрсеткіштерге жетуді міндеттейді. Олай болса, не кедергі болып отыр деген сұрау өзінен-өзі туындайды.
Бәрі көзқарасқа, ниетке байланысты екен. Әлі көп кісілер ҰБТ туралы сан-саққа жүгіртіп әңгіме айтуға әуес. Мемлекет, яғни Ғылым және білім министрлігі жыл сайын түрлі тетіктер тауып, тәртіпті қатайтып, «болтты бұраған» сайын білімі таяздар шулап қоя береді.
Ал енді ҰБТ талаптарын дұрыс деп тауып, онымен жұмыс істеуді шығармашылық жолға қойғандарда жағдай басқаша. Мәселең, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияны Өмірхан Қозыбақ ұзақ жылдардан бері басқарады. Ол кісі үшін тест сынақтарымен жұмыс істеу – жан дүниесінің қажеттілігіндей болып кеткен. Мектепалды дайындық топтарынан бастап, барлық сыныптарда тест сынағы бірінші орында тұрады. Тіпті, мұғалімдер де әр оқу жылында өз пәндері бойынша тест тапсырып, деңгейлерін байқап, өз кемшіліктерін жетілдіріп отырады. Директор жоғары сынып оқушыларының сабақтарына үнемі қатысып тұрады. Оларды кесте бойынша жүйелі түрде өзі қабылдап, ақыл-кеңестер беріп отырады. Осындай ауқымдағы жұмыс өз нәтижесін беріп отыр. Бірнеше рет Республикалық үздік он мектептің құрамына енді. Соңғы жыл қорытындысы бойынша орта балл көрсеткіші 102,14 болып ауданда бірінші орынға шықты. Жыл сайын «Алтын белгі» мен үздік аттестатты көп алатын да осылар. Өмекеңнің 2012 жыл қорытындысы бойынша облыстың «Ең үздік мектеп директоры» атанып отырғаны тектен-тек болмаса керек. Осындай нәтижелі жұмыстары мен табыстарын ескеріп, ол кісіні зейнет демалысына жібермей отырмыз.
Осы кісінің тәжірибесін зерделеп, зерттеп жүрген мектеп басшылары да баршылық. Олардың нәтижелері де көңіл қуантарлық.
М.Горький атындағы «Тұран» мектеп-гимназиялары тиісінше екінші, үшінші орындарды иеленді. Бір кездері қалалық, ауылдық мектептер деп бөлетін едік, олардың мүмкіндіктері де шынында әртүрлі болатын. Қазір жоғарыда айтқанымыздай, Тәуелсіздіктің арқасында бұл түсінік жойылып отыр. Ауылдық жерде-ақ орналасқан Мәметова, Молдағұлова атындағы орта мектептер тиісінше аудан бойынша төртінші, бесінші орындарды иеленіп, жалпы орта мектептер көшін бастап, қайсыбір мектеп гимназиялардан озып тұр.
Аталған екі мектеп типтік ғимараттарға тек соңғы жылдары ғана қол жеткізген, сөйтіп ел үмітін ақтап отырғаны қуантады.
Мынандай фактіге назар аударыңыз. Аудандағы 122 мектептің 58-інің халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі жеңімпаздары жоқ. Аталмыш мектептерде қаншама оқушы оқиды. Қаншама талантты мұғалімдер жұмыс істейді.
Осы топтағы мектептермен жұмысты дұрыс арнаға салып, ондағы кадрлардың шеберліктерін шыңдап, қатарға қосуға тырысамыз.
Табыс үшін шұғыл шараларға бара білу де өмір заңдылықтары ғой, тез өзгермелі заманда ондай қадамдарға да бару қажет болып жатады. Қалай да білім сапасын арттырып, саналы тәрбиені қалыптастыруға бар мүмкіндікті пайдаланатын боламыз, — деп Қуатбек өз әңгімесін аяқтады.
Бүгінгі мақаламыздың желісі бас кейіпкеріміз Қуатбектің әңгімесі негізінде жазылды. Аудандық білім бөлімінен алынған мәліметтермен салыстырылады.
Айтқанымыз-шындық, ұққанымыз-іске деген адалдық, сезгеніміз – туған жерге, елге, Елбасына деген ізгі ниетті сүйіспеншілік. Бала тәрбиесінің үлкен аудандық бөлімінің басында отырған, өмірін осы іске арнаған жігіт ағасы жасына жеткен Қуатбектің өзі де бұл күнде ата атанып үлгеріпті. Жұбайы Гүлжан екеуі бір ұл, үш қыз тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере сүйіп отырған бақытты отбасы иелері. «Ата» лауазымы оны балалар әлеміне тереңдете түсіпті. Отбасындағы ғана емес, бүкіл аудан мектептеріндегі бар баланы жүрегіне сыйғыза білетін қасиетке ие болыпты.
Қорыта айтқанда, оның міндеті мен қызметін теориялық тұрғыдан терең түсінетін, практикалық тұрғыда шебер орындай білетін білікті кадр екеніне көз жеткіздік.

Сайлау ҚҰЛЖАНОВ.